Посткеңестік Қазақстандағы түркі тілдер
  • Жоба жайлы
    • Жобаға қатысушылар
    • Байланыс
  • Түркі халықтары туралы
  • Басылым
  • Сауалнама толтыру
  • Нәтижелері
  • Галерея
  • Бұл қызықты
  • Орысша
  • Ағылшын

Құмықтар

Құмық түріктері ұлт ретінде Х-ХІ ғасырларда қалыптасқан халықтардың бірі. Бұл мақалада құмықтардың қысқаша тарихы, қазақ жеріне келуі мен себептері, олардың мәдениеті, діні, тілі, жазуы мен әдебиеті және бұл құндылықтардың құмық диаспорасы шеңберінде сақталуы, кәсібі, дәстүрлерін сақтай білуі секілді мәселелер қарастырылып, қазақстандық және неміс ғалымдарының бірігіп жүргізген «Пост-кеңестік Қазақстандағы түркі халықтарының тілі мен мәдениетінің өзара ықпалы» атты халықаралық жобасының сауалнама қорытындыларын, аудио материалдарын талдайтын боламыз.

Қысқаша тарихы мен мәдени ерекшеліктері  
Құмық халқының этникалық атауы
Құмық түріктері ұлт ретінде Х-ХІ ғасырларда қалыптасқан халықтардың бірі. «Құмық» атауының шығуы туралы түрлі пікірлер айтылып, зерттеулер жүргізіліп келеді және оның түрлі этимологиялық түсініктемелері де бар [Кадыраджиев 1998]. Зерттеушілердің көбі ІХ ғасырдағы қимақтардан мұра болып қалған атау деп біледі.
«Къумукъ» - құмық этнонимінің шығуы туралы бір-біріне керағар пікірлерді көптеп келтіруге болады. А. Бакиханов, С.А. Токарев, А.И. Тамай секілді көптеген зерттеушілер ортағасырлық қыпшақ одағындағы құмық пен қимақ этнонимдерін өзара байланыстыра қарастырады. Я.А. Фёдеров секілді кейбір зерттеушілер «къумукъ» этнонимін биік шыңда орналасқан және ұзақ уақыт бойы құмық шахмалдарының ордасы болған «Казикумух» қонысымен байланыстырады. Ал Б.А. Алборов бұл атаудың «къум», яғни құм деген сөзден келіп шыққанын алға тартты.
Тарихи деректерге сүйенсек, құмық этнонимі ерте ортағасырлық түркі тайпалары тілдерінің таралу кезеңінде пайда болды (III-ХІ ғғ.). Әзірбайжанның көрнекті этнотараихшысы Г.А. Гейбуллаев анықтағандай, әрбір этноним сол тілді тұтынушылардың грамматикалық ережелеріне сәйкес қалыптасады [Гейбуллаев, 1991:52]. Құмық этнонимі де осылай қалыптасты. Сонымен, біз бұл этнонимді шығу тегі түркі сөзі болып табылатын этимологиялық екі бөліктен – құм түбіріне көп мағыналы+ -қ (-ақ, -оқ, -ұқ) (жинақтаушы көпше мағыналы) жұрнақтан тұрады деп топшылаймыз. Бұл грамматикалық және семантикалық жағынан «адам», «тайпа» мағынасына саятын ғұн, құн, ғұннұғ, құмық, қынық, құман секілді түріктік атаулармен түбірлес [Алиев 2011].
 
Тарихы
Дағыстан халықтарының этногенезі және этникалық тарихы мәселелерінде әлі де шешімін таппаған сұрақтар көп. Әсіресе құмықтардың шығу тарихы туралы зерттеулерде күрмеуі шешілмеген мәселелер жетерлік. Сондықтан да зерттеушілер пікірі екі топта сараланады: бірі құмықтарды ерте кезде ауып келгендер десе (С.М. Броневский, И.Клапрот, А.Вембери), екінші таптағы ғалымдар түріктік элементтерді бойына сіңірген тұрғылықты халық ретінде қарастырады (В.В. Бартольд, С.А. Токарев). Олардың кейбірі ғұн-бұлғар және хазар тайпаларымен, ал басқалары қыпшақтармен араласуының нәтижесінде пайда болған деп топшылайды [Федоров-Гусейнов, 3]. Әрине, бұл болжамдардың барлығы нақты дәлелдер мен дәйектемелерді талап етеді. Сондықтан да құмықтардың тегін шумер, сақ, ғұн, хазар, қыпшақтардан іздеген К.С. Кадыраджиев [Кадыраджиев, 1992], М. Аджиев [Аджиев, 1992], А. Кандауров сияқты зерттеушілер өз дәлелдемелерін ұсынды. Аталмыш халықтың этногенезі мәселелері Я.А.  Федоров [Федоров, 1959], А.В. Гадло [Гадло, 1979] и Г.С.  Федоров-Гусейнов [Федоров-Гусейнов, 1996] сынды ғалымдардың еңбектерімен салмақтана түседі. Жалпы зерттеулер қорытындысы құмықтардың Дағыстанды ежелден мекендеп келе жатқандығын дәлелдейді.
 
