Посткеңестік Қазақстандағы түркі тілдер
  • Жоба жайлы
    • Жобаға қатысушылар
    • Байланыс
  • Түркі халықтары туралы
  • Басылым
  • Сауалнама толтыру
  • Нәтижелері
  • Галерея
  • Бұл қызықты
  • Орысша
  • Ағылшын

Қарашайлықтар

Қарашайлықтар – атажұртынан жаппай қуылған халықтардың бірі. Қарашайлардың жер аударылуы бірнеше кезеңмен амалға асырылды. 1943 жылы 15 сәуірде КСРО-ның Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) №52-6927 «573 бүлікші отбасы мүшелерін жер аудару» туралы нұсқауы шықты. Алайда бұл нұсқау жалпы халықтың немістермен ауызбіршілікте болып, сатқындық жасады деп айыпталуына себеп болды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 12 қазан 1943 жылғы №115-13 жарлығы және ХКК-ның 14 қазан 1943 жылғы №1118-342 қаулысы негізінде 62,842 қарашайлық Қазақ және Қырғыз КСР-іне қоныс аударуы тиіс болды (Бугай 1992: 265). Қарашайлықтарды мәжбүрлі түрде жаппай жер аудару үдерісі 2-5 қараша күндері амалға асты. Жүк пойыздарына тиелген 68,938 қарашайлықтар өз жерлерінен қуылды. Көшіру барысында он мыңдаған халқы қаза болған қарашайлықтар Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан жерлеріне қоныстандырылды.
Қазіргі күнде Қазақстанның Алматы, Павлодар, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында мыңға жуық қарашайлықтар өмір сүруде. 1996 жылдан бері қарашай-балқар диаспорасы «Минги тау» этно-мәдени орталығымен бірге белсенді жұмыс атқарып келеді. 


Қысқаша тарихы мен мәдени ерекшеліктері 
Қарашай халқының этникалық атауы
Солтүстік Кавказдың түркі тілдес халықтарының қарашайлар деп танылған Қарашай халқы өздерін қарашайлы, яғни қарашайлылар деп атайды. Сонымен қатар Қарашай халқы өздерін Taulu / Tawlu “Таулық” (тау елінің адамы), Taulala “таулықтар” деп те іштей саралап көрсетеді. Еуропалық ғалым У.Прохле 1915 жылы Солтүстік Кавказ елдеріне жүргізген зерттеулері кезінде Малқар (Балқар) атауын тек қана Черек тауының бөктерінде тұратын таулықтарға қатысты қолданды. Ал шын мәнінде, Басхан, Чегем және Қарашай аймақтарының халқы тау бөктерінің атымен аталынды. Яғни, Черек тау бөктеріндегілер өздерін малкарлы деп атаса, Басхан тау бөктеріндегілер басханчы, Чегем тау бөктеріндегілер чегемлі, ал Қарашай аймағындағы халық үшін қарашайлы атауы қолданылған болатын. Негізі осы халықтар өздерін таулы, ал бір-бірін алан деп атаған.
1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін Кавказ елдерін жаулап алған большевиктер жаңа әкімшілік басқару жүйесін өзгертіп, Қарашай аймағын Қабарда, Бесленей және Абазалар жерлерімен біріктіріп, Қарашай-Шеркеш автономиялық аймағын құрады. Кейін Кеңес үкіметі Басхан, Чегем, Бызынгы, Холам және Черек аңғарларын жайлаған тау халқы – балқар және қабардалармен бірге құрылған Қабарда-Балқар Автономиясына қосады. Осылайша 1922 жылы бір ұлттан бір-бірінен бөлек қарашай және балқар халқы пайда болады (Tavkul 2002: 565).
 
Діні мен мәдениеті
Қазіргі таңда қарашайлардың барлығы дерлік ханафи мәсхабыын ұстанатын суннит мұсылмандары. Олардың жаппай ислам дінін қабылдай бастауы кейінгі орта ғасырларға сәйкес келеді. Зерттеушілердің болжауынша, XVII ғасырда Солтүстік Кавказға ноғайлар мен қырым татарларының көшіп келуі қарашайлардың ислам дінін қабылдауына себеп болады.
Көне дәуірдегі өзге түркі халықтары сияқты қарашайлардың да арғы ата-бабалары шаманизм, тәңіршілдік, христиан және т.б. наным-сенімдерге иланған болатын. Әсіресе, қарашайлылардың ұзақ уақыт Тәңірге сенгендігін дәлелдейтін мәліметтер бар. Қарашай-балқарлардың да исламға дейінгі көне түрік наным-сенімдерін ұстанғандығын Teyri - Тәңрі, Umay-Ene – Ұмай-анаға қатысты аңыз-әңгімелерінен аңғаруға болады. Азиялық Ғұн (б.з.б. III ғ. – б.з. III ғ.) және Еуропалық  Ғұн (V - VI.ғғ.) императорлығы кезеңінен бері белгілі болған көне түріктердің бір Тәңірге сенуі – Тәңіршілдіктің іздері қарашай халқының батырлық жырларында да көрініс тапқан (Карачаевцы, Балкарцы 2014). Ерте орта ғасырларға жататын армян және Византия дереккөздерінде Кавказ жеріндегі ғұндардың Тәңірі-хан деп аталған тылсым күшке ие құдайының болғандығы жайлы мәліметтердің кездесуі қарашайлардың да өзге Кавказдағы түрік халықтары тәрізді осы наным-сенімді ұстанғандығын дәлелдей түседі.
Сонымен қатар, қарашайлар арасында христиан діні іздерінің болуы да тарихи жағдайларға негізделеді. Ертеде Кавказ елінің өзге халықтары сияқты қарашайлардың арғы тегі христиан дінін де ұстанған болатын. Солтүстік Кавказ жерінде орта ғасырларда, нақтырақ бұлғар, сабыр, көктүрік және хазар секілді көне түрік тайпалары кезінде Византияның әсерімен христиан діні жайыла бастады. Кейін құман, құм, половец тәрізді қыпшақ тайпаларының христиан дініне жақын болғандығы және олардың кейбіреуінің осы дінді қабылдағаны да белгілі. Қарашайлардың арғы тегі саналатын қыпшақ түріктерінің заманында христиан діні Солтүстік Кавказ жерінде тамырын терең жайып, орныққан бір дін болатын. Ортағасырлық византиялық, араб, парсы, славян және т.б. дереккөздердегі мәліметтер қарашайлардың христиан дінін де ұстанғанын растай түседі. Бүгінде қарашайлар арасында осы дінге тән кісі есімдері және діни әдет-ғұрыптары да кездеседі (Карачаевцы, Балкарцы 2014).
 
Қарашайлардың салт-дәстүрлерінен, жыр-дастандарынан, ертегі және аңыз-әңгімелерінен Кавказ елінің жергілікті тайпаларына ортақ мифологиялық мотивтерді көре аламыз (Tavkul 2002: 265-267). Әсіресе көршілес шеркеш, қабарда, осетин және өзге де Кавказ халқының ауыз әдебиетінде кездесетін тау, өзен-су, жел, жаңбыр, топырақ, от және т.б. табиғат құбылыстарымен байланысты сарындар қарашай-балқарлардың ауыз әдебиетінің тұтастығын көрсетеді. Осетин ғалымы В.И.Абаев Кавказ халықтарының әртүрлі тілде сөйлегендеріне қарамастан, олардың ортақ бір мәдениетке ие болғандығын жазды (Абаев 1933). Демек, бүгінгі күнде жеке ұлыстар мен ұлттар ретінде қарастырылып келе жатқан қарашай-балқар халықтарын ортақ мәдениеті, дүниетанымы, діні біріктіреді деп айта аламыз.
Халықаралық жобаның сауалнамасына қатысқандардың 75%-ы ислам дінін ұстанып, діни әдет-ғұрыптарды орындайтындарын және тек мұсылмандармен некелесетінін білдірді (http://tyurki.weebly.com/).
 
