Посткеңестік Қазақстандағы түркі тілдер
  • Жоба жайлы
    • Жобаға қатысушылар
    • Байланыс
  • Түркі халықтары туралы
  • Басылым
  • Сауалнама толтыру
  • Нәтижелері
  • Галерея
  • Бұл қызықты
  • Орысша
  • Ағылшын

Қарақалпақтар

Қарақалпақтар – Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақ Республикасын мекендейтін түркі тілдес халық және Қазақстанда өмір сүріп жатқан 25 түркі халықтарының бірі болып табылады. Зерттеушілердің пікірінше, қарақалпақтардың арғы тегі – б.з.б. Арыс жағалауынан бастап Жайық өзенінің аралығын, Солтүстік Кавказ бен Дешті Қыпшақ даласына дейінгі ұлан-байтақ кеңістікте көшіп-қонған тайпаларға саяды. XVI ғасырларда Үлкен Ноғай ордасынан қазақ, қарақалпақ, ноғай халықтары бөлініп шыққан. Қазақ және қарақалпақ түркілері этностық қалыптасу кезеңдерінен бастап қоян-қолтық араласып, саяси-әлеуметтік, экономикалық және тілдік тұрғыдан ылғи да өзара ықпалдастықта дамыды. Мысалы, 1723 жылғы Жоңғарлардың шабуылынан «ақтабан шұбырындыға» ұшыраған қазақтармен бірге қарақалпақтар да Орта Азияның ішкі аудандарына, Ресей шекарасына ауа көшті, Кіші жүз қазақтарымен күш біріктіріп, қалмақтарды Жайық пен Жем бойынан ығыстырды. Осылай қазіргі ел болып отырған территорияларында тұрақтап қалды. Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасының шоғырланған орындары Маңғыстау, ОҚО және Жамбыл облыстары болып табылуы да тегін емес. Яғни қарақалпақтар елдерімен шекаралас қазақ жеріне көптеп қоныстанып отыр. Қарақалпақтар Қазақстанға қашан және не үшін келді деген сұрақтарға нақты жауап беру мүмкін емес. Қарақалпақ халқының туыстас қазақтармен жақын әлеуметтік-лингвистикалық байланысы өте ерте кезден жалғасып келеді.
Бұл мақалада қарақалпақтардың қысқаша тарихы, қазақ жеріне келуі мен себептері, олардың мәдениеті, діні, тілі, жазуы мен әдебиеті және бұл құндылықтардың қарақалпақ диаспорасы шеңберінде сақталуы, кәсібі, дәстүрлерін сақтай білуі секілді мәселелер қарастырылып, қазақстандық және неміс ғалымдарының бірігіп жүргізген «Пост-кеңестік Қазақстандағы түркі халықтарының тілі мен мәдениетінің арақатынасы» атты халықаралық жобасының сауалнама қорытындыларын, аудио материалдарын талдайтын боламыз.
 

Қысқаша тарихы мен мәдени ерекшеліктері 
Қарақалпақ халқының этникалық атауы
«Қарақалпақ» атауы қара мен қалпақ сөздерінің бірігуінен туған. Рашид ад-Диннің дерегі бойынша, монғол шапқыншылығы кезінде қарақалпақтар "Kavm-i külah-i siyah" (қара қалпақты халық) деген атаумен танылған. Ерте орта ғасырларда қара бөрікті (Karaborkli) тайпасы Арал теңізі маңында печенег (бажанақ) деген атпен өмір сүрген. Ғылыми әдебиеттерде қарабөрікті, қарақалпақ және қарақұлахан деген этноним бір мағынада қолданылған  (История Каракалпакской 1986:50-91). Ескі орыс жылнамаларында черные клобуки, чёрный колпак, ал араб дереккөздерінде karabörklü атауларымен кездеседі. Бүгінгі қарақалпақ этнонимімен танылып отырған халық, тарихи деректерде, осы атаумен алғаш рет XVI ғасырдың соңында (1578 жылы) аталына бастады (Ахмедов, 1985:62.).
