Посткеңестік Қазақстандағы түркі тілдер
  • Жоба жайлы
    • Жобаға қатысушылар
    • Байланыс
  • Түркі халықтары туралы
  • Басылым
  • Сауалнама толтыру
  • Нәтижелері
  • Галерея
  • Бұл қызықты
  • Орысша
  • Ағылшын

Хакастар

Қазақстанның хакас диаспорасы
Хакас тілі -  Хакасия Республиканың мемлекеттік тілі, Қазақстанда тұратын хакас диаспорасының  көне заманда кең тараған экзогендік тілі. Қазақстанның халық санағының нәтижесі бойынша хакас диаспорасы халқы санынының нәтижесі былайша көрсетілген:
1970 – 401
1979 – 475
1989 – 575
1999 – 355
2009 - 223
 [ҚР Статистика Агенсттігі, 2010]
Хакас этникалық тобының өкілдері Қазақстанға өз еркімен келген. Оның негізгі себептерінің бірі і ұлтаралық некелерге тұру болып табылады.
2016 жылдың 25 наурызы  Қазақстанда ресми түрде  хакас халқының мәдени күні деп белгіленген. Хакастардың «Тасхыл» Қоғамдық бірлестігінің Президенті   ҚР АМР мүшесі Топоев  Алексей Никанорович  болып табылады (хакас тіліндегі материалдарды http: //khakaschiry.ru/news/detail.php?ID=380 сілтемесінен қараңыз)
Фотография
«Қазақстандағы Хакас халқы Мәдениетінің күні Алматы, 25.03.16
Қазақстандық хакастар шашыраңқы өмір сүреді, сондықтан сауалнама екі респонденттен ғана алынды. Екі респонденттің жауабы бойынша сауалнаманың барлық сұрақтарына тұщымды жауап алу қиын, дегенмен күнделікті өмірде тілді қолдану және өз ана тілін (дәстүрлі) білу мәселесі бойынша жалпы мәлімет алуға болады.
Респонденттердің төлқұжаты мен өзіндік танымы бойынша ұлты сәйкес келеді. Күйеуінің ұлты - қазақ. Респонденттер Хакасияда дүниеге келген. Қазақстанда тұрып жатқан жерлері Ақмола және Шығыс Қазақстан облысы. Екі респондент те діни нанымы бойынша христиандар. Мектепте және техникумда (колледжде) орыс тілінде білім алған.
Жанұяда, жұмыста, қоғамдық орындарда орыс және қазақ тілін қолданады. Респонденттер қазақ тіліндегі теле және радио бағдарламаларды түсінетіндіктерін айтты. Қазақша еркін сөйлейді, оқиды және жазады, бірақ хакас тілінде мүлде сөйлей алмайды.
 