Халық ауыз және жазба әдебиеті                                                     
Қабарда және қарашай-балқар халықтары тарихи тағдырлас болғандықтан, тілдеріндегі айырмашылықтарға қарамастан, олардың әдебиеті бір арнада қатар дамыды. Қарашай әдебиетінің негізгі бастауы, әлемнің басқа да халықтарының әдебиеті тәрізді – халық ауыз әдебиеті. Қарашайлардың ерте кезеңдегі тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін терең зерттеген ғалымдар олардың ауыз әдебиетінің өте бай екендігін жазды. Мысалы ХХ ғасырдың бас кезінде орыс география қоғамының мүшесі, этнограф-кавказтанушы Г.Ф.Чурсиннің еңбектерінде қарашайлықтардың халық әндерінің туу сарындары мен орындалу ерекшеліктері Кавказдағы көрші басқа да түрік халықтары тарапынан жоғары бағаланғандығы баяндалады. Өте бай қарашай ауыз әдебиеті тақырыптық және стильдік ерекшеліктері жағынан өзге Кавказ халықтарының сөз өнеріне жақын болып келеді (Чурсин 1913).
Қарашай ауыз әдебиетінің маңызды ерекшеліктерінің бірі - Нарт таурухла, яғни нарт дастандары. Нарт дастандары – қарашай-балқар түріктеріне және әртүрлі тілде сөйлейтін көршілес кавказдық халықтарға ортақ мұра болып табылады (Абаев 1933). Кавказ мифологиясына сүйенсек, нарттар –  кавказ халықтарының арғы тегі болып саналған, аты аңызға айналған кейіпкерлер. Нарт жырларында олардың атты қолға үйреткендігі, темір балқытып, алғашқы қару-жарақтарды жасағандығы айтылады. Нарттар батылдықтың, ержүректіліктің, игіліктің және Кавказ халқы мәдениетінің символына айналған. Ең ақылды, тапқыр және шебер жауынгерлер болған нарттар, адам күші жетпейтін жауларын күш-қуат пен ынта-жігермен ғана емес, терең ақылдылықпен жеңетін болған. Жоғарыда айтылғандай, нарт жырлары тілі мен ділі әртүрлі, басқа-басқа бабадан тараған Кавказ халықтарының арасындағы мәдениетті біріктіретін бірден-бір туынды саналады. Нарт дастандары адыг (шеркеш), абхаз, осетин және шешен-ингуш халықтарымен бірге қарашай-балқар түріктерінің ауыз әдебиетінде де ең көне туынды болып саналады.
Қарашай халық ауыз әдебиетінің құрамдас бөлігі саналатын нарт дастандарынан бөлек батырлар туралы жырлары мен тарихи жырлары да олардың маңызды рухани-мәдени мұрасы болып табылады. Жыршы деп аталатын халық ақындары орындайтын жырларда қарашай халқының тарихы, қоғамдық құрылымы, Кавказдағы басқа халықтармен қарым-қатынастары, Ресейге қарсы азаттық күрестері секілді кесек тақырыптар жырланды (Казахская литература, 2005: 238).
«Авчы Бийнөгер» (Аңшы Бинөгер) дастанын қарашай-балқар ауыз әдебиеті туындыларының ең көнелеріне жатқызуға болады. «Батыр Карча» дастанында қарашайдың Карча есімді биінің қабардалық шахзадалармен күресі баяндалады. Қарашай-балқар халық әдебиетінде қабардалық шахзадалардың ерліктерін баяндайтын жырлар да кездеседі. Мұндай жырлар қабарда халқының әдебиетінде де, қарашай-малқар халқының әдебиетінде де құнды шығармалар болып табылатындығы таңғаларлық жәйт. Қарашай-малқарлар аталмыш жырлардың кейіпкерлерін иемденіп алғаны соншалық, Ачемез бен Жансох сияқты тарихта болған қабарда батырлары кейіннен қарашай-балқар халқының батырлары ретінде де таныла бастайды.
Қарашайлардың тарихи жырлары ішінде Ресейге қарсы азаттық күрестері баяндалатын түрлері де бар. 1828 жылы генерал Эмануель басшылығымен Ресей әскеріне қарсы Хасавка аймағында болған соғыс жайлы «Хасавка» жыры және осы соғыста шейіт болған «Ұмар жайлы жыр» қарашай-орыс соғыстары бейнеленген туындыларға мысал бола алады.
Халық ауыз әдебиеті туындыларының халыққа таралып, ел аузында айтылуы,  бүгінгі күнге дейін сақталып, өркендеуі үшін жыршылар зор еңбек сіңірді. Ауыз әдебиетінің көптеген үлгілері солардың арқасында халықтың игі мұрасына айналды. Көбіне қарашай жырларының айтушылары ұмытылып, халықтанып, ғасырлар бойы ауыздан-ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа берілу барысында өзгерістерге ұшырады.
Қарашай-балқар халық ақындары арасында XVIII ғасырда, дәлірек 1695-1798 жылдар арасында өмір сүрген Заңтудының алар орны айрықша. Оның қабарда ханзадасы Қайтұқұлы Асланбек жайлы айтқан жыры кең танымал болып, кейін халық дастанына айналған. Қарашай халқының танымал ақындарының  бірі – XIX ғасырда өмір сүрген Қасбот ақын. Қарашайлардың Кочхар руының кедей бір отбасынынан шыққан Қасбот 1834 жылы Учкулан аулында дүниеге келеді. Шеркеш және грузин тілдерін еркін меңгерген ақын өмір сүрген дәуіріндегі қарашай-балқар түріктерінің қиын тағдырын реалистік тұрғыда жырлап, халқының ыстық ықыласына бөленеді. Аз уақыт ішінде халық арасында жатқа айтыла бастаған оның жырларында қарашай-балқар қоғамындағы теңсіздіктер, бай мен кедей арасындағы тартыстар секілді әлеуметтік тақырыптар жанды көрініс тапты. Бүгінгі күнде Қасботтың «Барак», «Жандар», «Канамат», «Гапалав» сияқты батырлық жырлары қарашай халық әдебиетінің жырлары саналып, ауыздан-ауызға айтылу барысында өзгеріске ұшыраған көп нұсқалы жырларға айналды. Кеңес өкіметі тұсында қарашай әдебиеті Б.М.Пачев, П.Кешоков, Т.Борукаев, Али Шогенцуков, Ә.Кешоков, К.Кулиев, А.Налоев сынды жаңа ақын-жазушылардың есімімен толықты.
Бүгінгі қарашай-балқар әдебиеттанушылары Қырғызстанның астанасы Бішкекте «Карындашын сөзү» (Бауырдың айтқаны) және «Джашабузну байрагы» (Өміріміздің байрағы), Қазақстанның Алматы қаласында «Жилтинле» (Шырылдар) атты қарашай-балқар ақын-жазушыларының өлеңдер жинағын жекелеген кітаптар ретінде басып шығарды. 1956 жылы Керим Отар есімді қарашай ақынының сүргінде жүрген халықтың азапты тағдырының ащы айқайын арқалаған «Йоллар» (Жолдар) атты кітабы басылды.
 Қарашайлар 1957 жылдан бастап отаны – Кавказ жеріне қайта орала бастады. 1959-1961 жылдары қарашай әдебиетінің оқырмандарына көптеген жаңа кітаптар ұсынған өнімді кезеңі болды. Репрессияға ұшырап, халық жауы атанған, ІІ Дүниежүзілік соғысы кезінде қан майданда қаза болған қарашай ақын-жазушыларының еңбектері құрастырылып, қайтадан баспасөз бетіне шыға бастады. 1970 жылдан бастап  қарашай-балқар әдебиетінің гүлденген дәуірі басталды деп айтуға болады. Абдуллах Беги, Аскер Доду, Светлана Моттай, Муталип Беппай, Мураддин Өлмез, Сакинат Мусука, Мұса Байда секілді жас ақын-жазушылар легі сол халықтың сөз өнеріндегі жаңа белесті бастады. Осы жас ақындардың барлығы дерлік 1950 жылдары туған жерлері – Кавказдан жыраққа жер аударылғандардың ұрпақтары екен (Tavkul 2002: 270-277).

Орналасқан жері мен халқы (демографиясы)
Қарашайлардың негізі көп шоғырланған жері Ресей Федерациясының Қарашай-Шеркеш автономиялы аймағы болып табылады. Халқының саны – 300 мыңға жуық. Қарашай халқының негізі көп бөлігі бүгінде атамекені Кавказ аумағында тұрады. Орналасқан жері – «Солтүстік Кавказия» деп аталынған аймақта Ресей Федерациясына бағынышты Қарашай-Шеркеш Республикасы.  Солтүстік-шығыс Кавказ жеріндегі қарашайлардың көп шоғырланған өңірі  Құбан өзенінің жағалауындағы Учкулан, Теберде және Зеленчук аймағы болып саналады. Қарашай-Шеркеш Республикасының астанасы – Черкесск қаласы. Республиканың аумағы – 14,1 мың км2. Қазіргі таңда қарашайлардың халық саны артуда. Мәліметтерге сүйенсек, Қарашай-Шеркеш Республикасының халқының саны қазіргі таңда 466,666 мың адамды, ал қарашайлар Республика халқының 38,5%-дан астамын құрайды. 2005 жылғы санақ бойынша қарашайлар саны –  218403. Сонымен қатар, он мыңдаған қарашайлардың Түркия мен Сирияда, АҚШ-та, Ресей Федерациясының автономияларында, Қазақстан мен Қырғызстанда тұратыны мәлім.
 