Қазақ-құмық этникалық байланысы
Қазақтар мен құмықтардың этникалық байланыстары туралы ерте ғасырдан бастап сөз етуге болады. Бір қызығы, құмықтардың өздері армян ескерткіштерінде «қазақ» атауымен де аталған көрінеді [Аджиев, 1991: 93]. Мұнда «қазақ» сөзі этнос атауы емес, сол этностың жауынгерлік сипатын таныту үшін айтылса керек. Екі туыс ұлттың арасындағы бізге белгілі болған этнонимдік, соционимдік және топонимикалық параллелизмдерді санамалай өтейік: қазақтың орта жүзі құрамында кездесетін арғын руына ұқсас Шешенстан құмықтарының жерінде Аргун деген өзен бар; құмық тілінде сөйлейтін ноғайларда алаш, конгурат, уйгур, маджар, найман, уйсун, ас және кипчак деген ру атаулары кездеседі [Идрисов, 2010: 93]. Сондай-ақ қыпшақтар кезеңінен жалғасып келе жатқан байланысын куәландыратын қазіргі құмық жеріндегі Манас елді-мекенін, Бекенез өзенін, Қарқар жотасын айтуға болады. Дәл осы атаулар Шығыс Қазақстанда да Манас қыстауы, Бақанас өзені және Қарқар тауы болып кездеседі [Муканов, 1974: 125]. Түріктердің көне тайпаларының бірі болған Қаңлы атауына сәйкес келетін құмықтардың Бұйнақ ауданында 1970 жылдарға дейін Қаңғалы деген екі шаруа қожалығы болыпты.
Тарихи шындықтың әдеби шындыққа ұласатын заңдылығына сәйкес, қазақ-құмық фольклорлық параллельдер де кездеседі. Құмық ауыз әдебиетінің Эр-Таргу батыры қазақ эпосындағы «Ер-Тарғынды» еске түсірсе [Алиев, 2001], Кёсе деген әзіл әңгімелердің бас кейіпкері қазақтың атақты Алдар Көсесінің құмықша нұсқасы екені белгілі [Аджиев, 2005]. Құмықтарда да ортақ түрік әдебиетінің үлгілері ретінде «Къыркъ кыз» аңызы бар. Құмықтардың эпикалық жырларының циклі «Канна казак йырлар», яғни «Қазақтардың қысқа жырлары» деп аталынады [Идрисов, 2010]. Құмық классикалық әдебиетінің негізін салушы тұлғаның есімі Йырчи Казак деген атпен белгілі. Мұндай этнонимдік және топонимикалық параллелизмдер кездейсоқ орын алып отырған жоқ. Демек, бұл – екі ұлттың туыстық байланыстарының тарихтағы іздерінің көрінісі.
Қазақ-құмық этникалық байланыстары туралы сөз болғанда, Алаштың ірі қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы, ағартушы, қазақтың тұңғыш темір жол инженері, 28 жасында II Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланған, Түркістан Мұхтариятының премьер-министрі болған Мұхамеджан Тынышбаев туралы айтпасқа болмас. Себебі М. Тынышбаев құмық генералы Али Шейх-Алидың қызы Аминаға үйленіп, кейін өзі тұтқынға түскенде балаларының қауіпсіздігі үшін олардың тегін әйелінің тегіне жаздырады [Идрисов, 2010]. Құмық этнографиясының негізін қалаушылардың бірі саналатын Девлет-Мурза Шейх-Али (Шихалиев) сол Алаш арысының ұрпағы [Шихалев, 1993].
Каспий теңізінің екі жағында қоныстанған туыс қазақ-құмық этносаралық байланыстары дағыстандықтардың жаппай қазақ жеріне қоныстанумен тағы да тығыз орныға түсті. Саяси қуғын салдарынан дағыстандықтар ХІХ ғасырдың соңынан бастап Қазақстанға жер қоныстана бастады. 1944 жылы құмықтар да жаппай депортациялануды бастан кешіп, бір бөлігі қазақ жеріне қоныстандырылды. Олардың жат жерге бейімделіп кетуі оңай болмады. Десе де қазақ халқының қонақжайлылығының және олармен діни сенімдері мен тұрмыс-тіршілігінің ұқсастықтарының арқасында құмық түріктері жаңа қонысқа тез бейімделді.  Олар қазіргі күнге дейін барлық салада еңбек етіп, тұрғылықты тұрғындармен емін-еркін араласып, қоян-қолтық өмір сүріп келеді.
 
Мәдени антропологиясы
Құмықтар антропологиялық ерекшелігі бойынша, Каспий маңы халықтарымен бірге (әзербайжандар, Кавказ күрдтерді, цахурлар, таттар) үлкен европеид нәсілінің құрамындағы балқан-кавказ нәсілінің кавкасион тобына жатады. Кейде каспийлік түр ерекшелігімен  Жерорта теңізі нәсілі немесе үнді-ауған нәсілі ретінде қарастырылады [Алексеев, 2007: 118].
Кеңестік антропологтар құмықтарды европеид нәсілге жатқызды және оларды дағыстандық басқа да халықтармен, монғол типті нәсілдермен салыстырды. [Народы Кавказа 1960: 422]. Ресейлік антрополог В. Алексеев каспилік типтегі дағыстандық құмықтардың антропологиялық ерекшеліктері аралас сипатта көрінетінін және Орталық Дағыстан халықтары осы түрлердің типтік өкілдері арасынан орын алмайтынын айтты [Алексеев 2009: С. 228-229].
 
Діні
Құмықтардың басым бөлігі Ислам дінінің сунит ағымының Шафи масхабын, ал аздаған бөлігі Ханафи масхабын  ұстанады.  1992 Махачкалада Дағыстан мұсылмандары Діни басқармасының ыдырау нәтижесінде Құмық мұсылмандарының діни басқармасы құрылды [Ярлыкапов 2002:68].
Халықаралық жобаның сауалнамасына қатысқандардың 90,9%-ы ислам дінін ұстанып, діни әдет-ғұрыптарды орындайтындарын және тек мұсылмандармен некелесетінін білдірді (http://tyurki.weebly.com/).
Сауалнамада қандай діни (немесе дәстүрлі) әдет-ғұрыптардың орындалуы туралы сұраққа 13 респондент мынадай сипатта жауап берген: «барлығын» - 2 адам (15,38%); «намаз» - 1 адам (7,69%);  «ешқайсысын» – 1 адам  (7,69%);  9 адамның  (69,2%) жауап мәліметтері көрсетілмеген.
«Сіздерде діни қызметкерлерді (немесе дін басыларын) оқыту қалай іске асады?» деген сұраққа тартылған 13 респонденттің жауаптары да мынадай болып келеді: «білмеймін» - 1 адам  (7,69%);  «медреседе» – 3 адам (23,07%);  9 адамның  (69,2%) жауап мәліметтері көрсетілмеген. Бұл сұрақ жауабынан тек 23% құмық респонденттің діни сауаттылық туралы пікір білдіре алғандығын көреміз.