Ұзақ уақыт бойы қарақалпақ халқының шығу тегі туралы нақты тұжырымдама болған жоқ. ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейін олар туралы ғылыми әдебиеттер өте аз болып, олар «қарақалпақ» этнонимін сипаттаудан аспады. Белгілі шығыстанушы Дассон «Монғолдар тарихы» деген еңбегінде Рашид ад-Диннің «Жылнамалар жинағын» талдай отырып, орыс жылнамаларында черные клобуки деген атпен белгілі болған халықтың қарақалпақ екендігін анықтайды (История Каракалпакской 1986:51). Н.И.Березин де «Нашествие Батыя» деген еңбегінде сондай қорытындыға келеді (Нурмухамедов М.К. т.б. 1971:4-30).
Кейбір ғылыми әдебиеттерде қарақалпақтардың төркіні печенегтерден, қыпшақтардан ізделді. Мысалы мажар түркітанушысы А.Вамбери (Vambеri 1885:373) мен Н.Аристов (Аристов 1896:311) печенег деп білсе, ағылшын тарихшысы Ховорос печенегтердің тікелей ұрпағы ноғайлар деп, қарақалпақтардың қыпшақтардан тарауы мүмкін деген болжам жасайды (Мамедов 2007:25).
Кейінгі зерттеу нәтижелері қарақалпақ этногенезінің қалыптасуында оғыз-печенег, қыпшақ және ноғайлардың үлкен рөл ойнағанын көрсетті. Алайда қарақалпақтарды аталған тайпалардың тікелей ұрпағы деп санау мүмкін емес. Өйткені ғылыми ізденістер бұл халықтың этникалық қалыптасу процесіне жергілікті және басқа да тайпалардың қатыстылығын дәлелдеп отыр. Мысалы сенімді дереккөздер қарақалпақ халқының этникалық құрылымын мынадай онторт уру (он төрт ру) құрайтынын көрсетеді: – анна, құйын, боклы-хытай, мәңжүлі, кырк, черучи, ай-теке, аралбай, беш-сары, кайчилы, еки-шейх, казаяклы, қаңлы, қыпшақ, кенегес, манғыт. Бұл тізімнен қарақалпақ халқының этногенезінің күрделі екендігін және тарихи қалыптасу үдерісіне көптеген ру-тайпалардың қатысқандығын көруге болады (Мамедов 2007 :25)
 
Тарихы
Тарихи деректерге сүйенсек, Қарақалпақстан аумағында адамдар неолит кезеңінен бері өмір сүріп келеді. Б.э.д. V ғасырға тиесілі Дарий І қорғанының ақпараты бойынша, Арал маңы мен Сырдарияның төменгі ағысы аумағында (қазіргі Қарақалпақстан территориясы) тиграхауд (шошақ бөрікті) сақтар өмір сүрген.
II-VI ғасырларда бұл аймаққа Алтай мен Шығыс Түркістан аумағынан көшкен түркі тайпалары қоныстанды. Тұрғылықты сақ тайпалары мен көшпелі түрк тайпаларының ассимиляциялануы нәтижесінде печенег және оғыз деген екі жаңа этникалық қауымдастық пайда болды. Қарақалпақтардың этникалық құрылымының негізін осы печенег тайпасы құрады. Тарихи деректер Х ғасырларда печенег тайпасының шығыс түркі тайпаларының жаңа шапқыншылығы салдарынан қазіргі қарақалпақ топырағынан орыс жерінің оңтүстігіне көшкенін көрсетеді. Олар жаңа қонысында Ноғай Ордасының құрамында болады. Печенегтер Ноғай Ордасы құлаған соң, атақонысына оралады және осы кезден бастап «қарақалпақ» деген атаумен белгілі бола бастайды.
Ең көп таралған нұсқа бойынша, қарақалпақтардың жеке этнос болып құрылуы 1556 жылы Ноғай Ордасының құлап, оның құрамынан бөлініп шыққан «алты арыс» - мүйтен, қоңырат, қытай, қыпшақ, кенегес, маңғыт руларымен байланысты. XVII ғасырдың басында қарақалпақтар Түркістан жерінде үстемдік етуге тырысып, Ташкентпен бірге бірнеше қалаларды басып алады, алайда олардың билеушісі Әбдал Ғаппар жалған төре танылып, көп ұзамай қазақ төрелері тарапынан өлтіріледі де, нәтижесінде Қазақ хандығына бағындырылады. XVII ғасырдың екінші жартысында Сырдарияның орта және төменгі сағасында қоныстанған қарақалпақтар Сібір ханы Күшімнің билігіне мойынсұнады. Сібір хандығының қарақалпақтарға жүргізген үстемдігі Күшік, Жәңгір, Есім Мұхаммет, Қайып, Шайбақ деген хандарының билігімен XVIII ғасырдың екінші жартысында дейін созылды.