Хакастар. Жалпы мәлімет
Хакастар – Оңтүстік Сібірде өмір сүретін түркі халқы. Олардың өзіндік атауы - тадар. Хакас фольклорында ежелгі атау ретінде  хоорай және хыргыс-хоорай терминдері қолданылады. Ресей мемлекетінде ХVII-ХIХ ғғ. хакастарға қарата минусиндік татарлар, ачиндік татарлар, абакандық татарлар деген терминдер пайдаланылған [Бутанаев, 1990; Бутанаев, 1995].
Хакастар Хакасия Республикасында (2010 ж. мәлімет бойынша 63,643 адам), сонымен қатар Красноярск аймағының Тыва Республикасында тұрады.
Хакастар төрт субэтникалық топқа бөлінеді:
- сагайлықтар (са ай);
- качиндықтар (хааш, хаас);
- кызылдықтар (хызыл);
- койбалдар (хойбал).
Теленгиттер, телеуттер, шорлар, чулымдықтар хакастарға тілі мен мәдениеті жағынан жақын.
Антропологиялық тұрғыдан хакастар оралдықтан оңтүстік сібірлік  нәсілге ауысу түріне жатады: солтүстік топтарда (кызылдықтар, сагайлықтардың бір бөлігі) орал нәсілі басым, оңтүстік топтарда (ең бастысы качиндықтарда) - оңтүстік сібірлік .
«Хакас» термині Минусин қазаншұңқырының жергілікті халқының атауы ретінде Кеңес Үкіметінің алғашқы жылдарында (1923) ресми түрде қабылданды. Бұл этнонимді жергілікті интеллигенция қытай деректерінен алды. Қытайдың  Тан (IX-X ғғ.) династиясының жылнамасында «хягасы» (сяцзясы) термині Енисей қырғыздарының атауы ретінде берілген [Бутанаев, 1995; Тюркские народы Сибири, 2006].
Зерттеушілер «хакас» этнонимі топонимика мен фольклорда жоқ екенін көрсетеді. Ғылыми әдебиетте хакастар качиндықтар, сагай, кызыл, койбал мен бельтий секілді этнографиялық топтарды Кеңес Үкіметінің кезінде халық ретінде жасанды жолман біріктіру арқылы пайда болған деген дискуссия болды. Дискуссияның себебі «хакас» деген жасанды терминнің қалыптасуы [Тюркские народы Сибири, 2006].
ХVІІ-ХVШ ғ.ғ. Шығыс  жазба құжаттарының деректері бойынша Хакас-Минусин аймағы «Хонгорай» деп аталған. Зерттеушілер хакас фольклорында кездесетін  «хоорай» сөзі хакастықтардың ата-бабаларының тарихи өзіндік атауын көрсетуі мүмкін [Бутанаев, 1983; Бутанаев, 1990; Бутанаев, 1995; Тюркские народы Сибири, 2006] деп есептейді.
ХIХ ғ. хакас этникалық топтарының: качиндықтар (1897 ж.12 мың адам), сагайлықтар (13,9 мың адам), кызылдықтар (8 мың адам, кызылдықтардың құрамында ХVI немесе ХVII ғ. басында Алтысар ұлысында отырықшы болған Сібір хандығының татарлары мен қазақ-арғындар ассимиляцияланды), койбалдар (ХVIII ғ. койбал  «княздығындағы» түркіленген маторлар және байкоттардың 1 мың ұрпағы) және бельтирлер (Абакан құйылысында отырықшыланған, Тувадан шыққан бельтирлердің  4,8 мың ұрпағы)  этникалық жақтан қалыптасу процесі аяқталды [Тюркские народы Сибири, 2006].
Ресми түрде барлық хакастар 1876 жылы орыс Православиелік шіркеуінде шоқындырылған. Дегенмен, шын мәнінде, шоқынған хакастардың басым көпшілігі дәстүрлі дінді ұстанған және ұстанады [Бутанаев, 2003; Бутанаев, 2006; Бутанаев, 2007].
Зерттеушілер хакастардың қоғамдық сенімдерді ұстанғанын: көкке, тауға, суға, қасиетті ағаш қайыңға сыйынғын [Бутанаев, 2003; Бутанаев, 2006; Бутанаев, 2007] растайды.
90-шы жылдардан бастап хакастардың арасында рулық және жанұялық мейрамдарды қайта жаңғырту процесі басталды, мейрам кезінде жерге, ата-баба рухына сыйынды. [Тюркские народы Сибири, 2006].
Хакастардың дәстүрлі кәсібі - жартылай көшпелі мал шаруашылығы. Хакастар жылқы, ірі қара мал мен қой ұстады. Хакастардың (негізінен, кызылдықтарда) шаруашылығында қалың орманнан, Саян тауларынан  (кабаргуда) аң аулау елеулі орын алды. Егін шаруашылығы (негізгі мәдениеті арпа)  XIX ғасырдың соңына қарай шаруашылықтың  басым саласына айналады. Күзде Хакасияның тұрғындары самырсын жаңғағын жинаумен шұғылданды. Кей жерлерде хакастар  шошқа мен құс шаруашылығымен де айналысады
Хакастардың қоныстарының негізгі түрі - аалылар,  әдетте, жартылай көшпелі өзара туыстардан  тұратын  бірнеше үй (10 - 15 киіз үй)  бірлестіктерінен құрылды. Хакастардың тұрғын үйлерінің негізгі түрі - жаппа үй болды. Киімнен ең көп таралғаны - качиндықтардың костюмі [Бутанаев, 2015].
Олардың негізгі тамағы қыста – ет, ал жазда – сүт тағамдары болды. Хакастар еттен түрлі сорпалар дайындады. Оның ішінде ең көп тарағаны -  жарма және  арпа сорпасы. Мерекелік тағамдардың ішіндегі ең сүйіктісі әлі күнге дейін қанды шұжық болып отыр. Көп тараған сусын – сиыр сүтінен ұйытылып жасалған айран. Айранды сондай-ақ қадірлі қонақтар келгенде және діни рәсімдерді орындау кезінде ішу үшін араққа айналдырды.
 