Құмықтардың халық саны және тұрғылықты жері  
Құмықтардың негізгі өмір сүру ареалы – Ресей Федерациясының Дағыстан өлкесі, яғни Теpек және Уллучaй өзендері арасындағы Хасавюрт, Бабаюрт, Қызылюрт, Буйнақ, Дербент, Қайтағ, Қаякет, Қарабудағкент деген сегіз аудан. Сондай-ақ Ичкерия, Солтүстік Осетия мен Ставрополь өлкесінде де құмық қоныстары табылады. Өте шағын диаспора ретінде Иран, Сирия, Түркия мемлекеттерінде және Қазақстанда да өмір сүреді. 2009 жылы жүргізілген санақ мәліметтері бойынша, құмық халқының жалпы саны шамамен 505.000 адамды құрайды, оның 503 060-ы Ресей территориясында, 1 113-і Украиния, Белоруссия, Латвия секілді елдерде  өмір сүреді [http://abai.kz/post/view?id=472].
Ал Қазақстандағы құмық диаспорасының өкілдері Маңғыстау және Жамбыл облыстарында шоғырланған. Халық санағының қорытындысы бойынша Қазақстандағы құмық диаспорасы халқының динамикасын төмендегідей:
1970 жылы – 354 адам;
1979 жылы – 873 адам;
1989 жылы – 1700 адам;
1999 жылы – 643 адам;
2009 жылы – 481 адам.
Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігінің деректері құмық диаспорасының халық саны 1989 жылға дейін қарқынды түде артып, ал 1999 жылдан кейін кемігенін көрсетеді. Дегенмен де 1970 жылғы халық санағын 2009 жылғы халық санағы мәліметтерімен салыстырғанда құмық халқының 127 адамға көбейгенін көреміз.
Халықаралық жобаның ашық сауалнамасындағы «Қазақстанға қашан келдіңіз?» сұрағына қатысқан 13 құмықтың респонденттердің 7,69%-ы 1937 жылы, 15,38%-ы 1940 жылдары, 7,69%-ы «білмеймін» деп жауап берсе, ал 69,2%-ның жауап мәліметі көрсетілмеген.
Қазіргі таңда бес жүзге жуық құмық Қазақстанның негізінен батыс пен оңтүстік және басқа да аймақтарында өмір сүруде. Халықаралық жобаның сауалнамасына қатысқан 12 құмықтың Қазақстандағы тұрғылықты жері төмендегідей көрініс табады:
4 адам (30,8%) – Ақтөбе облысында,
3 адам (21,1%) – Оңтүстік Қазақстан облысында,
2 адам (15,4%) – Қарағанды облысында,
1 адам (7,7%) – Жамбыл облысында,
1 адам (7,7%)) – Ақмола облысында тұратынын белгілесе,
2 адамның (15,4%) – мәліметі жоқ.
Қазақстанда тұратын құмықтардың туған жері туралы мәліметтерді төмендегідей ұсынамыз:
3 адам (23,1%) – Ресейде,
1 адам (7,7%) – Дағыстанда,
1 адам (7,7%) – Қазақстанда туғандығын көрсетсе,
 8 адамның (61,5%)  – мәліметі жоқ.
Қазақстандағы құмықтардың нақты санын кесіп айту қиын. Жоғарыда айып өткеніміздей ресми тіркелгендерінің сандық көрсеткіші – 481-ді құрайды екен, 2013 жылы 507 адамға жетті деген бейресми мәлімет бар. Қазақстандағы құмықтардың басым бөлігі қазақ жеріне 1937 жылдардан бастап қоныстанғанын айтуға болады, ал олардың қоныс аударуларының басты себептері де «кулактардың мүлкін тәркілеу, құқығынан айыру», «жераудару» секілді саяси қуғынға ұшырау және «жұмыс іздеу» сипатында айқындалды.
 