1723 жылы қарақалпақтарды үлкен шығынға ұшыратқан жоңғар шапқыншылығы басталып, оларды жоғарғы және төменгі деген екі топқа бөлуге әкеп соқты. Жоғарғы қарақалпақтар жоңғарға бағынса, төменгі қарақалпақтар Қазақ хандығынан алыстау үшін Жаңадарияға көшеді. XVIII ғасырдың соңына қарай қарақалпақтар Хиуа хандығының иелігіне, Әмударияны жағалай қоныс аударады.
XVII-XVIII ғасырларда қарақалпақтар Бұхара, Қазақ, Хиуа және Сібір хандығының саяси және әскери қызметіне белсенді араласып, башқұрт көтерілісіне қатысты. Қарақалпақтардың тәуелсіздік үшін күресі, негізінен, хиуалықтарға қарсы бағытталды. Мысалы 1827 жылы Айдос Би,  1855-56 жылдары Ерназар Алакөз, 1858-59 жылдары Мұхаммет Фен бастаған бірнеше ірі көтерілістері болды. 1873 жылы Әмударияның оң жағалауын мекендеген қарақалпақтар Ресей империясының құрамына енсе, сол жағалауындағылар Хиуа құрамында қалды. Кеңес билігіне дейін қарақалпақтар осылай екі бөлек билік қарамағында болды.
Қарақалпақ автономды облысы ҚазССР құрамында 1924 жылы құрылып, ол 1930 жылы тікелей Кеңес Одағының құрамында деп танылды. 1932 жылы 20 наурызда Қарақалпақ Автономиялы Советтік Социалистік Республикасы болып қайта құрылды. 1936 жылғы 5 желтоқсаннан бастап Өзбек КСРО-ның құрамына кірді. 1992 жылдан бастап Өзбекстан Республикасы қарамағындағы Қарақалпақстан мемлекеті.
 
Мәдени антропологиясы
Қарақалпақ халқы мәдени және антропологиялық тұрпатына  қарай көршілес жатқан өзге де ортаазиялық  халықтардан ерекшеленбейді. Олардың бет әлпеті көршілес қазақ, түрікмен және т.б. ұлттарға ұқсас, монғолдық нәсілдің орта-азиялық  тобына жатады. Қарақалпақтардың антропологиялық типі орта-азиялық көне еуропалық нәсіл мен кейінірек келген монғол тектес нәсілдің араласуы нәтижесінде пайда болған.
Қарақалпақтардың антропологиясы туралы ең ауқымды материалдарды А.И. Ярхо  жинақтады. Ол 1928 жылы бастапқыда Қарақалпақстан территориясындағы 305 ер адамды, кейін Ферғанаға көшкен 100 ер адамды зерттеген болатын (Ярхо 1952:585). Кейінірек, 1946 жылы, Өзбек КСР Ғылым академиясының Тарих және археология институтының тапсырмасымен ғылым кандидаты В.Я.Зезенкова аталған екі аймақтағы қарақалпақтардың (Қарақалпақ жерінің 86 ері мен 139 әйелін, Ферғана алқабында 85 ер және 115 әйелдің) антропологиялық ерекшеліктерін зерттеуді жалғастырды (Ошанин 1953:21). Қарақалпақтар мен қыпшақтар эпикантус дамуы, сақалы, көлденең профильді бет-жүзі және мұрын қуыстары мен биіктігі, бет сүйегінің диаметрі мен биіктігі, бастың морфологиялық және көлденең диаметрі секілді өте маңызды таксономиялық белгілері бойынша көршілес монғол текті қазақтар мен монғолдық ықпалы аздап байқалатын еуропатектес хорезмдік өзбектердің ортасындағы аралық нәсіл болып табылады.