Хакас тілі
Хакас тілі түркі тілдерінің шығысғұн тармағыны жататын ұйғыр-оғыз тобына кіреді. Кемерово облысындағы шорлардың, Солтүстік Алтайдың, кумандин, тубалар және челкан тілдерімен, сондай-ақ Қытай Халық республикасының фуюйск қырғыздары және сары-ұйғырлары тілдерімен бірге ерекше хакас тобын құрайды [Баскаков, 1960].
Хакас тілі - Хакас Республикасы жергілікті тұрғындарының бір-бірімен сөйлесетін ерекше тілі. Хакас тілі 4 диалектіге бөлінеді: сагай, качин, кызыл және шор. Качин және сагай диалектілерінің базасында әдеби тіл мен жазу қалыптасқан.
 
Жазуы
Хакас жазуының  қайнар көзі өте тереңге кетеді. Ежелгі хакас жазуының (енисейлік) түрін Енисей жағасынан 1721 ж. медицина докторы, натуралист, жиһангер, Сібір халықтарын зерттеуші Д.Г.Мессершмидт тапқан.
Зерттеушілер XIII ғ. Шыңғыс ханның жаугершілігінен кейін  ежелгі жазу жоғалып кеткенін айтады. Орта ғасырларда хоорай бектері Моңғолияда, Жоңғарияда, бәлкім Қытайда  сауат ашқан деген топшылау бар. Ресей мұрағаттарында ХVII - ХVIII ғғ. Моңғол және «өз татаршаларында» жазған хакастардың жолдаулары сақталған [http://arhiv.r-19.ru/exhibitions/iz-istorii-stanovleniya-khakaskoi-pismennosti/].
1923 жылы Хакас уезі құрылды. 1924 ж. халық білімінің Енисей бөлімі «Хакас жазуын әзірлеу» туралы Қаулы қабылдады. 1928-1938 жж. латын графикасының негізінде жазу қабылданды. Қазіргі кездегі жазу 1939 ж. кириллица негізінде қалыптасты. 


Хакас тілін оқыту
Октябрь революциясына дейін Хакасияда тек тоғыз аалда «басқа түрдегі» мектептер болды, оларда орысша білім берілді. Ол мектептерде хакас тілі де, фольклоры да, аймақтың тарихы да оқытылған жоқ. Еңбекке жарамды халық сауатсыз болды [Тюркские народы Сибири, 2006]. 1924 ж. бастап хакас тілінде оқулықтар жасау басталды. 1925 ж. 38 мектеп ашылып, орыс әліпбиінің хакас тіліндегі аудармасы бойынша оқу басталды. 1926 ж. бірінші хакас тілінде оқулықтар жазылды, ал 1927 ж. бастап орталық газет «Хызыл аал» шықты. 1928/29 оқу жылында Хакасияда 131 мектеп болса, солардың 63-і хакас тілінде оқытты. Сол кезеңнен бастап  хакас мектептерінің саны сол  1930 ж. дәрежесінде қалды [Тюркские народы Сибири, 2006]
1988 ж. бастап Хакасияда хакас тілі орыс мектептерінде оқытылады. Хакас тілі оқу пәні ретінде 1-11-ші сыныптарда 78 мектепте ( жалпы білім беретін мектептердің 27%) оқытылады. 17 ұлттық мектепте бастауыш білім хакас тілінде берілді [Тюркские народы Сибири, 2006].
Хакас мектептеріне мамандар Н.Ф.Катанов атындағы Хакас мемлекеттік университетінде (ХГУ) және Хакасияның басқа да ЖОО-да, сондай-ақ  Хакас тіл мен әдебиет ғылыми-зерттеу институтында (ХАКНИИЯЛ) дайындалады.
Фотография
Фотография
Фотография
 