Мәдени антропологиясы
Қарашай халқы мәдени және антропологиялық тұрпатына  қарай көршілес жатқан өзге де Кавказ халықтарынан айтарлықтай ерекшеленбейді. Олардың бет әлпеті көршілес балқар, қабарда, осетин, шеркеш және т.б. ұлттарына ұқсас, еуропалық нәсілдің кавкасоин тобына жатады. Реңі аққұба, басы сопақша, қасы қалың, көзі үлкен және қара (кейде көк), қыр мұрынды, денесі түкті, бой ұзын болып келеді. Сонымен қатар, қарашай-балқарлардың арасында Еділ-Орал, Түркістан және Орталық Анадолы түріктерінде байқалатын еуропалық нәсілдің брахицефалды бас тобына, яғни көне дәуірде «туранид» деп аталған адамдарға ұқсайтындары да аз емес. Тағы ескеретін жәйт – қарашайлардың кейбірінде монғолоидтік белгілер де байқалады.
  Қарашай антропологиялық түр-сипатының Солтүстік Кавказ жеріндегі шамамен екі мыңдық тарихи этникалық қалыптасуымен тікелей байланысты. Прототүрік және түрік халықтарының кавкасоин тайпаларымен байланысы мен араласуы (қыз алу, қыз беру, тіл өзгерісі – түріктену немесе керісінше) нәтижесінде бүгінде қарашайлар осындай антропологиялық ерекшелікке ие болды. Әсіресе, орта ғасырдағы қыпшақ түріктеріне тән брахицефалды еуропалық тип қарашайларда да байқалады. Бұл, сірә, Солтүстік Кавказ жерінде ұзақ уақыт билігін жүргізген қыпшақтармен этномәдени қарым-қатынасқа түскендігін көрсетсе керек (Анчабидзе 1960: 113-120).
Қарашайлардың қоғамдық және отбасылық құрылысы, мәдени өмір салты, ұлттық киімдері, музыка және би өнері, тағам мәдениеті өзге  Солтүстік Кавказ тайпаларынан ерекшеленеді. Алайда кавказдық  ұлттық бас киімдері, жіңішке және қара ұзын кафтандары (ұзын етекті шапан), көйлектеріндегі сәнді кестелер, әйелдер мен ерлердің бір ырғақ бойымен сызылта билеулері, музыкалық аспаптары және олардың үйлесімділігі, түркү (халық әндері) мен басқа да әндері Солтүстік Кавказ халықтарымен үйлесімді болып келеді (Карачаевцы, Балкарцы 2014).
 
Тарихы
Қарашайлылар ерте ғасырлардан бері Кавказ тауларының ең биік шыңы - Эльбрус бөктерінде және терең аңғарларда өмір сүріп келеді. Эльбрус шыңын «Бенгү даа» - Мәңгі Тау деп атаған қарашайлар осы таудың арғы жағында қоныстанған балқарлармен (малқарлар) бір халық, бір ұлт болып табылады. Екі халық ретінде танытылған олардың географиялық орналасуын ескермегенде, мәдениет пен тіл жағынан ешқандай айырмашылықтар байқалмайды. Дегенмен, көп жағдайда қарашайлар мен балқарлардың тарихы мен тілі бөлек-бөлек ұлт екені алға тартылып келуде. Ғасырлар бойы Кавказ тауларының ең биік шыңы мен жыраларында өмір сүрген, көне жазба деректерде түрік тайпалары деп аталған қарашай-балқар халқының көбі 1920 жылдардағы социалистердің «ұжымдастыру» саясатымен жазық жерлерге көшіріле бастады.
Тарихи, антропологиялық, археологиялық және лингвистикалық ізденістер нәтижесінде, қарашай-балқарлардың сол аймақтарда ұзақ уақыт бойы билік құрған түрік рулық қауымының ұрпағы екендігі анықталды. Әсіресе, олардың этникалық құрылымының қалыптасуында біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында Солтүстік Кавказ жеріне көшіп келген прототүрік, ғұн, көктүрік, хазар, бұлғар, қыпшақ және т.б. Орта Азия тайпалары маңызды рөл атқарды. Сонымен қатар, қарашай-балқарлардың этногенезіне түрік не түрік емес бірнеше  көшпелі тайпалар да қосылды. Негізі, біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтың орта шенінен бастап Солтүстік Кавказ жеріне тиесілі Еуразияның  шөл даласында Сақ (Искит) тайпалар бірлестігі бой көтеріп, билік жүргізген. Сақтар Солтүстік Кавказ жерінде қоныстанған көптеген жергілікті тайпалардың, оның ішінде қарашайлардың түп-тамыры саналады.  Қарашай-балқар этносының пайда болуына ежелгі тайпалардан алан, астардың да қатысы бар. Этникалық және тілдік шығу тегі нақты қандай текке жататындығы даулы мәселе болғанымен, қарашайлар, б.з. І ғасырында Орта Азиядан Солтүстік Кавказ жерлеріне қоныс аударып, сол жердегі жергілікті тайпаларға, оның ішінде прототүрік тайпаларына қосылып кетеді (Меликсет-бек, 1960:114). Қазіргі осетин және қарашай-балқар халқының этникалық құрылымында аландар мен астардың ерекше бір орынға ие екендігін оларға тән ерекшеліктерден (мәдениет, фольклор, антропология, тіл және т.б. тұрғысынан)  аңғаруға болады. Сондай-ақ, көрші ұлттардың қарашайларды ас, алан деп атауы да осындай этникалық тарихи кезеңнің болғанын дәлелдей түседі. Оларды осетиндер азиаг/ аэссон, грузиндер болса алани/ аз/ овс деп атағандығын да ескеріп өткеніміз жөн
Б.з. VI ғасырының екінші жартысында Еуразия даласында салтанат құрған Түрік Қағанаты (552-744) 570 жылдары Солтүстік Кавказ жерін жаулап алады. Кейіннен бұл жерлерде түрік тектес тайпалардың үлесі арта бастайды. 630 жылдары Түрік қағанатының билеуші Ашина әулетінің бір тармағы Солтүстік Кавказ жері, Еділ бойы мен Каспий теңізі аралығына Хазар қағанатын құрады. Орталығы – Төменгі Еділ және Каспий теңізінің солтүстік-батысында орналасқан бұл мемлекет б.з. 630-969 жылдарында үстемдік құрды (Артамонов 1962). Хазар мемлекетінің Батыс Еуразия даласындағы үш ғасырға жуық билігі кезінде де түрік халқының саны біршама артқан болатын. Әсіресе, әзірбайжан, құмық, қарашай-балқарлардың және қырым татарларының тайпа болып қалыптасуында Хазар қағанаты маңызды ықпалы болды. Қазіргі таңда Солтүстік Кавказдағы, Құбан және Дон өзені жағасындағы көне қала қалдықтарынан түрік мәдени мұралары табылып жатыр. Солардың ішінде көне түрік жазуымен жазылған керамикалық және темір бұйымдар, тас мүсіндер, алтын мен күмістен жасалған түрлі әшекей-бұйымдар Түрік қағанатына, Хазар қағанатына тиесілі ескерткіштер бар. Әсіресе, осындай мәдени мұралар қарашай-балқарларға ата-бабаларынан қалған мирас ретінде бағаланып, мұражайларда сақталынуда. Қарашайлық тілтанушы-ғалым С.Байчоров Солтүстік Кавказ жерінен табылған көне түрік жазуларын ұзақ жылдар бойы зерттеп келеді (Байчоров 1989). Қарашай-балқар, құмық және Солтүстік Кавказ түріктерінің мәдениеті мен тарихында Түрік және Хазар қағанаттарының айқын іздері жатыр.   
Ежелгі түрік дәуірінен кейінгі қарашайлардың этникалық даму үрдісіне қыпшақтардың тигізген әсері мол екені сөзсіз. Оның үстіне, ол халықтың қыпшақ тіл тобына жататындығы қыпшақтардың Еуразия жазықтықтарында саяси үстемдік орнатуымен байланысты. Еуразия даласының нақты бір аймағында, дәлірек айтсақ қазіргі Қазақстанның далалы аймақтарында ХІ - ХІІІ ғасырларда билігін жүргізген Қыпшақ мемлекеті моғолдардың жаулап алуына дейін үстемдік құрды. Бастапқыда Орта Азияның шығыс және солтүстік-шығыс жерлерінде өмір сүрген қыпшақ түріктері ХІ ғасырдың екінші жартысынан бастап Арал және Каспий теңізі арасында орналасқан оғыздардың жерін жаулап алады және де сол кезден бастап Еділ-Орал бойы, Солтүстік Кавказ өңірі, Қара Теңіздің солтүстік жағалауы мен Шығыс Еуропаға қоныс аудара бастайды. Осы қыпшақ тайпаларының бір бөлігі Еуразия даласының оңтүстік-батысына қарай жылжи келіп, Солтүстік Кавказ жерлеріне орнығады, екінші бөлігі оңтүстікке қарай бет алып, Грузия жеріне қоныстанады. Соңғы аялдама деп осы жерлерді таңдаған қыпшақтар, қарашай-балқар халқының этникалық тұрғысынан толық қалыптасуына себеп болады.
Византиялықтар тарапынан кунь, орыстар тарапынан половец деп аталған қыпшақтардың тоқсоба және бөржұлы рулары бастаған түріктердің көптеген тайпалары Шығыс Ресей және Қара Теңіз өңірінен Византия шекараларына, яғни Шығыс Еуропаға дейін созылған көшті өткерді. Қыпшақ мемлекетінің құрылуы, Еуразия даласында ондаған қыпшақ руларының елді-мекендерінің пайда болуы қыпшақ тілі тобының кең таралуына жол ашты.
Қарашайлардың этникалық құрамына ықпал еткен тағы бір фактор монғол шапқыншылығымен байланысты. ХІІІ ғасырдың алғашқы ширегінде Орта Азияның шығысынан атқа қонған Шыңғыс хан басшылығындағы монғол және түрік тайпалары Солтүстік Кавказ бен оның маңайында (Еділ-Орал, Қара Теңіздің солтүстігі, Шығыс Ресей жазығы т.б.) билік құрған көптеген қыпшақ бейліктерін жаулап алды. Бұл аймақ кейіннен Алтын Ордаға (1224/1240-1383) тиесілі болды. Алтын Орда мемлекетінің ішінен Қазан (1438-1552), Қырым (1441-1783), Астрахан (1459-1556), Түмен (Сібір; 1468-1607), Өзбек (Әбілқайыр - 1428-1468; Шайбани - 1501-1601) және Қазақ хандықтары (1465-1822/1847), сондай-ақ Ноғай Ордасы (1440-1634) секілді жаңа мемлекеттер пайда болды. Аталған мемлекеттер ішінде Солтүстік Кавказда Қырым мен Астрахан хандықтары және Ноғай Ордасы саяси үстемдік құрып, ондағы жергілікті халыққа саяси-мәдени жағынан өз ықпалын жүргізген болатын. Осы кезеңде Солтүстік Кавказға Түркістан мен монғол жерінен келген түрік және түрік-монғол ру-тайпаларының саны артты. Олар ертеде келген туыс қыпшақ руларымен араласып, қарашай халқының этникалық құрамына сіңіп кетті. Бұл жағдай бүгінгі қарашай халқының мәдениеті мен тілінде байқалады. Мұны олардың тіліндегі шығыс қыпшақ тілінің (қазақ, қарақалпақ т.б.) және монғол тілінің элементтері айғақтайды.
Қарашайлар кейінгі кезеңдерде, яғни Қырым хандығы құлаған соң (1783), Ресей империясының отарына айналады. 1862 жылы қарашайлылар шеркештермен бірге  орыс отаршылдарына қарсы соғысады. 1864 жылы Черкесияның құрамындағы қарашайлылар толығымен орыс отарына айналып, зұлмат жер аудару саясатының (депортацияның) құрбанына айналады. Кавказдың Ресейге толық бағынышты болған 1880 жылдардан бастап қарашай-балқарлардың көбі Осман империясына көшуге мәжбүр болады. Осы кезеңде көшкен қарашай-балқарлардың бүгінгі ұрпақтарының 25 мыңға жуығы Түркияда, 10 мыңға жуығы Орта Шығыс – Сирияда, тағы бір бөлігі болса АҚШ-та өмір сүруде.
1818-1821 жылдар арасында Ресей патшалығы генерал А.П.Ермолов билігі арқылы Солтүстік Кавказдың жалғыз иесіне айналды. Осылайша қарашайлар бір ғасырдан астам уақыт бойы Ресей патшалығына тәуелді болды.
1917 жылғы большевиктердің Қазан төңкерісінен кейін, 1918 жылы Кавказдағы халықтарда жеке ұлттық мемлекет құруға деген үміт пайда болды. Алайда «ақтар армиясының» қанды қырғынынан кейін бұл үміттің оты сөнді. Кейіннен олар «қызыл әскерлердің» де басқыншылығына ұшырайды. 1920 жылдан бастап Кеңес Одағының құрамында алынады. 1921 жылдың қаңтар айынан бастап КСРО-ның Таулы автономиялық КСР-і ішіндегі «Қарашай» округіне айналды. 1922 жылдың қаңтарынан бастап «Қарашай-шеркеш» автономиялық облысы болып танылды. Бұл облыс 1926 жылы орталығы Карачаевск қаласы болып табылатын «Қарашай автономиялы облысы» және орталығы Черкеск қаласы болып табылатын «Черкес округі» ретінде екіге бөлінді.
1942 жылдың тамыз айында Германияның әскері Қарашайға басып кіріп, бес ай бойы билігін жүргізді. Осы уақытта қарашайлар көп адам шығынына ұшырады. Аймақ 1943 жылдың басында неміс әскерінен тазаланып, жергілікті халық немістермен ымыраға келген «сатқындар» ретінде айыпталды. Осының нәтижесінде 1943 жылы 2-5 қараша аралығында қарашайлардың бірі қалдырылмай мәжбүрлі түрде жер аударылды.
Депортация кезінде көптеген қарашайлар қаза болды. Сол кездегі Грузия КСР-іне қарасты болған Қарашай жеріне грузиндердің свандары орналастырылды. Сүргіндегі азапты 14 жылдан соң, Сталиннің қазасынан кейін қарашай-балқарлардың табанды талаптарымен 1956 жылы Мәскеу билігі оларға атажұртына қайтуға рұқсат етті. 1957 жылы аймақ қайтадан «Қарашай-Шеркеш автономды облысы» болып қайта құрылды. Бұл облыс 3 тамыз 1991 жылы Ресейге бағынышты автономиялық мемлекет ретінде танылды, артынша, Кеңес Одағы таратылған соң Ресей Федерациясының құрамында қалып қойды.
 