Құмықтардың ұлттық-мәдени бірлестіктері және олардың тілі мен мәдениетін қолдау жағдайы
Қазақстандағы «Дағыстан» мәдени орталығы алғаш 1996 жылы Алматы қаласында, ал 1997 жылы Маңғыстау облысының Ақтау қаласында ашылды. Қазір ондай орталықтардың саны бесеу. Атырау қаласында «Салам» Дағыстан ұлттық-мәдени орталығы, Қарағанды қаласында «Дағыстан ұлттық-мәдени орталығы» атты қоғамдық бірлестіктер жұмыс істейді. Құмықтар осындай орталықтар мен қоғамдық бірлестіктердің ұйытқысымен түрлі мәдени шаралар ұйымдастырып, өздерінің ұлттық құндылықтарын дамытуға мүмкіндіктерін арттырып отыр. Құмықтардың да Қазақстанда өмір сүріп жатқан басқа да ұлт өкілдері секілді барлық құқықтары қорғалған.
 «Сіздің этносыңызға қандай дәстүрлер тән?» деген сұрақ жауаптарын келесідей саралап көрсетуге болады:    «қонақжайлылық пен улкендерге іззет» - 2 адам (15,38%); «Бесік той мен сүндет той» - 1 адам (7,7%); «қонақжайлылық» - 1 адам (7,7%) және 9 адамның  (69,2%) жауабы анықталмаған.
Бұл тақырыпты тарқату үшін «Пост-кеңестік Қазақстандағы түрік тілдері мен мәдениетінің ықпалдастығы» атты халықаралық жобаның жетекші-профессорлары И.А.Невская мен С.Ж.Тажібаевалардың 2014 жылы жасаған аудио және бейнежазбалары мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған кейбір қатысты материалдарды негізге аламыз. Қазақстандағы құмық ұлтының өкілдері, бейнежазбалардың кейіпкерлері Жамбыл облысының Мерке ауданында тұратын ерлі-зайыптылар. Олардың әке-шешелері Құмықтың Құтан деген жерінде көрші болыпты. Діндар болғандары себепті халық жауы деген айыптаумен 1935 жылы бірі – қазақ жеріне, ал екіншісі – қырғыз жеріне жер аударылады [Kumyk_Merke_25032014_NIA_V01].
Қазақстанға келген құмық отбасы қырғыз жеріне кеткен құмық отбасының қызына құда түсіп, екі жасты үйлендіреді. Олардың қазір төрт қызы мен бір ұлы бар. Баяндамада қазақ жеріндегі құмықтар туралы мәліметтерді осы отбасының айтуы бойынша ұсынатын боламыз.
Құмық Отбасыларында жастарды ата-аналары таңдап үйлендіреді. Қыз алып қашу салты да кездеседі. Құда түсу дәстүрінің ерекшелігі – күйеу жақтан қыз сұрап баратын саушылар бір емес, бірнеше рет баруы тиіс. Қалыңмал беріледі. Бұл құмықша «къалым» деп аталынады. Қызды да жасауымен ұзатады. Қыз жасауын «қызның үй дүнясы» (qəznəŋ ɤj dɤnjasənə) дейді [Kumyk_Merke_25032014_NIA_V02]. Ал Дағыстандағы құмық тілінде бұл сөз сеп (къызгъа берилеген мал опуракъ) деп айтылады екен [http://xn----ntbbedaael5ct1hh8c.xn--p1ai/slovar/slovar.php]. Бір қызығы, қазақ тілінің оңтүстік диалектісінде де қыз жасауы «сеп» деп айтылады.
Бала дүниеге келгенде жетінші күні қой сойылып, еті жеті көршіге таратылып, қалған еті үйде асылып «хақлық» беріледі. Сәбиге ат қойылып, құлағына азан шақырылады. Аттары көбіне ислам дінінің әсерімен араб есімдері болып келеді. Мысалы: Мукусым, Рүкият, Мәдинә, Мүстафа, Мұхәммәд, Хажи т.б. Соңғы уақыттары орыс есімдерінің әсері де көрінеді: Лена, Эмма, Клара, Зоя, Эльвира, Роза, Марат, Эльмира, Зарема, Ренат т.б. Бала бесікке салынады. Бірақ әлди орнына «назумы» немесе «зикро» айтылады. Бұл екеуі де Алла мен пайғамбарларына мадақ жыры іспетті. Құмық бесіктері қазақ бесіктерінен жасауымен ерекшеленеді [Kumyk_Merke_25032014_NIA_V03].
Сүндет тойы тойланады. Алайда құмықтардың барлық тойларында ешқандай музыка мен ән-би деген сауықшыл салттар болмайды. Тойға жиналған жұрт ер, әйел бөлек отырып зикро айтады, яғни Алланы зікір етеді.
Қазақстандық құмықтар мал және егін шаруашылығымен айналысады. Төрт түліктен көбіне жылқы мен қой асырайды. Негізінен құмықтар басқа да шафи масхабын ұстанушылар секілді ат етін жемейді. Бірақ Қазақстандағы құмық өкілдері қазақ сияқты соғымға жылқы сояды. Сәйкесінше көкпар ойынына да әуесқой болып, жастайынан асық та ойнайды. Құмық күресін «сунна» деп атайды. Ал Дағыстанда бұл спорт түрі «тутуш» деп аталынады екен.
Қазақстандағы құмықтар жылқы баққанымен, қымыз жасауды білмейді. Айранды «куверде» (күбі) пісіп, ұзақ шайқатып, майын алады. Ұлттық тағамдары ретінде «мант жапрақ», «хинкали» мен «күрзенің» орны ерекше.
Әйелдерінің жұмыс күндері таңғы дұғамен басталады [Kumyk_Merke_25032014_NIA_V04]. Күнделікті айтатын дұғаларынан ислам тарихынан жақсы хабардар екендіктері байқалады. Сауалнама жауаптары негізінде қазақстандық құмық халқының ұлттық дәстүрлерінен қол үзбегендігін көреміз, сонымен қатар қазақтың дәстүрлерінің әсері де байқалады.
«Көрші этностардың әсерімен дәстүрлеріңізге қандай өзгерістер енген?» деген сұраққа мынадай жауаптар алынды: «білмеймін» - 6 адам (46,1%); «ешқандай өзгеріс жоқ» - 2 адам (15,3%); «байқаған жоқпын» - 1 адам (7,6%); 4 адамның (30,7%)  жауап мәліметтері жоқ. Осы көрсеткіштер және де жоба аясында дайындалған аудио жазба сұқбаттарынан байқалғандай, құмық диаспорасының өкілдері өз этносын қазақтармен өте жақын деп халық деп ойлайды, сондықтан да дәстүрлерінен айтарлықтай айырмашылықтарды айшықтамайды.
«Сіздің этносыңыздың дәстүрлерін сақтауға қандай мүмкіншіліктер берілген?» деген сұрақ жауаптары: «барлық мүмкіншілік берілген» - 3 адам (23%); «білмеймін» - 1 адам (7,6%) және 9 (69,2%) адамның жауабы айқындалмаған.
 