Жанұя және жанұялық тұрмыс
Неке қию хакас тілінде «хыс алысханы» («қыз алысу») деп аталады.
Дәстүр бойынша ағалы-інілілерге бір жылда үйленуге тиым салды. Ондай болған күннің өзінде хакастар олардың бірі ұзақ өмір сүрмейді деп сенді. Тек егіздерге ғана бір күнде үйленуге рұқсат берілді. Егіздердің рухы діни сенім бойынша бірге және бір-бірімен магиялық байланыста болады [Тюркские народы Сибири, 2006].
Қарсы құдалық хакастарда тиым салынды, егер олардың бірі жақсы өмір сүрсе екіншісі міндетті түрде бақытсыз болады деген сенім болды.  Ағасы үйленгенше інісіне отбасын құруға рұқсат берілмеді.
Балалардың үйленуін ата-аналары шешті. Ең алдымен олар қыздың тегін тексерді, тексіз жерден шыққан қыз ұрпақты бұзады делінді. Жанұялық өмір «хоных» («түнек, өмір, тұрмыс») деп аталды.
Күйеу жігіт «паргаа»  деп аталатын ірі қараның ең сыйлы мүшелерінен құрметті сый дайындады. Бірінші сый «ир паргаазы» - «ер паргазы», екіншісі -  «хыс паргаазы» - «қыз паргазы» деп аталды.
Некелесудің ескі түрі құдаласу (чахсынаң алысханы) – «жақсының алысқаны» деп аталып, осы жағдайда балалар үш немесе бес жасқа келгенде атастырылып қойды. Құда болған күннен бастап ұлдың әке-шешесі ұл балалары кәмелетке жеткенше көктемде етті ыстаған кезде және күзде соғым сойылғанда құдаларына «арча» - құнды сыйлықтар мен шарап алып келді. Құда болу туралы сөйлесу кезінде қалың мал туралы сөз болмайды, ол «арча» арқылы өтеледі, себебі жылдан-жылға оның көлемі ұлғайып отырды. Тойға сый ретінде «тоғыз» жасалды, мысалы, «хаяхты- уча» - майлы дастархан жасалған кезде қыздың ата-анасына тоғыз құты күйдірілген сары май, тоғыз тері қаптағы хакас ірімшігі мен тоғыз қап  ірімшік алып келінді. «Талғаннығ уча» («талқан тойы») кезінде ұлдың әке-шешесі үстіне май құйылған тоғыз құты арпа талқанын алып келді. XX ғ. Басында тоғыз құтының орнына бір құты және сегіз кішкентай қазамен алып келетін болды. Үлкен құтыны қыздың әкесі өз үйінде қалдырып, қалғандарын туған-туыстарына таратты – ең алдымен қыздың нағашыларына жіберілді  [Бутанаев, 1990; Бутанаев, 1995; Тюркские народы Сибири, 2006].
Атастыру рәсімі 10-20 жылға созылғандықтан, далалық заң арнайы талаптардың орындалуын қажет етті. Егер күйеу жігіт атастырылған қыздан бас тартса, қыз жағы ешнәрсе қайтарған жоқ. Егер күйеу жігіт қайтыс болған жағдайда қызды оның інілерінің біріне берді. Егер қыз бас тарса немесе қайтыс болса, сіңлілерінің бірін берді немесе екі  есе қалыңмал қайтарылды. [Бутанаев, 1995]. Неке қию қалың малды төлеу талап етті. Қалың малмен бірге күйеу жігіт жағы қалыңдыққа сыйлық ретінде ең жақсы атты «башат» (бас атты) беруі керек болды. Хакастардың айтуынша «баш на баш», яғни «қыздың басын аттың басына айырбастау» дегенді білдірді.
Хакастардың үйлену салттары келесі  кезеңдерден тұрды: жас балаларды атастыру («саблыг той») немесе қызды алып қашу («тутхын») және қуғыншылардың келуі («сургун»), сосын кіші той («кiчiг той»), жарасу («чарас»), үлкен той («улуг той») және қыздың төркіндеп баруы («тургын»).
Қазіргі кезге дейін хакастар үйлену салттарының негізгі элементтерін сақтап қалған: шаш тойы – «сас тойы», қалыңдықтың ай мен күнге табынуы, «поджа потхы» - рәсімдік тағамы, сирақ лақтыру «чода» және т.б. Жастар тойға бір түсті матадан ұлттық киім тіктіреді [Тюркские народы Сибири, 2006].
 