Қуғын-сүргіндегі жылдар
Кеңес Одағының негізгі мақсаттарының бірі - ұлттық-этникалық қарым-қатынастардың  орнына жаңа «кеңестік тұлға» қалыптастыру еді. Бұл мақсатқа жету үшін Кеңес билігі халықтарды атамекенінен жер аудару – ұлттың тамырына балта шабу, олардың ана тілдерінде сөйлеулеріне  қарсы болу және өскелең ұрпақтың ұлттық салт-дәстүрін, этникалық тарихын  және басқа да ұлттық құндылықтарын тануларын болдыртпау сияқты отаршылдық әрекеттерін күш қолдану шараларымен амалға асырды. Кеңес Одағындағы барлық саны  аз халықтар осындай диктаторлық ассимиляцияға душар болды. Әсіресе түрік тектес  халықтардың саны жағынан аз болып саналатын – азербайжандар, қарашай-балқарлар, қырым татарлары, ахысқа түріктері қуғын-сүргін азабын көп тартты.
Сталиннің Кавказ бен Қырымдағы түрік халықтарын жоюға бағытталған саясатының ерекше себебі бар болатын, ол – Қара теңізді бақылау мәселесі мен осы аймақтың Түркияға жақындығынан қорқу болатын. 1937-38 жылдардағы жаппай жазалау барлық Кеңес халықтарына әсер етті, әсіресе мұндай «тазалау саясаты» саны аз халық саналатын қарашай-балқарлар, қырым татарлары, ахысқа түріктерінің жаппай қырылуына әкеп соқты. Тек қана Қарашайдың өзінде 875-і әйел болып табылатын 8 000 қарапайым шаруа тұтқындалды.  Тұтқындардың көпшілігі өлім жазасына кесілді, біразы Кавказдағы түрлі лагерлерге жіберілді.
1942 жылдың жазында неміс әскерінің Кавказ жеріне кіруімен Қарашай аймағында адам нанғысыз жағдайлар орын алды: 18-55 жас аралығындағы 15 000-нан астам қарашай еркектері  әскер қатарына алынды; 2000-ға жуық әйел мен соғысуға қабілетсіз адамдарға қорғаныс міндеті жүктелді; халық түгел қарусыздандырылды. Немістер тамызда келіп, 1943 жылдың басында кері шегінді.  Қызыл әскер Қарашай мен Қабарда-Балқарияны кері алғаннан кейін,  неміс жансызы ретінде күдікке ілінген көптеген адам тұтқындалды. Бұл -  аймақтағы барлық ауыл адамдарын тұтқындау болып табылатын. Еңбекке жарамдылары мәжбүрлі түрде Нальчик пен Кисловодсктағы еңбек лагерлеріне жіберілді. Ол лагерлерден ешбірі кері  қайтпады. Жүруге жарамсыз балалар мен қарттар сол жерде-ақ атылды. Екі жыл бұрын қарашайларға қарсы басталған бомбалау операциясы үдере түсіп, соңында ондағы көптеген ауыл түгелімен жойылды.
КСРО-ның Ішкі істер халық комиссариатының 1943 жылы 15 сәуірдегі нұсқауы, Жоғарғы Кеңес Президиумының 12 қазандағы жарлығы негізінде Қарашай халқы түгелдей қазақ және қырғыз жеріне жер аударылды. 2 қараша күні таң сәріде суық қаруланған НКВД әскерлері Қарашай  ауылдарын қоршап  алды. Тұрғындарға өздерімен бірге 100 кг-нан аспайтын заттарды алуға 1 сағат көлемінде уақыт берілді. Қаперсіз жатқан халықтың үрейін ұшырып, қарсылық көрсеткендерді атып, түгелімен жүк көліктеріне артып, ізінше жүк вагондарына қамап, күшпен көшіріп жіберді. Үш күнге созылған бұл операция барысында  68,938 қарашайлықтардың жерлерінен қуылғандығы туралы деректер бар. Үш аптадай уақыттарын жүк вагондарында өткізген қарашайлықтар Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстандағы 550 қонысқа қоныстандырылды. Қазақстанның Жамбыл облысына 45,529 қарашайлықтардың қоныстандырылғаны туралы мәліметтер кездеседі.
Кеңес үкіметі жер аударылғандардың ата-мекендеріндегі барлық құндылықтарын жоюға тырысты. Қаңырап қалған ол жерлерге қарқынды түрде орыс шаруалары қоныстандырылды және облыс, қала, тіпті мемлекет аттары өзгертіліп, іштей бөлшектенді. Кабардай-Балқарияның аты Кабардия болып ауыстырылды. Қарашай Республикасы Ставрополь және Краснодар (Калешхо) әкімшілік аймақтарына және Грузия КСР-і құрамына бөлшектенді.
Сталиннің өлімінен кейін елді демократияландыру нышандары басталып, жер аударылған халықтың тұрмыс жағдайын  жақсартуға бағытталған шаралар қарастырылды. Партияның ХХ съезіндегі Н.С.Хрущевтің «Сталиннің жеке басына табынушылығын» сынаға мәлімдемесінен кейін балқарларға  қойылған «ерекше шектеулер» алынып тасталды, тіпті 1956 жылдың қарашасынан бастап атажұртқа кері қайту құқығы берілді. Алайда қырым татарлары, қарашайлар мен ахысқа түріктеріне қойылған шектеулер күшінде қала берді. 
Қарашайлықтардан елге қайта оралу құқығын және Қарашай автономиялық облысының  қайтадан құрылуын  талап ететін арнайы делегациясы жасақталып,  олардың талап-арызы 1956 жылдың 11 мамырында Хрущевке жолданады. 2 маусымда делегация Мәскеуге шақыртылып, мәселе билік өкілдерімен жүзбе-жүз талқыланады. 16 шілдеде қарашай, шешен, ингуштарға  ата-мекендеріне оралу және қуғын-сүргін  кезінде жоғалған  мүліктерін қайтарып алу құқығының берілмейтінін баяндайтын Жоғарғы Кеңестің бұйрығы шығады. 26 қарашада қарашайлықтарға атажұртқа оралуына рұқсат берілгені жайлы ауызша хабар тарады. Көп ұзамай, астанасы Черкеск қаласы болатын Қарашай-Шеркеш автономиялық аймағы құрылғандығы хабарланды.
Балқар мен қарашай халқының қайта оралуына рұқсат берілген бұйрықта оларға тағылған айыптардың негізсіздігі айтылмады, тіпті қуғындалуларының өзі заңды түрде орындалған деп көрсетілді. Сондай-ақ тәуелсіз Қарашай аймағының орнына Қарашай-Шеркеш автономиялық аймағының құрылуы және балқарлар мен қарашайлықтардың кенеттен, заңдылығы айқындалмаған жағдайда қайта оралулары күмән мен қорқыныш сезімін туғызды.
Үкімет қуғын-сүргін кезінде жоғалған мүлік жайлы қандай да бір өтемақы ұсынбады. Балқарлар мен қарашайлар кері оралғанда ешбір мұрағатсыз, мұражайсыз, атажұртын куәландыратын ұлттық ескерткіштерсіз қалғандарын, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан мәдени мирастың баға жетпес өрнектері болған әулет пышақтары, белдіктер мен алқа-білезіктердің жоғалғанын аңғарды. Қуғын-сүргін кезінде көнекөз қарттардың өмірден ерте өткені аңыз-әңгімелер мен халық ертегілері сияқты ауыз әдебиеті үлгілерінің халық жадынан өшуіне себеп болды.
Қарашайлардың немістермен одақтас болғаны жайлы айыптаудың жалған екендігі ешбір заңды құжаттарда, не бұқаралық ақпарат құралдарында танылмады. Қуғын-сүргін операциясын ұйымдастырушылардың ешбірі жазаланбады, тіпті іс-әрекеттері үшін есеп беруге шақырылмады. Кавказ жеріне күшпен көшірілген жаңа қоныстанушылардың көптігі себепті шектен тыс тұрғын үй жетіспеушілік мәселесі туындады. Кері қайтып келгендердің еңбек етуге жарамдылары түрлі өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы маңындағы лашықтарға орналастырылса, халықтың қалғаны ең нашар шарттарда өмір сүруге мәжбүр болды. Медициналық мекемелер жоқтың қасы еді. 1958 жылдың жазында індет тарап, жұт белең алды. Таудың аймағындағы тұрғындар қалаларға көшуге мәжбүр болды. Осындай түрлі себептермен қарашай халқының дәстүрлі құрылымы өзгерді. Бұл – түрлі этникалық топтардан құралған тұрғындар арасында шиеленістің көбеюіне жол ашты.
 