Тілі мен жазуы, әдебиеті
Құмық тілі – Дағыстандағы мемлекеттік тіл болып саналатын он төрт тілдің бірі, Қазақстандағы құмық диаспорасының экзогенді тілі. Құмық тілі – Дағыстан Республикасына, Шешенстанның солтүстігіне және Солтүстік Осетияның Моздок ауданына және Түркияға, Таяу Шығыстың бірқатар елдеріне тараған тіл. Құмық түріктері өздерінің ана тілі болып табылатын құмық тілінде сөйлейді және ұлттық әдеби тілі қалыптасқан ұлт болып табылады. Әдеби тілі буйнақ және хасавюрт диалектілерінің негізінде қалыптасқан, Дағыстандағы алты әдеби тілдің бірі болып табылады [Левитская: 1996, 320].
Құмық тілі, Н.А. Баскаковтың жіктемесі бойынша, қарашай-балқар, ноғай тілдерімен қатар, түрік тілінің Батыс Ғұн бұтағынан өрбитін «Қыпшақ» тобына жатады [Баскаков, 1981: 18-19]. Құмық тілінің кезеңге бөлінуі осы уақытқа дейін анықталмаған. Шамамен, моңғолдық дәуірге дейін, ХІІІ ғасырда қалыптасқан деп есептеледі. XVII ғасырдан Солтүстік-Шығыс Кавказда құмық тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде және орыс әкімшілігімен ресми тіл болып қалыптасты. Құмық тілі ХІХ ғасырдың басына дейін Дағыстанның солтүстігіндегі, яғни Дағыстанның тау етегіндегі және жазықтағы аймағына тараған лингва-франка – ұлтаралық қатынас тілі болып табылады. Құмық тілі Алтын Орда мемлекеті ыдырағаннан кейін де ұлысаралық қызмет атқарған. Көп ұлыстардан құралған Дағыстан мен Солтүстік Кавказды көптеген ұлттар мен ұлыстар мекен еткендіктен, олар қарым-қатынас құралы ретінде құмық тілін қолданған. Осы аймаққа келген ресейліктер де құмық тілін үйренуге мәжбүр болған. Қазіргі уақытта сан жағынан аз халық – құмықтардың тілі бір кездерде халықаралық тіл деңгейінде болғандығы, шын мәнінде, таңғаларлық.
Құмық тілі мынадай бес диалектіден тұрады: хасавюрт, бұйнақ, қайтақ, таулы және тер. Қазіргі құмық әдеби тілі хасавюрт және бұйнақ диалектілерінің негізінде қалыптасқан [Левитская: 1996: 320]. Тер диалектісі Шешенстан, Ингушетия және Осетия Республикаларында қолданылса, қайтақ диалектісі ешбіріне ұқсамайтындығымен ерекшеленеді. Құмық диалектологиясының ғылым ретінде негізін қалаған көрнекті түрколог-ғалым Н.К. Дмитриев. Құмық диалектологиясының дамуына И.А. Керимов, Н.X. Ольмесов т.б. ғалымдар елеулі үлес қосты.
Ресейде 2010 жылы жүргізілген санақ нәтижелері бойынша 426 212 адам құмық тілінде сөйлейді екен [Алиев, 1990]. Құмық тілі Дағыстан Республикасының Конституциясына сәйкес, 1994 жылы орыс және Дағыстандағы басқа тілдермен қатар, мемлекеттік тіл болып танылды/
Қазақстандағы құмық диаспорасының балалары орыс мектептеріне барады. Қазақстандағы басқа да ұлттар секілді құмықтардың да ұлтаралық тілі орыс тілі саналады. Сондықтан да күнделікті тұрмыстық тілдерінде орыс тілінен енген кірме сөздер көптеп кездеседі. Сәйкесінше дыбыстық ұқсастықтары жақын қазақ тілінің әсері де жақсы байқалады.
 
Орфография (жазу ерекшелігі)
1928 жылға дейін құмықтар араб жазуын, 1928-38 жылдары – латын графикасына негізделген әліпбиді қолданса, 1938 жылдан бастап кириллица әріптерімен жазып келеді. Құмық әліпбиінде 38 әріп, оның ішінде 6 қосымша әріп бар:  гъ (ғ/ ʁ), къ (қ/ q), нъ (ң/ ŋ), оь (ө/ ­), уь (ү/ ɤ), ж (дж/ ʒ). 8 дауысты дыбыс: а, е, ы (ə), и, о, оь, у, уь және тек кірме сөздерде қолданылатын дауысты ә (æ) дыбысы, 23 дауыссыз дыбысы бар.

Құмық тілінің фонетикалық ерекшеліктерін дауысты және дауыссыз дыбыстарға арналған келесі кестелерден көруге болады:
№1. Дауысты дыбыстар кестесі
Фотография