 
Діні
Қазіргі таңда қарақалпақтардың барлығы ханафи масхабын ұстанатын суннит мұсылмандары. Олардың ислам дінін қабылдай бастауы нақты белгілі болмаса да, зерттеушілердің болжауынша, қарақалпақтар да басқа түркі халықтары секілді Х –ХІІІ ғасырларда мұсылмандықты қабылдады. Халықаралық жобаның сауалнамасына қатысқандардың 86,5%-ы ислам дінін ұстанып, діни әдет-ғұрыптарды орындайтындарын және тек мұсылмандармен некелесетінін білдірді (http://tyurki.weebly.com/).
Сауалнамада қандай діни (немесе дәстүрлі) әдет-ғұрыптардың орындалуы туралы сұраққа 45 респондент мынадай сипатта жауап берген: «орындамаймын» - 9 адам (20%); айтты тойлап,ораза ұстап,  садақа беретіндер – 7 адам (15,%); діни мейрамдарды ұстанатындар – 4 адам  (8,8%); намаз оқитындар – 3 адам  (6,6%); құран оқитындар – 3 адам  (6,6%); бес парызды орындайтындар – 2 адам  (4,4%); сирек орындайтындар – 1 адам  (2,2%);  16 адамның  (35,5%) жауап мәліметтері көрсетілмеген. Бұл талдауда жауап мәліметтері көрсетілмеген қарақалпақтардан тыс 20 адамның (44,4%) ислам дінінің ғұрыптарын, парыздарын орындайтындығын көреміз.
«Сіздерде діни қызметкерлерді (немесе дін басыларын) оқыту қалай іске асады?» деген сұраққа тартылған 42 респонденттің жауаптары да мынадай болып келеді: «білмеймін» - 8 адам (19%); медресе секілді арнайы орындарда – 6 адам (14,2%); «жақсы» - 2 адам  (4,7%); «кітаппен, мешітке барумен» - 2 адам  (4,7%); «құран оқып» – 1 адам  (2,3%) ; «оқымаймын» – 1 адам  (2,3%); 22 адамның  (52,3%) жауап мәліметтері көрсетілмеген. Бұл сұрақ жауабынан тек 26% қарақалпақ респонденттің діни сауаттылық туралы пікір білдіре алғандығын көреміз.
 
Қарақалпақтардың халық саны және тұрғылықты жері
Қарақалпақстан – Өзбекстан Республикасының аумағындағы мемлекет. Ауданы 164,9 мың км2. Халық саны – 1.420 мың адам (1996 ж.). Мемлекет құрамында 18 аудан – Амудария, Беруни, Бозатау, Қаңлыкөл, Қараөзек, Кегейлі, Қоңырат, Мойнақ, Нүкіс, Тақтакөпір, Төрткөл, Қажаелі, Шімбай, Шуманай, Елікқалың т.б.; 12 қала – Беруни, Бустан, Қоңырат, Маңғыт, Мойнақ, Нүкіс, Тахиаташ, Төрткөл, Қалқабад, Қожаелі, Шімбай, Шуманай; 16 қалашық, 112 ауыл бар.
Астанасы – Нүкіс қаласында (Ташкенттен 1255 км қашықтықта) қаласында 236 700 адам жасайды.
 Қарақалпақстанның географиялық территориясы солтүстік-батысында Қызылқұм шөліне, оңтүстік-шығысында Үстірт жоны мен Амудария сағасына дейін созылып жатыр. Республика аумағына Арал теңізінің оңтүстік бөлігі, ең биігі Сұлтан-Уәйіс саналатын жекелеген тау сілемдері енеді. Ауа райы – күрт құбылмалы. Жазы құрғақ ыстық болса, қысы қарсыз салқын келеді. Жауын-шашын көбінесе күз және қыс айларында жауады. Амудария (төменгі ағысы) – жалғыз өзен болып табылады. Оның кең сағасы ну-тоғайға бай. Сұлтан-Уәйіс тауының етегінде Бадай-Тоғай деген қорық бар.
Ал Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасының өкілдері Маңғыстау, ОҚО және Жамбыл облыстарында шоғырланған.