Қарашайлардың халық саны және тұрғылықты жері
Қазақстанға 12 342 отбасы, яғни 45 501 қарашайлық жер аударылса, олардың 25 212 саны Оңтүстік Қазақстанның Жамбыл облысына қоныстандырылды. Көптеген қарашайлықтар жүк вагондарында өлді, белгіленген межеге жеткендерінің өзінің хал-жағдайлары тым ауыр болды. Еңбекке қабілеттілері шаруа қожалықтарының жұмыстарына тартылды, мақта алқаптары мен картоп егістіктерінде жұмыс істеді. Жастары шахталарға, темір жол салу және арықтар қазу секілді ауыр жұмыстарға жіберілді. Олардың барлығы «арнайы иммигранттар» ретінде таңертеңнен кешке дейін, тегін жұмыс істеуге тиіс болды. «Арнайы иммигранттар» үшін белгіленген заңдар мен тыйымдар болды. Тыйымдар ішінде ең ауыры тарыдай шашыраған отбасы мүшелерінің бір-бірін көруге мүмкіндік бермейтін «белгіленген мекеннен шықпау» туралы заңы болатын. Олар тіпті көрші аудандағы туысының жаназасына да бара алмайтын еді. Бұл тыйымға бағынбағандар қамауға алынып, тіпті сотсыз-ақ атылып тастайтын.
Бүгінгі таңда Қарашай-Шеркеш елінде 2 қараша қарашай халқының депортацияланған қаралы күні болып саналады.
Халықаралық жобаның ашық сауалнамасындағы «Қазақстанға қашан келдіңіз?» сұрағына қатысқан 49 қарашайлық респонденттердің 71,4%-ы 1943 жылы, 14,2%-ы 1944 жылы деп жауап берсе, ал қалғандары жауап бермеген. Олардың қазақ жеріне келу себебін 57,1%-ы – жер аудару, 14,2%-ы – репрессия, 14,2%-ы –«әкесінің көшуі» деп көрсетсе, 14,3%-ының ақпараты жоқ.
1957 жыл 3 мамыр күні қарашайлықтардың алғашқы эшелоны тарихи отанына аттанды. Осы күннен бастап сүргіндегі қарашайлықтар елдеріне орала бастады. Бүгінгі күнде 3 мамыр қарашайлықтардың «қайта туған күні» болып тойланады.
Халық санағының қорытындысы бойынша Қазақстандағы қарашай диаспорасы халқының динамикасы  төмендегідей:
1970 жылы  – 2447 адам;
1979 жылы – 2082 адам;
1989 жылы – 2038 адам;
1999 жылы – 1400 адам;
2009 жылы – 995 адам.
Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігінің деректеріне сәйкес қарашай диаспорасының халық саны регрессивті сипатта. Қарашайлықтардың 1970 жылғы халық санағын 2009 жылғы халық санағы мәліметтерімен салыстырғанда 1452 адам-ға азайғанын көреміз.
Қарашайлықтардың халық санының азаюы олардың жаппай тарихи отанына оралуымен анықталады. Жобаның сұрақ-жауабына қатысқан қарашайлықтардың атажұртқа қайту себептері «отанға деген сағыныш», «туыстарының көшуі», «Ресейге көшіп барғандарға бұрынғы жерлері қайтарылады» деген сипатта көрінеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 14 сәуір 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңға қол қойды. Заңға сәйкес ақталған азаматтарға түрлі жеңілдіктер тағайындалды, соның ішінде қарашайлықтардың да жағдайы жақсарып, 60 жасқа толғандарға зейнетақы берілді.
Қазіргі таңда мыңға жуық қарашайлық Қазақстанның Алматы, Павлодар, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында өмір сүруде. Халықаралық жобаның сауалнамасына қатысқан 49 қарашайлықтардың Қазақстандағы тұрғылықты жері төмендегідей көрініс табады:
33  адам (70,2%) – Жамбыл облысында,
6 адам (12,8%) – Атырау облысында,
4 адам (8,5%) – Алматы облысында,
1 адам (2,1%) – Ақтөбе облысында,
1 адам (2,1%) – Ақмола облысында тұратынын белгілесе,
2 адамның (4,3%) – мәліметі жоқ.
 
Қарашайлардың ұлттық-мәдени бірлестіктері және олардың тілі мен мәдениетін қолдау жағдайы
Қазақстанның Алматы қаласында қарашай диаспорасының балқарлармен бірге 1996 жылы құрған ұлттық-мәдени орталығы жұмыс істеуде. Бұл бірлестіктің барлық мүшелері республиканың қоғамдық өміріне белсенді қатысады, оның алтауы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері болып табылады. Орталық құрамында «Минги тау» деп аталатын фольклорлық-этнографиялық би ансамблі де жұмыс істейді. Бірлестіктің 2000 жылы жастар секторы ашылды.
«Минги тау» қарашай-балқар этно-мәдени бірлестігінің Талдықорған, Астана, Тараз, Шымкент қалалары мен Павлодар облысының Шербақты және Успен аудандарында бөлімшелері де бар. Аталмыш бірлестік 2009 жылдан бастап «Минги Тау» деген атаумен әдеби-қоғамдық журнал да шығара бастады.
Қазақстандық қарашай халқының осында өмір сүретін басқа да этникалық топтар секілді барлық құқықтары қорғалған.
 