Халық ауыз және жазба әдебиеті
Құмық халқының жадында эпикалық (батырлар жыры, тарихи және тұрмыстық әндер, дидактикалық мазмұнды жырлар (йыр'лар), ертегілер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар), лирикалық («сарын» деген төрт жолды өлеңдер) және «яс» немесе «яс-йыр» деп аталатын (жоқтау) поэзия үлгілері сақталған.
Ескі құмық тілінің ерекшелігін сақтай отырып ортақ түрік тілінде өлеңдерін жазған Умму Камал есімді ақын 15 ғасырдағы көрнекті тұлғалардың бірі саналады. Ал құмық жазба әдебиетінің негізін салушы, әрі классикалық ақындары ретінде Йырчы Къазакъ пен Магомед-Афенди Османов есімдерін айтуға болады.
Төңкеріске дейінгі құмық әдебиетінде татар әдебиетінің әсері байқалса, кейінгі кезеңде әзірбайжан әдебиетінің әсерін көруге болады. 20-шы ғасырдың алғашқы онжылдығы құмық әдебиетінің гүлдену дәуірі болып, мынадай ақын-жазушыларымен танылды: Манай Алибеков, Нухай Батырмурзаев және оның ұлы его сын Зайнал Батырмурзаев, Абуш Карамурзаев, Коччакай Джамалутдин Ханакаев, Магомед-Кади Дибиров, Казияв Али, Адиль-Герей Измаилов, Ансар Кадиев, Абусуфьяна Акаева, Билал Алибеков, Нажмутдин Гайдарбеков, Шихаммат-Кадий Эрпелинский, Абдулхалим Дженгутаевский; Темирболат Бейбулатов, Алипмурза Девлетмурзаев, Магомед Казанбиев, Ачакан Казбеков т.б. (http://feb-web.ru/feb/litenc/encyclop/le5/le5-7251.htm).
Сауалнамадағы «Сіз ана тіліңіздегі халық ауыз әдебиеті үлгілерін (ертегілер, аңыздар, мифтер, тарихи поэмалар) білесіз бе? Қандай?» деген сұраққа 13 құмық диаспорасы өкілінен төмендегіше жауап алынған: «жоқ» - 7 адам (53,8%); «хабарым ба, жатқа білмеймін» - 1 адам (7,6%); «ұзақ тізіме аламын» - 1 адам (7,7%); «аздап» - 1 адам (7,7%) және 3 адамның (23%) жауап мәліметтері жоқ.
Құмық диаспорасы өкілдерінің басым бөлігі (53,8%) ана тілдеріндегі халық ауыз әдебиетінің үлгілерін білмейді. Мұның түрлі себептері болуы мүмкін. Біздің ойымызша басты себебі, келесі бөлімде талданатын, құмық диаспорасы өкілдерінің кәсібі, жұмыс істеу ортасымен байланысты, яғни олар білім мен ғылым, әдебиет саласынан алыстау ортада өмір сүреді.
 