Әлем құрылысы туралы таным
Хакастардың әлем құрылысы туралы ұғымы Кеңістікті үш әлемге бөлумен байланысты болды:
- Чаян чирі – Жоғары әлем – тоғыз жаратушының аспандағы әлемі, олардың ішіндегі ең бастылары -  - Чалбырос-чаян немесе Худай-чаян, сондай-ақ Кугурт чаячы - жайатқыш, Чалтырах- Чаячы - жарық жасаушы, Ымайгче - балаларды қорғаушы және баланың туылуын сақтаушы құдай-ана, Пулай-хан -, адамдардың бір-біріне деген сенімі мен адамгершілікті қадағалайды.
- Кушиг-чир – Орта әлем – адамдар мен рухтардың, табиғат апаттарының мекені. Ең бастысы таулық рух - таг ээзи, олардың басшысы - Хубай-хан. Желдің иесі - Чилдей-хан, судыңкі (өзендердің) - Сугдай-хан, оттыңкі - Хоорай пиче, аяздыңкі - Хумдузах. Орта әлемнің батысында шамандардың қолдаушысы және басшысы - Ада немесе Ада-ханнның (в переводе "мой Отец-хан") өз жұбайы Инем-хан екеуінің сарайы бар, оған баратын жолды жол иесі Кермес-хан қорып жатады.
- Айна-чирді (төменгі, тоғыз сатылы әлем) жеті жер асты құдайы басқарады: Эрлик-хан (немесе Чинес-хан), оның баласы Иткер-Молат мен қызы Учам-Толай, сондай-ақ өлгендердің жанын қорғаушы Узут-хан, жер патшалығының ең соңғы қабаты – тозақты күзетуші Тамы-хан.
Эрликтер зұлымдық, ауру, кейбір деректер бойынша шамандарды да жаратса, жоғарғы жаратушылар барлық  жақсылықты жаратқан. Орта әлемде адамдар арасында жақсылық пен жамандықтың тартысы өтеді. Құдайлар мен адамдар арасын байланыстырушылар шаман-хамнарлар. Олар екі түрге бөлінді. Ең күшті шамандар - пугдурлардың тоғыз дабылы, көптеген тёсейі (тöс), өз киімі болды. Олар Солтүстік мұзды мұхиты мен Жерорта теңізіне дейін шамандық саяхат жасады. Умай-ананың күшімен баласыз болудан, эпидемиялар мен эпизоотиядан сақтады, құрбандық шалуларды басқарды, жерлеу рәсімдерін өткізді, болашақты болжады. Пулгос - ұсақ шамандардың бір дабылы болды, олар қарапайым киінді, саяхаттары көрші аудандармен шектелді, болжаулары тыңғылықты емес, рәсімдері тиімді болмады.
Шамандарға чаланчыхтарды да жатқызды, олардың шамандық киімі мен дабылы болмады; бұл мистикалық-магикалық бағыттағы емшілер болды, олар қорқудан, көз тиюден (тұрмыстық шамандық) және т.б. сақтады (см. также: Бутанаев, 1996. С. 175).
 

Хакастардың дәстүрлі күнтізбесі
Хакастардың ата-бабалары  христиан дінін қабылданғанға дейін өздерінің күнтізбесін пайдаланды. Шығыс жылнамасының мәліметтері бойынша, сонау Қырғыз мемлекеттің кезеңінде халық «жылды он екі жануармен есептеген».  Қазіргі кезде он екі жылдық циклді (мучел) жасы келген адамдар ғана сақтап қалған. Бес мучелден «ғасыр» (пукул) құралған, ол 60 жастан тұрды.
 