Тілдік жағдай
Қарашай тілі – Қарашай-Шеркеш Республикасының (РФ) мемлекеттік тілі, Қазақстандағы қарашай диаспорасының экзогенді тілі болып табылады.
Қарашай тілі Батыс түрік тілдері тобы ішіндегі қыпшақ және қыпшақ іші топтарына бөлінеді. Бұл тіл Солтүстік Кавказ жеріндегі құмық және ноғай тілдеріне ұқсауымен қатар, өзіндік ерекшеліктерге де ие. Сөздік қорына қарай  (лексикалық ерекшеліктері) жоғарыда аталған түркі тілдеріне жақын, ал фонетикалық ерекшелігі бойынша, жалпы түрік тіліндегі сөз басында й дауыссыз дыбысының орнына  ж-/дж- дауыссыз дыбысының келуі жағынан қыпшақ тобына кіретін түрік тілдеріне (қазақ, қыпшақ, өзбек-қыпшық тілдеріне) ұқсас болып келеді. Қарашай тілі көбіне қарашай-балқар, не қарашай-малқар тілі болып танылады және зерттеушілер де түбірлес қос тілді қатар қарастырып келеді.
Негізінде қарашай тілі Алтын Орда мемлекетінің орталық аймақтары болған Еділ-Орал алабы мен осы мемлекеттің батыс шегі – Қара теңіздің солтүстігі мен Қырым, сондай-ақ мемлекеттің оңтүстік-шығыс шегі – Хорезм аймағында қолданылған әдеби қыпшақ тілінің жалғасы болып табылатын қыпшақ тобы диалектілеріне өте жақын болып келеді. Дәлірек жазсақ, қырым және қазан татарларының тіліне, Хорезм аймағының кейбір қыпшақ говорларына, құмық пен ноғай тілдеріне өте ұқсас. Сондықтан қарашай-балқар тілдерінің қалыптасуын Алтын Орда мемлекетіне тән қыпшақ тілімен байланыстыра аламыз. Әсіресе, бұл тіл, кейбір дауысты дыбыстардың ерекшеліктерін есептемегенде,  қазан татарлары тіліне етене жақын.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, қарашай тілінің ж дауыссызына сүйенетін қазақ, қарақалпақ, қырғыз, өзбек-қыпшақ тілдерімен және й дауыссызына сүйенетін татар, башқұрт, ноғай тілдерімен ұқсас тұстары бар. Қарашай тілінің кейбір ерекшеліктері туралы мәліметтерді төмендегідей ұсынамыз:
  • Көне түрік тілінде сөз соңындағы -ğ дыбысы қарашай тілінде қос ерінді - v (у) дыбысына ауысады: asığ > asuv – «пайда, береке», tağ > tav – «тау», yağı > cav – «дұшпан», arığ > aruv – «ару»;
  • Көне түрік тілінде сөз ортасы мен соңындағы  -ğ / -g дыбысы қарашай тілінде -y (й) дыбысына ауысады: yıg- > cıy- – «жинау», yigirmä > cıyırma – «жиырма», sıgıt > sıyıt – «сықтау», tüg- > tüy- – «түю, байлау»;
  • Көне түрік тілінде сөз ортасындағы мұрын жолды -n (ң) дауыссызы қарашай тілінде ауыз жолды - y (й) дыбысына ауысады: tengri > teyri – «тәңрі», süngük > süyek – «сүйек», yangak > cayak – «жақ», müngüz > müyüz – «мүйіз»;
  • Көне түрік тілінде сөз соңындағы b- дыбысы қарашай тілінде -m (м) дыбысына ауысады: bin-> min- – «міну», bengü > mingi – «мәңгі», bin > ming – «мың», bıyık > mıyık, ben > men, Balkar >Malkar;
  • Көне түрік тілінде сөз соңындағы -d дыбысы қарашай тілінде - y (й)  дыбысына ауысады: adak > ayak – «аяқ», idi > iye – «ие», ıd- > iy- – «жіберу, тастау», adrı > ayrı – «айыр», kadır- > kayır- – «қайыру», ked- > kiy- – «кию», kidiz > kiyiz – «киіз», küdegü > küyöv – «күйеу».
Қарашай тіліндегі кейбір сөздерде көне түрік тіліндегі d дыбысы өзгеріссіз сақталған. Мысалы: sıdır- – «суыру», sedire- – «сиреу».
Қарашай тілінің сөзжасам саласы жұрнақтарға бай. Есім сөздерден зат есім тудырушы жұрнақтардан мынадай мысалдар келтіруге болады: -lık, -lik, -luk, -lük - erkin-lik – «еркіндік», caşlık – «жастық», kün-lük – «қолшатыр», немесе сын есімді түрлендіруші жұрнақтар: -rak, -rek - ullu-rak – «ұлырақ», cahşırak – «жақсырақ», gitçerek – «кішірек», aruvurak – «әдемірек».
Байқағаныңыздай, қарашай тілінің ерекшеліктері типтік қыпшақ тобына тән. Бүгінге дейін батыстық және отандық зерттеулерде қарашай-балқар тілі қарашай және балқар тілдері болып бөлек екі тіл ретінде қарастырылды. Мұндай қателіктің негізгі себебін көптеген зерттеушілердің аймақтағы халықпен тілдеспей, тек өзіне дейінгі жарияланған тілдік еңбектер мен сөздіктерге сүйенгендігімен түсіндіруге болады.
Қарашай-балқар тілі Қыпшақ тобы тілдерінің Кавказдағы шығыс тармағын қалыптастырды. Қарашай-балқарлар тілдерін Тау тілі немесе Тауша деп атайды. Қарашай-балқар тілі тарихи даму барысында екі үлкен диалектіге бөлінді. Бірақ ол қарашай, балқар болып бөлінбейді, өйткені Қарашай аймағы мен Балқардың Басхан, Чегем аңғарларында қолданылған, кейін олардың жазба тілі болған бұл тіл бөлектенбейді. Екінші диалект – Черек, Холам, Бызынды аңғарларында қолданылатын черек диалектісі.
Қазақстанның Тараз, Алматы қалалары мен Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы этно-мәдени орталықтар жанында қарашай тілін үйрететін жексенбілік мектептер жұмыс істеуде. Қарашай тілі мүшелері арасында қарашай өкілі бар отбасыларда қолданылып келеді.
Орфография (жазу ерекшелігі)
Қарашайлар 1924 жылға дейін араб әріптерін, 1924 жылы латын, 1937 жылдан бастап кириллицаны қолдана бастады. Кириллица негізіндегі әліпби де 1961 және 1964 жылдарында 2 рет өзгеріске ұшырады.