Сауалнама бойынша құмықтардың әлеуметтік-лингвистикалық жағдайын статистикалық талдаудың қорытындылары
Халықаралық жоба аясында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша, құмық отбасыларының басым көпшілігі аталарының қазақ жеріне қашан және қандай жағдайда қоныс тепкенін дәл, нақты айта алмайды. Сауалнаманың «Қашан көшіп келдіңіз?» деген сұрағына оған қатысушы 13 құмықтың 9-ы, яғни 69,2% нақты жауап бермеген, ал келу себебін олардың 1-еуі (7,6%) «жер аударумен», 3-і (7,1%) «жұмыс үшін» деп көрсетсе, 9-ының (69,2%) жауап мәліметтері жоқ. «Қазақстанға жер аударылдыңыз ба?/депортацияландыңыз ба?» сұрағына 13 адамның 11-і (84,6%) – жоқ, 1 адам (7,7%) – ия деп жауап берген, ал 1 адамның (7,7%) жауап мәліметі ұсынылмаған. Жауап мәліметтерінен құмықтардың мәжбүрлі түрде көшіп келмегендерін көрсетеді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін елдегі этнодемографиялық жағдай күрт өзгерді. Қазақстаннан Ресейге және Еуропа елдеріне көші-қон процесі ел халқының санын 9,1 % төмендетті. Тәуелсіздік жылдары Қазақстандағы түрлі этнос өкілдерінің басым көпшілігінің саны күрт төмендеді. Құмық диаспорасы өкілдерінің саны да 1989 жылдардан 2009 жылға дейін 1219 адамға төмендегені байқалады.
Жүргізілген жоба аясында құмық этно-мәдени орталықтарының көмегімен құмық халқы өкілдерімен кездесулер өткізіліп, сауалнама жүргізілді. Сауалнама алынған респонденттердің барлығы дін ұстану және ұлттық салт-дәстүрлер мен ұлттық тағамдарды сақтай білудің, ұлттық танымның қажеттігін көрсетті. Зерттеу сұхбат алу (интервью), сауалнама толтыру және сауалнаманы талдау әдісі бойынша жүргізілді.
Этникалық жіктелім: сауалнама алынған 13 құмық-респонденттің барлығы ер адам (100%).
Этникалық таным: төлқұжаты бойынша 13 құмықтың барлығы (100%) құмық деп көрсетілген. Ал ұлттық таным бойынша 13 құмықтың 12-i (92,3%) өздерін құмық, тек 1-еуі (7,7%) өзін орыс ұлтына тиесілі деп таниды.
Әкесінің ұлты: 13 адам (100%) – құмық. Сауалнама талдамасы көрсетіп отырғандай. Әке тарапынан құмықтардың ұлттық құрамы тек құмық ұлтынан тұрады.
Ал құмықтардың аналық тармағы бойынша құрамында тек үш ұлттың қатыстылығын көреміз: 3 адам (23,1%) – құмық; 1 адам (7,7%) – татар, 1 адам (7,7%) – орыс, 8 адамның (61,5%) жауап мәліметі анықталмаған.
Осылайша, құмық этносындағы аралас некелі жанұяларда әке тармағы басымдылықты құрайды, сондықтан барлық мәлімет әке тарапы бойынша беріледі. Этникалық танымда ұлтына қарамастан әке жағына басымдық беріліп, жанұядағы баланың ұлты әкесінің ұлтымен анықталады. Құмық жанұяларында, басқа да ислам сеніміндегі түркі халықтары жанұяларындағы секілді әке беделі өте жоғары саналады. Дегенмен, осыған қарамастан, аралас некелі жанұяларда ұлты құмық ер адамдар да, ұлты құмық қыздар да басқа ұлт өкілдеріне үйленіп, тұрмысқа шыға алады. Қазақстандағы құмық отбасыларында аралас неке басым және аралас некеге ешқандай шектеу қойылмаған. Құмық отбасыларында аралас неке көбіне қазақ және татар ұлтымен құрылғанын көреміз.
Құмықтардың аралас некелеріндегі ұлттық үлес салмақ келесідей қөрінеді:
6 адам (46,1%) қазақтармен, татарлармен;
4 адам (30,7%) - орыстармен,
1 адам (7,7%) шешендермен,
2 адам (15,3%) басқа да ұлттармен.
Ал аралас отбасыларда бала ұлтының белгіленуі төмендегідей көрініс табады:
5 (38,5%) баланың ұлты құмық деп жазылған,
8 (61,5%) баланың ұлты туралы ақпарат жоқ.
Талдау нәтижелерінен көрінгендей, сауалнамаға қатысқан құмық өкілдерінің басым бөлігін ерлер құрайды.
Сауалнама қатысқан үлкен және орта буынды респонденттер ана тілін жақсы біледі және құмық тілін шұбарламай жақсы меңгерген. Құмықтардың барлық буын өкілдері қазақ тілін түсіне алады.
Сауалнаманың отбасында мектеп жасына дейінгі балалармен қай тілде сөйлесесіз сұрағының жауабы бойынша қорытындысы: 
5 (38,5%) – қазақ және орыс тілінде;
4 (30,8%) – құмық және орыс тілінде
3 (23,1%) – тек қана орыс тілінде;
1 (7,7%) – тек қана құмық тілінде.
Сауалнаманың отбасында мектеп жасындағы балалармен қай тілде сөйлесесіз сұрағының жауабы бойынша қорытындысы: 
5 (38,5%)  – тек қана қазақ тілінде;
4 (30,8%) – тек қана орыс тілінде;
2 (15,4%) – құмық және орыс тілінде;
2 (15,4%) – мәліметі көрсетілмеген.
Отбасында ересектермен қай тілде сөйлесесіз сұрағының талдауы: 
5 (38,5%)  – құмық, қазақ және орыс тілінде;
3 (23,1%) – құмық және орыс тілінде;
3 (23,1%) – тек қана орыс тілінде;
1 (7,7%) – тек қана құмық тілінде;
1 (7,7%) – мәліметі көрсетілмеген.
Басқа ұлт өкілдерімен қай тілде сөйлесесіз сұрағының талдауы: 
10 (76,9%) – тек қана орыс тілінде
1 (7,7%) –  қазақ және орыс тілінде;
1 (7,7%) – қазақ және түрік тілінде;
1 (7,7%) – мәліметі көрсетілмеген.
Тілдік жағдайды талдау нәтижелері Қазақстандағы құмықтар үшін «тілдік фактордан» туындайтын мәселелердің жоқтығын көрсетті. Құмықтардың көбі (70%) орыс тілін еркін меңгерген немесе олардың басым бөлігі (61,5%) қазақ тілінде түсінісе алады. Респонденттердің ешбірі тілдік негіздер бойынша олардың құқықтарын бұзу фактілерін белгілеген жоқ. Тіл саясатының неғұрлым қолайлы модельдері ретінде қазақстандық құмықтар мемлекеттік тіл – қазақ тілін және ресми тіл – орыс тілін қатар қолданатын «қостілді» болып келеді (80%).
Сонымен, тілдік жағдайды талдау қорытындысы бойынша:
5 адам (38,5%) – қазақ, құмық және орыс тілдерінде еркін сөйлейді;
4 адам (30,8%) – башқұрт, құмық және орыс тілдерінде еркін оқиды;
4 адам (30,8%) – қазақ, құмық және орыс тілдерінде еркін жазады;
5 адам (38,5%) – қазақ, құмық және орыс тілдерінде еркін түсінісе алады;
7 адам (53,8%) – орыс тілінде кітап, газет, журнал және хабарландыруларды еркін оқи алады;
7 адам (53,8%) – орыс тілінде дәріс, сұхбат, баяндама, телебағдарламалар мен радиохабарларды тыңдап, түсіне алады;
5 адам (38,5%) – орыс тіліндегі концерттік және сахналық бағдарламалар тыңдау түсінікті;
9 адам (69,2%) – қазақ және орыс тіліндегі фильмдерді олардың ана тілінде түсіндірудің қажеті жоқ деп жауап берген.
Барлық респонденттер өздерін өз ұлтының толыққанды мүшесі деп санайды. Құмықтар жеке тұлғасын белгілейтін факторларда, ең алдымен, өздерін өз ұлтының құндылықтарымен тұтас қарастырады (сауалнамаға жауап берген 13 адамның 9-ы  (69,2%) ислам дінін ұстанады), екінші кезекте –жалпы қазақстандық азамат ретінде куәландырады (84,6%).
Қазақстандық құмық диаспорасының өкілдері қазақтар және елде тұратын басқа этникалық топтар арасында ешқандай қақтығыстар мен шиеленістер жоқ деп көрсетеді.
Тұтастай алғанда, Қазақстанда белгілі бір «құмықтық мінез-құлық үлгісін» бөліп қарастыру мүмкін емес, алайда зерттеу нәтижесі бұл этникалық топтың мынадай екі ерекшелігін көрсетеді: оның бірі – қақтығыссыз әлеует болса, екіншісі – этносаралық өзара ықпалдастық үшін ашықтық деңгейінің жоғарылығы.
 