Хакастардың дәстүрлі күн санауы
Хакастардың күн санау жүйесі тәуліктік кезең, ай және жылдарды бекітті. Хакастардың күн сағаттары киіз үй болды, оның  есігі шығысқа қарады, ал ішкі үй жиһаздарының дәстүрлі орналасу реті болды. Күн сәулесі «ат арқаны бойына» көтерілгенде, онда күн сәулесі түтіндіктің ішкі шеңберін  жарық етті. Күн «арқан биіктігіне» көтерілгенде ол әйелдің кереуетінің бас жағына түсті, ол уақыт жазда сағат 8-9  болғанын көрсетті. Бұдан әрі күн сәулесі, солтүстік (әйелдер) бағыт бойынша жылжи отырып, бірінші буфет сөресіне (кічіг ӱлгöр) және түскі тамаққа жағындағанда екінші сөреге (улур ӱлгöр) түсті. Сағат 4-ке қарай күн сәулесі айран сақталатын кеспекке түсті. Ақырында, күн түтіндіктің  жоғарғы жағымен, есіктің үстімен жылжи отырып киіз үйдің ішінен жоғалды. Бұл күннің «ат арқаны бойына» төмендеп, малдарды қораға кіргізіп, сиырды сауатын мезгілдің келгенін білдірді.
 
Хакастардың дәстүрлі күнтізбесіндегі ай және күн аттары
Хакастардың айы 30 күннен тұрады. Ол екі фазаға бөлінеді: «ай наазы» – жаңа ай және «ай иргіз» – ескі ай. 14-ші күні «ай толуы» (ах толы) басталған. 15-ші күн «қызыл ай» (хызыл толы) деген атауға ие болып, жаңа айдың соңғы күні деп есептелген. Жаңа айдың тууы ай арасы – «ай аразы» деп аталған.
«Курген»(қаңтар) – Үркер айы. Қаңтарда хакастар Үркердің айға ұқсастықтарын байқаған және олар арқылы келесі жылды болжаған.
«Пöзіг» (ақпан) - күннің жоғары көтерілу айы. Халық сенімі бойынша осы уақытта күн «арқан бойы» көтеріледі. Июс жазықтығында тұратын солтүстік хакастар оны «хузургул айы» - бүркіт айы деп атады. Бұл бүркіттердің ұясын қатты жел бұзып кететін уақыт болды. Оңтүстік Хакасияның ну орман тұрғындары оны «азыг айы» - аю айы деді. Олардың сенімінше, ақпан айындаұйықтап жатқан аю екінші жағына аунап түседі.
«Хаанг» (наурыз) – жыл құстарының қайтып келетін айы хакасша «хаанг-хоонг». Июс жазықтығында тұратын солтүстік хакастар оны «харга айы» - қарға айы деп атады. Оңтүстік Хакасияның ну орман тұрғындары оны «кöрiк айы» - боршатышқан айы деді.
«Хосхар» (сәуір)  жалпытүркілік «кочкар» - қошқар атауына жатады. Бұл айда  төл алу науқаны  мен қойды қырқу кезеңі басталды. Июс жазықтығында тұратын солтүстік хакастар оны «Кöök айы» (көкек) – көкек айы деді. Көкек өз тағдырына налып жылайтын қыз, ол киіз үйден ұшып шығып бара жатқанда, өгей шеше бір аяғындағы кебісін шешіп алып қалған. Осыдан көкектің аяқтары түрлі-түсті болған, ал шешіп алып қалған кебісінен «көкектің кебісі» деген гүл өсіп шыққан. Хакастардың сенімінше бұл уақытта далаға аш шығуға болмайды. Таңғы ас ішпей аш күйіңде көкектің даусын есітсең, жыл бойы аш боласың деген сенім бар. Сондықтан міндетті түрде  «Мин тохпын» Мен тоқпын) деу керек, сонда көкек алданып қалады.