Қазіргі қарашай-балқар  кириллица әліпбиі
Фотография
Сауалнама бойынша қарашайлықтардың әлеуметтік-лингвистикалық жағдайын статистикалық талдаудың қорытындылары
Қарашай халқының әлеуметтік-лингвистикалық жағдайын зерттеу үшін дайындалған сауалнаманы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түркология кафедрасының және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенттері мен магистранттары жүргізді. «Пост-кеңестік Қазақстандағы түркі халықтарының тілі мен мәдениетінің ықпалдастығы» атты халықаралық жобаны орындаушы қазақ және неміс ғалымдары 2014 жылдың наурызынан 2016 жылдың мамырына дейін Қазақстанның барлық аймақтарына далалық экспедициялар ұйымдастырды, оған аталмыш білім ордаларының студенттері мен магистранттары да тартылды.
Далалық лингвистикалық зерттеулер Қазақстанның  түркі тілдері бойынша өте сирек тілдік материал жинауға мүмкіндік берді. Аудио және бейне жазбалардың материалдары құжатталды, содан кейін ауызша сөйлеудің әрбір үзіндісіне жеке транскрипция жасалды. Сұхбат аяқталғаннан кейін метамәліметтер сауалнамасы толтырылды. Қазіргі таңда Қазақстанда ресми түрде 995 қарашайлық өмір сүріп жатса, олардың 49-ы сауалнама сұрақтарына жауап берді.
Халықаралық жоба аясында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша, қарашайлық отбасылардың барлығы аталарының қазақ жеріне қашан және қандай жағдайда қоныс тепкенін дәл, әрі дәлелді ақпаратпен айтып бере алады. Сауалнаманың «Қашан көшіп келдіңіз?» деген сұрағына оған қатысушы 49 қарашайлықтың 13-і (26%) 1943 жылы, 4-і (8,1%) 1943-44 жылдары, 5-і (10,2%) 1944 жылы деп жауап берсе, келу себебін олардың 9-ы (18,3%) «депортация», 2-і (4%) «жаппай жер аудару», 2-і (4%) «әкесінің көшуі», 10-ы (20,4%) «репрессия», 25-і (51%) «соғыс кезінде көшумен» байланыстырады. «Қазақстанға жер аударылдыңыз ба?/депортациядандыңыз ба?» сұрағына 20 адам (42,6%) – ия, 13 адам (27,7%) – жоқ деп жауап берген, ал 14 адамның (29,7%) жауап мәліметі жоқ. Сауалнамада «отбасыңыз неліктен Қазақстанға көшіп келді?» деген сұрақ бар, оның жауабы қарашайлықтардың 10-ының (20,4%) «депортация», 5-інің (10,2%) «білмеймін» деп көрсетуімен анықталса, 34-і (69,3%) жауап бермеген.
Қалай дегенмен де, олардың Қазақстанға қоныстандырылуының себебі, біз жоғарыда жазғанымыздай, Екінші Дүниежүзілік соғыста немістермен ымыраға келді деген айыптаумен жаппай мәжбүрлі түрде жер аударылуы болып табылады. Қарашайлықтардың барлығы отбасыларының жер аударылып келгендерін білсе де, оны әлі де ашық түрде көрсетуден қорқады. Он мыңдаған қарашайлықтардың өмірін жалмаған депортация кезіндегі қорқыныш «ұлттық үрейге» айналып, бүгінгі оның ұрпақтарының этнопсихологиясында осындай жағдаймен көрініс тауып отыр.
Құжат бойынша ұлты: сауалнама қатысқан 49 респонденттің 47-сі (96,4%) – қарашайлық.
Этникалық өзін-өзі анықтау: сұралғандардан 27 адам (57,4%) өздерін қарашайлық деп таныса, 5 адам (10,6%) өздерін қазақ деп санайды және 15 адам (30,6%) мәліметін ұсынбаған.
Қарашай диаспорасы өкілдерінің дерлік барлығы төлқұжаты бойынша қарашай ұлтына тиесілі болып табылады, ал олардың ұлттық өздерін танулары бойынша жартысынан астамы қарашайлық және он пайыздан астамы қазақ ұлтының өкілі ретінде анықталып отыр.
Қарашайлар көбіне қазақ және өз ұлтының өкілдерімен некелеседі. Сауалнаманың қорытындыларын келесідей үлеспен көруге болады: 
Әкесінің ұлты: 45 адам (95,7%) – қарашай; 1 (2,1%) – қырғыз; 1 (2,1%) – әзірбайжан. Талдау нәтижесі қарашайлықтардың әке бағытында қарашайлық ұлттың басымдылығын және тек қырғыз бен әзірбайжан ұлты өкілдерінің қатыстылығын көрсетеді.
Ал анасының ұлты бойынша 5 ұлттың қатыстылығын көреміз: 31 адам (66%) – қарашай; 12 (25,5%) – қазақ; 2 (4,3%) – балқар; 1 (2,1%) – қырғыз; 1 (2,1%) – анықталмаған.
Осылайша, этникалық топтың қандай ұлт өкіліне жататындығына қарамастан, ұлттың жеке басын куәландыратын этникалық маркер әкелік желісі (қаращай) болып табылады, яғни отбасында баланың ұлты әкесінің этникалық тобымен анықталады. Мұны қарашайлық отбасыларында әке беделінің үстемдігімен және отбасының ислам менталитеті негізінде құрылатындығымен түсіндіруге болады.
Қазақстандағы қарашайлық отбасыларда аралас неке кездеседі және аралас некеге ешқандай шектеу қойылмаған, тек кейір отбасылар (10,6%) славяндармен, оның ішінде орыстармен некелесуді құптамайды. Алайда олар ұлттық құндылықтарды сақтау, отбасында ана тілінің қолданысын сақтау мақсатында ұлдарын өз ұлтының қыздарына және қыздарын өз ұлтының ұлдарына, яғни қарашайлықтарға үйлендіруге тырысады.
Қарашайлардың аралас некелеріндегі ұлттық үлес салмақ келесідей көрінеді:
18 адам (38,3%) қазақтармен;
17 адам (36,2%) қарашайлықтармен,
2 адам (4,3%) - орыстармен,
2 адам (4,3%) – басқа ұлттармен,
8 адамның мәліметтері жоқ.
 
Ал аралас отбасыларда бала ұлтының белгіленуі төмендегідей сипатта көрініс табады:
26 (55,3%) баланың ұлты қарашай деп жазылған,
11 (23,4%) баланың ұлты қазақ деп жазылған,
1 (1,8%) - баланың ұлты басқа деп көрсетілген,
9 (19,1%) - баланың ұлты көрсетілмеген
 