Құмық халқының кәсібі
Құмық халқының құрамы күрделі болып, көптеген тайпалардың бірігуінен құралды. Олар отырықшы халық болып, суармалы егіншілікпен шұғылданды. 8-9 ғасырлардан бері бау-бақша, әсіресе жүзім өсіру, диқаншылық олардың дәстүрлі кәсібі болып келеді. Құмықтар өте ерте кезден мал шаруашылығымен де айналысып келеді. Олар қаруды жасау ісімен де танымал халық.
Құмық этносы, әдеттегідей, ауылшаруашылығы және мал шаруашылығымен айналысады, бірақ басқа да мамандықпен жұмыс істейтіндері де бар. Мұны мәліметін ұсынған 13 респонденттің төмендегі жауаптарынан көре аламыз:
4 адам (30,7%) – студент;
3 адам (23,1%) – қызмет көрсету саласында;
2 адам (15,4%) – мұғалім, оқытушы;
2 адам (15,4%) – оқушы;
1 адам (7,7%) – мемлекеттік қызметкер;
1 адам (7,7%) – жұмысшы.
Сауалнама соңындағы «Сіз өз жауаптарыңызға тағы нені қосқыңыз келеді? Сіздің мектепте оқыту, мәдени-ағарту жұмыстары, ана тілінде кітап пен үнқағаз шығару туралы қосып-алатын ұсыныстарыңыз бар шығар?» деген сұраққа олар ұлттық мерекелерін тойлап, үлкен буын мен жас буынның өзара байланысын нығайту үшін және жастарға халық ауыз әдебиетін үйрету үшін құмық этномәдени орталықтарының көптеп ашылуын білдірді.
Зерттеу нәтижелерін мынадай тұжырымдармен қорытындылауға болады:
  • құмықтар мен қазақтар гендік әрі тілдік ерекшеліктерімен өте жақын туыс ұлт болып табылады және олардың өзара байланыстарының тамыры тереңде жатыр;
  • қазақ пен құмық арасында кездесетін параллелизмдер екі ұлттың этногенезінің сабақтас екендігін түсіндіреді.
  • Қазақстандағы құмықтарда жергілікті қазақ және орыс ұлттарының тілдік, тұрмыстық және мәдени әсерлері байқалады;
  • құмықтар Қазақстан кеңістігінде өзіндік тілдік ерекшеліктері мен салт-дәстүрлерін, мәдениетін, дінін сақтап келуде;
  • Қазақстандағы басқа да ұлттарға қарағанда құмықтар дінді берік ұстап, шариғат заңдарын сай өмір салтына талпынады.
 
Әдебиеттер:
http://xn----ntbbedaael5ct1hh8c.xn--p1ai/slovar/slovar.php
Kumyk_Merke_25032014_NIA_V01
Kumyk_Merke_25032014_NIA_V02
Kumyk_Merke_25032014_NIA_V03
Kumyk_Merke_25032014_NIA_V04
Аджиев А.М. У золотых родников. – Махачкала, 1991.
Аджиев А.М. Устное народное творчество кумыков. – Махачкала, 2005.
Аджиев М. Мы - из рода половецкого. – Рыбинск, -1992. -144 с.
Алексеев В. П. Избранное. Происхождение народов Кавказа. –Наука, 2009. –Т. 5. –С. 228-229
Алексеев В.П. География человеческих рас // Избранное в 5 т. Т. 2. Антропогеография. - Москва: Наука, 2007. 
Алиев К. Кумыки: имя, история, идентитет. 2011. http://kumukia.ru
Алиев К.М. Из истории кумыкского языка / Ленин ёлу, 10 марта 1990 г.
Алиев К.М. Таргу-Наме. – Махачкала, 2001.
Баскаков Н.А. Алтайская семья языков и ее изучение. - М., Наука, 1981.
Гаджиева С.Ш. Современная культура и быт народов Дагестана. Москва, 1971.
Гадло А.В. Этническая история Северного Кавказа. – IV – X вв. – Ленинград: Издательство Ленинградского университета, 1979. -217с.
Гейбуллаев Г А. К этногенезу азербайджанцев. - Баку. 1991
Дмитриев Н.К. Грамматика кумыкского языка. М.-Л., 1940.
Идрисов Ю.М. Кумыкско-казахские межэтнические связи // Казахи России: История и современность. Материалы Международной научно-практической конференции. Омск, 2010.
Кадыраджиев К.С. Загадки кумыкской и тюркской истории от Эгейского до Каспийского морей. – Махачкала, 1992.
Кадыраджиев К.С. Проблемы сравнительно-исторического изучения кумыкского и тюркских языков. - Махачкала, 1998
Керимов И.А. Очерки кумыкской диалектологии. Махачкала, 1967.
Левитская Л.С. Кумыкский язык // Языки мира: Тюркские языки. - М., 1996. -543 с.
Муканов М.С. Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза. – Алма-Ата, 1974.
Народы Кавказа / Под общ. ред. С.П. Толстова. –М.: Изд-во АН СССР, 1960. –Т. 1. –С. 422.
 Национальный состав населения Российской Федерации согласно переписи населения 2010 года
Ольмесов Н.Х. Фонетика кумыкского языка (система гласных). Махачкала,1985.
Портал Всероссийская перепись населения, 2010 г. http://www.gks.ru/free_doc/new_site/perepis2010/croc/perepis_itogi1612.htm
Сулейменoвa Э.Д., Шaймеpденoвa Н.Ж., Aкaнoвa Д.Х. Языки нapoдoв Кaзaхстaнa // Сoциoлингвистический спpaвoчник. Aстaнa. - Apмaн-ПВ. - 2007. - 304 с.
Федоров Я.А. К вопросу об этногенезе кумыков // Научные доклады Высшей школы. Исторические науки. – Москва, 1959. №1.
Федоров-Гусейнов Г.С. История происхождения кумыков. – Махачкала: Дагестанское книжное издательство, 1996. -168 (+6) с.
Шихалев Д.-М. Рассказ кумыка о кумыках. Махачкала, 1993.
Ярлыкапов А. А. Религиозные верования // Народы Дагестана / Отв. ред. С. А. Арутюнов, А. И. Османов, Г. А. Сергеева. –М.: «Наука», 2002. –С. 68.
А.А. Жалмырза

Бейне

Powered by Create your own unique website with customizable templates.