«Спикер» (мамыр) – ағаштардың жапыраққа оранатын айы. Ну орман тұрғындары оны «хандых айы» - жауқарын дайындау айы деп атады, себебі жауқарын тамақтануда үлкен орын алды.
«Тос айы» (маусым) - ай қабықты дайындау айы. Атау хакастардың ай қабықтан жасалған киіз үйлерде тұрған кезеңінен сақталған.
«От айы» (шілде) – шөп шабу (шөп шабатын кезең) айы.
«Оргах айы» (тамыз) – егін ору айы.
«Улгер» (қыркүйек) - Орионның көтерілу  айы. Хакас аңыздарына сәйкес, Орион - бұл  жұлдыздар,а айналып кеткен үш маралдың жаны. Бағзы замандарда Көкетей деген батыр өмір сүріпті, ол турпан жұмыртқасынан пайда болған  Хубай хус деген итті асырады. Хакастардың сенімінше, турпан өзінің ең алғаш тапқан жұмыртқасын жарып тастайды, әйтпесе одан мифологиялық ақ ит Хубай хус пайда болады. Одан бірде бір аң да, құс та қашып құтыла алмайды. Бірде Кокетей өз иті Хубай хуспен үш маралдың соңына түседі. Тығырыққа тірелген аңдар Жаратушыдан көмек сұрап, аспанға ұшып кетеді. Кокетей Сириус (Кöкетей чылтыс) жұлдызына айналады. Сол жерде ол өз итімен үш маралдың соңынан өмір-бақи қуып жүруі керек. Тек әлемнің «соңғы күні» ғана Кокетей жерге түседі және адамдарға көмектеседі.
«Кичкер» (қазан) Хакасияның далалық жерлерінде кіші аяз айы деп аталады. Екінші атауы «чарыс айы» (бөліну) – күзгі күн теңелуімен байланысты атау. Осы кезде қыс жазбен тартысқа түседі, сондықтан айдың жартысы – суық, жартысы – жылы болады деген сенім бар.
«Хырлас» (қараша) – үлкен аяз айы (үлкен өзендердің қата бастайтын кезі). Хакасияның ну орман тұрғындары оны «хуртуях айы» - кемпір айы деп атады. Осы уақытта күннің қысқалығы соншалықты, кемпір киініп боламын дегенше кеш батады.
«Алай» (желтоқсан – үлкен аяз айы). Хакасияның ну орман тұрғындары оны «кiчiг ай» - қысқа күндер айы деп атады. Осы уақытта түс кезіндегі күн «ат путының ұзындығына» дейін көтеріледі. Ол «ұйықтап қалды» деп есептеледі.  Қаңтардың басында халықтың сенімінше, күн «құстың қадамына», ал айдың соңында «бұзау байлар арқанның ұзындығына» ұзарады. [Бутанаев, 1985; Бутанаев, 1999]
Хакастар аспан шырақтары - ай мен күннің жағдайы бойынша ауа райының өзгеруін болжайды.
 