Сауалнамаға жауап берушілердің барлығы ана тілінде білім алудың маңыздылығын түсінеді, алайда көнекөз қариялар қатарының сиреп бара жатқандығымен қарашай тілінде сөйлейтін диаспора өкілдерінің азаюын, сәйкесінше олардың ана тілінің қолдану аясының тараюын өкінішпен белгіліп отыр. Олардың үлкен жастағы өкілдері ана тілінде еркін сөйлейді, орта буын өкілдері түсінісе алса, ал жас буын мүлдем ана тілінде сөйлесе алмайды. Қарашайлық жастар тілі орыс-қазақ билингвизмімен ерекшеленеді.
Қарашайлықтардың ана тіліне қатысты талдау қорытындысы келесідей:
Сауалнаманың отбасында мектеп жасына дейінгі балалармен қай тілде сөйлесесіз сұрағының жауабы бойынша қорытындысы: 
18 (38,3%) – тек қана қарашай тілінде;
16 (34%) – тек қана қазақ тілінде;
5 (10,6%) – тек қана орыс тілінде;
1 (2,1%) – қазақ және орыс тілінде;
7 (14,9%) – мәліметі көрсетілмеген.
Сауалнаманың отбасында мектеп жасындағы балалармен қай тілде сөйлесесіз сұрағының жауабы бойынша қорытындысы: 
17 (36,2%) – тек қана қазақ тілінде;
13 (27,7%) – қазақ, қарашай және орыс тілдерінде;
7 (14,9) –  қазақ және орыс тілінде;
1 (2,1%) – қазақ және орыс тілінде;
5 (10,6) – тек қана ҚАРАШАЙ тілінде;
4 (8,5) – тек қана орыс тілінде;
1 (2,1%) – мәліметі көрсетілмеген.
Отбасында ересектермен қай тілде сөйлесесіз сұрағының талдауы: 
18 (38,3%) – тек қана қарашай тілінде;
17 (36,2%) – тек қана қазақ тілінде;
6 (12,8%) – қазақ және орыс тілінде;
3 (6,4%) – тек қана орыс тілінде;
2 (4,3%) – қазақ, қарашай және орыс тілдерінде;
1 (2,1%) – мәліметі көрсетілмеген.
Басқа ұлт өкілдерімен қай тілде сөйлесесіз сұрағының талдауы: 
25 (53,2) –  қазақ және орыс тілінде;;
18 (38,3%) – тек қана қазақ тілінде;
3 (6,4%) – тек қана орыс тілінде;
1 (2,1%) – мәліметі көрсетілмеген.
Тілдік жағдайды талдаудың қорытындылары Қазақстандағы қарашайлықтар үшін «тілдік фактордан» туындайтын мәселелердің жоқтығын көрсетеді. Қарашайлықтардың көбі (36,2%) қазақ тілін еркін меңгерген немесе олардың басым бөлігі (50%) қазақ тілінде түсінісе алады. Респонденттердің көпшілігі тілдік негіздер бойынша олардың құқықтарын бұзу фактілерін белгілеген жоқ. Елдегі тілдік ахуалдың дамуы барысында қарашай этникалық тобы өкілдерінің басым көпшілігі орыс тіліне нұқсан келтірместен қазақ тілін игеру қабілеттілігін арттырып келеді. Тіл саясатының неғұрлым қолайлы модельдері ретінде қазақстандық қарашайлықтар мемлекеттік тіл – қазақ тілін және ресми тіл – орыс тілін қатар қолданатын «қостілді» болып келеді (91,5%) және  олардың елдегі стратегиялық дамуға сай «үштұғырлы тіл» талаптарына аз да болса талпынысы байқалады (4,3%). Дегенмен де жас буынның қарашай тілін қолдану аясының тарайып бара жатқандығына алаңдаушылық білдіреді.
Сонымен, талдау қорытындысы бойынша:
27 адам (57,4%) – әзірбайжан, балқар, қазақ және қарашай тілдерінде еркін сөйлейді;
25 адам (53,2%) – балқар, қазақ және орыс тілдерінде еркін оқиды;
20 адам (42,6%) – қазақ, қарашай және орыс тілдерінде еркін жазады;
24 адам (51,1%) – әзірбайжан, балқар, қазақ және қарашай тілдерінде еркін түсінісе алады;
36 адам (76,5%) – қазақ, қарашай және орыс тілдерінде кітап, газет, журнал және хабарландыруларды еркін оқи алады;
42 адам (89,4%) – қазақ, қарашай және орыс тілдерінде дәріс, сұқбат, баяндама, телебағдарламалар мен радиохабарларды тыңдап, түсіне алады;
42 адамға (89,4%)  – қазақ, қарашай және орыс тілдеріндегі концерттік және сахналық бағдарламалар тыңдау түсінікті;
36 адам (76,6%) – қазақ және орыс тілдеріндегі фильмдерді олардың ана тілінде түсіндірудің қажеті жоқ деп жауап берген.
Барлық респонденттер өздерін өз ұлтының толыққанды мүшесі деп санайды. Қарашайлықтар жеке тұлғасын белгілейтін факторларда, ең алдымен, өздерін өз ұлтының құндылықтарымен тұтас қарастырады (сауалнамаға жауап берген 47 адамның 44-і  (97%) ислам дінін ұстанады), екінші кезекте — жалпы қазақстандық азамат ретінде куәландырады (96,4%).
Қазақстандық қарашай диаспорасының өкілдері қазақтар және елде тұратын басқа этникалық топтар арасында ешқандай қақтығыстар мен шиеленістер жоқ деп көрсетеді. Сауалнаманың бұл сұрағына респонденттердің 25-і (51%) ешбір қақтығыстың кездеспейтінін белгілесе, 23-і (46,9%) жауап бермеген, тек бір ғана адам (2%) қарашайлықтардың «тарихты бұрмалағандары үшін» осетиндерді жақсы көрмейтінін білдірген.
Тұтастай алғанда, Қазақстанда белгілі бір «қарашайлық мінез-құлық үлгісін» бөліп қарастыру мүмкін емес, алайда зерттеу нәтижесі бұл этникалық топтың мынадай екі ерекшелігін көрсетеді: оның бірі – қақтығыссыз әлеует болса, екіншісі – этносаралық өзара ықпалдастық үшін ашықтық деңгейінің жоғарылығы. Сұралғандардың 89,4% басқа этнос өкілдерімен некелесуге болатынын білдірді, бірақ іс жүзінде аралас неке олардың 44,8%-ында көрініс тапқан.
Сауалнама жауаптары негізінде қазақстандық қарашай халқының ұлттық дәстүрлерінен қол үзбегендігін көреміз. Олар өздеріне тән бесік той, слан би, ғоллу, дүбет, саңдырақ, исламмей, жаңғызға бару, түзтебсеу, аслан би, абзех-би деген сияқты салт-дәстүрлерін тойлап, көбіне сүтті тағамдар тұтынады, хычин деген шелпектерін пісіреді, шұжықтар, орамаларды жасайды және сүт, май, тұз бен бұрыш қосылған шай ішеді. Дегенмен де қарашайлықтардың тұрмыс-салтында қазақ халқының әсері де байқалады. Мысалы респонденттердің 9-ы (18,3%) қазақ халқына тән барлық салт-дәстүрлерді орындайтынын білдірген. Қазақстандағы қарашай диаспорасының өкілдері өнерге жақын, гармон музыкалық аспабымен сүйемелдеп өлеңдер айтады және тіл мерекесі, наурыз мерекесін тойлап, қарашай-балқар халқының атақты ақындарының әдеби кештері өткізеді. Олардың ұлттық биге деген құрметі өте жоғары.
Қарашай этносы, әдеттегідей, ауылшаруашылығы және мал шаруашылығымен айналысады, бірақ басқа да мамандықпен жұмыс істейтіндері де бар:
16 адам (34%) – жұмысшылар;
5 адам (10,6%) – жұмыссыздар;
4 адам (8,5%) – қызмет көрсету саласында;
4 адам (8,5%) – күзетші;
3 адам (6,4%) – студент;
3 адам (6,4%) – жеке кәсіпкер;
2 адам (4,3%) – басқа салада;
2 адам (4,3%) – мемлекеттік қызметкер;
2 адам (4,3%) – зейнеткер;
1 адам (2,1%) – салық комитетінің қызметкері;
1 адам (2,1%) – сатушы;
1 адам (2,1%) – үйбикесі
1 адам (2,1%) – малшы;
2 адам (2,1%) – мәліметі көрсетілмеген; 
Қарашай диаспорасы өкілдерінің басым бөлігі, яғни 32 адам (65,3%) ана тілдеріндегі халық ауыз әдебиетінің үлгілерін білмейді және ұмытып қалғандарын айтады. Үлкен және орта жастағы қарашайлықтардан екеуі (4,3%)  «Насиреддин Қожа саяхатын», тағы да екеуі (4,3%) «Потиматтың қызықты оқиғаларын», біреуі (2,1%) «Қаракөл» туралы аңызды және біреуі (2,1%) қарашай тілінде өлеңдер білетінін жазды.
Сауалнама соңындағы «Сіз өз жауаптарыңызға тағы нені қосқыңыз келеді? Сіздің мектепте оқыту, мәдени-ағарту жұмыстары, ана тілінде кітап пен үнқағаз шығару туралы қосып-алатын ұсыныстарыңыз бар шығар?» деген сұраққа (49 адам) келесідей жауап берді:
- Ана тілімізде газет шығып, әдебиеттер басылса – 6 адам (12,8%);
- Біз Қазақстанда қалған өте аз халықпыз. Дәстүрімізді сақтап қалу үшін жексенбілік мектептер ұйымдастырылса екен –3 адам (6,4);
- Біздің 2010 жылдан бері Астанада өнер көрсететін ансамбльіміз бар – 4 адам (8,5);
- Қарашайлықтар жиі кездесіп тұрса және Қарашай –Шеркестен кітаптар алдыртып оқытатын мектептер болса, не олар қолжетімді болса – 1 адам (2,1%);
- Облыс орталықтарынан мәдени бірлестіктерімізді ашса - 3 адам (6,4);
Бұл сұраққа 38 респондент (77,5%) нақты ұсыныс білдірмеген.
Қазақстандағы қарашай диаспорасы өкілдерінің басқа да қазақстандық азаматтармен құқықтары бірдей қорғалуда. Нақақтан тағылған айыптаумен жаппай отанынан жыраққа жер аударылып, күздің қара суық күндерінде жүк көліктерімен қазақ жеріне қоныстандырылған қарашай халқы сол азапты жылдарда он мыңдаған қандасынан айырылды. Олар кеңес билігінің ауыр шарттардағы жазалау режимімен өмір сүруге мәжбүр болса да, өз нанын үзіп беріп, бар көмегін аянбаған қазақ халқының кең пейілдігімен жаңа қоныстағы мекендерінде де өсіп-өнді. Тек өткен ғасырдың 50-жылдарының соңында атажұртына қайтуға мүмкіндік алған соң, жаппай отандарына оралғандықтан, қазақстандық қарашайлық халқының саны азаюға бет бұрды. Қазіргі таңда мыңға жуық қарашайлық көпұлтты Қазақстанның бір этностық тобын құрап, тату-тәтті өмір сүруде.
«Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы байырғы қазақ жерінде мемлекет құра отырып» деп басталатын Қазақстан Республикасының басты құжатында елдің тұрақты дамуы мен өркендеуінің берік негізі салынды. Түрлі тағдырлармен бірігіп отырған қазақстандық этностар өзара тілдік-мәдени ықпалдастық қатынастарында ұлтаралық консенсусты басшылыққа алуда. Халықаралық жобаның зерттеу нәтижелері қарашай халқының әлеуметтік-лингвистикалық жағдайының, мәдениетінің Қазақстандағы ұлтаралық келісім негізінде дамуын көрсетті.
 
Пайдаланылған әдебиеттер:
  1. Абаев М.К. Балкария. Нальчик, 1992.
  2. Абаев В. И. Общие элементы в языке осетин, балкарцев и карачаевцев. – Язык и мышление. 1933, № 1.   
  3. Алиев У. Карачай, историко-этнологический и культурно-экономический очерк. Ростов-на-Дону, 1927.
  4. Анчабадзе, З.В. Кипчаки северного Кавказа по данным грузинских источников летописей ХI-ХIV вв. [Текст] / З.В.Анчабадзе // Материалы науч. сес. по проблеме происхождения балкар. и карачаев. народов. - Нальчик, I960.- С.113-126.
  5. Артамонов М.И. История Хазар. Л., 1962.
  6. Байчоров С.Я. Древнетюркские рунические памятники Европы. Став­рополь, 1989.
7.Н. Бугай. Иосиф Сталин — Лаврентию Берии: «Их надо депортировать»: Документы, факты, комментарии. — Москва: Дружба народов, 1992.  - 288 с.
  1. Карачаевцы. Балкарцы. Отв. ред. М.Д. Каракетов, Х. –М.А. Сабанчиев. Москва: Наука, 2014.
9.Казахская литература. Энциклопедический справочник. – Алматы: «Аруна Ltd», 2005.
  1. Меликсет-бек Л.М. Хазары по древнеармянским источникам в связы с проблемой Моисея Хоренского // Исследования по истории культуры народов Востока. Сборник в честь академика И.А. Орбели. М.-Л., 1960. С. 112-118.
  2. Мизиев И.М. «Очерки истории и культуры Балкарии и Карачая XIII-XVIIIв.в.». Нальчик, 1991.
  3. Чурсин Г.Ф. Очерки по этнологии Кавказа. - Тифлис: типография К.П. Козловского, 1913. -189 с.
  4. Этюды о Балкарии: Урусбиевы, Мисост Абаев, Басият Шаханов / ред. кол.: Р. М. Бегеулов [и др.]. — Нальчик: Эльбрус, 2007.
  5. Comins - Richmond W. Sovyetlerin Türk Halklarını Sürgün Etmesi // Türkler, 18. cilt. Ankara, 2002. s.872-876.
  6. Tavkul U. Karaçay-Malkar Dili ve Edebiyatı / Türkler, 20. Cilt. Ankara: Yeni Türkiye Yayınları, 2002. S. 565-577.
  7. Tavkul U. Kafkasya ve Çevresindeki Türk Toplulukları / Türkler, 20. Cilt. Ankara: Yeni Türkiye Yayınları, 2002. S. 489-519.​
А.А. Жалмырза

Бейне

Powered by Create your own unique website with customizable templates.