Музыкалық мәдениет
Хакас түркілерінің  (сагайлықтар, кызылдар, качиндар, койбалдар, бельтирлар,  моторлардың) музыкасын  жинаумен және зерттеумен  А.Кенель, В.Беляев, А.Стоянов, А.Асиновская, В.Шевцов, Л.Карачакова айналысты.
Хакастардың музыкалық ойлау архаикасы вокалдық жанрлар: кип чоох (табиғаттың  қожайын-рухтары туралы позалық  әңгімелер), «жануарлар туралы жырлармен» (В.В.Радлов), бақсылық сарындармен,    жануарларды дуалаумен (олар музыкалық өлең ретінде орындалды) байланысты. «Жануарлар туралы жырлар» сұрақ-жауап түрінде келіп, тақпақ пен балаларға арналған халықтық өлеңнің негізін  салды, себебі оларда аңдар мен құстардың даусына еліктеу болды.
Тахпах (қысқа өлең) - тахпахчидан суырып салмалық өнер мен бір мезетте композитор мен ақынның қасиетін талап етті. Ыр (ұзақ өлең) - текст пен әуеннің бірлігін талап етті және тахпахтан еркін музыкалық—поэтикалық композициясымен ерекшеленді.
 

Батырлық эпос
Батырлар жыры немесе батырлық ертегісі  хакас дәстүрлі мәдениетінің жанрлар жүйесінде орталық орынды алады. Батырлық ертегілері  хакас халқында «алыптых нымах» немесе «чалых нымах» деп аталады. Алыптых нымахты эпикалық әнші хайджи айтқан. Чалых нымах -  «батырлардың ерлік істері туралы ертегілер». Батырлар жырлары хомыса немесе чатханның сүйемелдеуімен орындалған. Эпос аралас формада (өлеңдік-музыкалық эпизодтан кейін ол қара сөзбен түсіндірілген).
Ең танымал батырлық ертегілер: «Алтын Арыг», «Ай Хуучин», «Палазы чох Ах Хан», «Алтын Чюс», «Ики ах ой хулун», «Чабал Ах Хан» және басқалар. Әйгілі  шебер-жыршылар: П.В.Курбижеков, С.П.Кадышев, М.К.Добров, Е.Н Кулагашева, С.И.Созыев, А.С.Бурнаков, Н.А.Попияков, Н.А.Абдин, В.С.Тюмереков, Д.А.Сазанаков, А.И.Янгулов, И.С.Абжилаев және т.б..
Хакас батырлық жырларын зерттеушілер: М.А.Унгвицкая, В.Е.Майногашева, М.И.Боргояков, Я.И.Сунчугашев, П.А.Трояков, А.А.Кенель, О.В.Субракова және басқалар.
 
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
 
  1. Баскаков Н.А. Тюркские языки /Отв. Ред. Г.Д.Санжеев. – М.: Изд-во восточной литературы, 1960.- 248 с.
  2. Бутанаев В. Я. Происхождение хакасов по данным этнонимики // Историческая этнография: традиции и современность. — Л., 1983
  3. Бутанаев В. Я. Хакасские народные названия исторических памятников // Вопросы древней истории Южной Сибири. — Абакан, 1984
  4. Бутанаев В. Я. Об этническом имени хакасов в эпоху позднего средневековья//Археология и Этнография Южной Сибири. — Барнаул, 1984.
  5. Бутанаев В. Я. Народный календарь хакасов. Рериховские чтения 1984 : Материалы конференции.- Новосибирск, 1985.- С. 326—321
  6. Бутанаев В. Я. Этническая история хакасов XVII—XIX вв / Материалы к серии «Народы Советского Союза». — М., 1990
  7. Бутанаев В. Я. Вопрос о самоназвании хакасов // - Этнографическое обозрение. - 1992. - № 2. - С. 63-69.
  8. Бутанаев В. Я. Происхождение хакасских родов и фамилий. — Абакан, 1994.
  9. Бутанаев В. Я. Хакасы. Этнографический очерк. М. : ИНСАН, 1995. ISBN 5-85840-274-7.
  10. Бутанаев В. Я. Хакасско-русский историко-этнографический словарь. — Абакан: УПП «Хакасия», 1999
  11. Бутанаев В. Я. Бурханизм тюрков Саяно-Алтая. — Абакан: ХГУ им. Н. Ф. Катанова, 2003
  12. Бутанаев В. Я. Традиционный шаманизм Хонгорая. — Абакан: ХГУ им. Н. Ф. Катанова, 2006
  13. Бутанаев В. Я. Хакасский шаман и его общественный статус / Мартьяновские краеведческие чтения (2005—2006 гг.) / [отв. за вып. Н. А. Голованенко; науч. ред. Л. Н. Ермолаева]. — Минусинск : [б. и.], 2007. — Вып. 4
  14. Бутанаев В. Я. Мы родом из Хонгорая. Хакасские мифы, легенды и предания / В. Я. Бутанаев, И. И. Бутанаева; отв. ред. Б. Р. Зориктуев. — Абакан, 2010. — 240 с.
  15. Бутанаев В. Я. Историческая ономастика Южной Сибири. — Бишкек, 2013. — 272 с.
  16. Бутанаев В. Я. Национальная одежда хонгорцев. — Абакан, 2015. — 336 с.
  17. http://arhiv.r-19.ru/exhibitions/iz-istorii-stanovleniya-khakaskoi-pismennosti/
  1. Майногашева В.Е. О хакасском героическом эпосе и алыптых нымахе «Ай Хуучин» // Хакасский героический эпос «Ай Хуучин». Новосибирск, 1997 (Памятники фольклора народов Сибири и Дальнего Востока. Т. 16).
  2. Тюркские народы Сибири. – М.: Наука, 2006.
  3. Унгвицкая М.А., Майногашева В.Е. Хакасское народное поэтическое творчество. - Абакан, 1972.
  4. Хакасский героический эпос «Алтын Арыг». М., 1988.
Тажибаева С.Ж.
​Аудармашы: Муртазаева Б.

Powered by Create your own unique website with customizable templates.