Халық санағының қорытындысы бойынша Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасы халқының динамикасын төмендегідей:
1970 жылы – 463 адам;
1979 жылы – 620 адам;
1989 жылы – 1358 адам;
1999 жылы – 1497 адам;
2009 жылы – 2828 адам.
Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігінің деректеріне сәйкес қарақалпақ диаспорасының халық саны артуда. Қарақалпақтардың 1970 жылғы халық санағын 2009 жылғы халық санағы мәліметтерімен салыстырғанда 2365 адамға көбейгенін көреміз. Жүргізілген әлеуметтік зерттеу барысында қарақалпақтардың 1989-2006 жылдар аралығында Қазақстанға көптеп көшіп келгені анықталды. Респонденттердің көшіп келу себептері «оқу», «жұмыс істеу», «денсаулықпен байланысты» және «ескі отанға оралу» секілді жауаптармен сипатталады.
Халықаралық жобаның ашық сауалнамасындағы «Қазақстанға қашан келдіңіз?» сұрағына қатысқан 42 қарақалпақтың респонденттердің 2,38%-ы 1989 жылы, 2,38%-ы 1990 жылы, 2,38%-ы 1992 жылы, 7,1%-ы 2000 жылы, 9,5%-ы 2002 жылы, 2,38%-ы 2004 жылы, 2,38%-ы 2006 жылы деп және 4,7%-ы «есімде жоқ» деп жауап берсе, ал 66,6%-ның жауап мәліметі көрсетілмеген.
Қазіргі таңда үш мыңға жуық қарақалпақ Қазақстанның негізінен батыс пен оңтүстік және басқа да аймақтарында өмір сүруде. Халықаралық жобаның сауалнамасына қатысқан 42 қарақалпақтың Қазақстандағы тұрғылықты жері төмендегідей көрініс табады:
12 адам (32,4%) – Ақтөбе облысында,
11 адам (29,7%) – Жамбыл облысында,
3 адам (8,1%) – Атырау облысында,
2 адам (5,4%) – Қарағанды облысында,
2 адам (5,4%) – Қызылорда облысында,
1 адам (2,7%) – Алматы облысында,
1 адам (2,7%) – Маңғыстау облысында,
1 адам (2,7%) – Астана қаласында,
1 адам (2,1%) – Ақмола облысында тұратынын белгілесе,
3 адамның (8,1%)  – мәліметі жоқ.
Қазақстанда тұратын қарақалпақтардың туған жері туралы мәліметтерді төмендегідей ұсынамыз:
17 адам (45,9%) – Қарақалпақстанда,
10 адам (27%) – Өзбекстанда,
2 адам (5,4%) – Қазақстанда,
1 адам (2,7%) – Қырғызстанда туғандығын көрсетсе,
7 адамның (18,9%)  – мәліметі жоқ.
Демек, қарақалпақтар, жоғарыда жазғанымыздай, қазақ жеріне тәуелсіздік жылдарында келіп, осында тұрақталып қалып қойған диаспора өкілдері болып табылады.
 
Қарақалпақтардың ұлттық-мәдени бірлестіктері және олардың тілі мен мәдениетін қолдау жағдайы
1999 жылы Маңғыстау облысында «Аллаяр жолы» деген атпен алғашқы Қазақстандағы қарақалпақ этномәдени бірлестігі құрылды. Бұл бірлестіктің ұйымдастыруымен облыстағы қарақалпақ диаспорасының тыныс-тіршілігін таныту мақсатында «Айдын жол» атты газет шығарылды. Қарақалпақ диаспорасының Оңтүстік Қазақстанда 2001 жылдан бері «Оңтүстік Қазақстан облыстық Қарақалпақ мәдени орталығы» және Шымкент қаласында 2004 жылдан бері «Қарақалпақ ұлттық-мәдени орталығы» деген қоғамдық бірлестіктері жұмыс істеуде. Бұл бірлестіктің барлық мүшелері республиканың қоғамдық өміріне белсенді қатысады. Қазақстандағы қарақалпақ халқының осында өмір сүретін басқа да этникалық топтар секілді барлық құқықтары қорғалған.
«Сіздің этносыңызға қандай дәстүрлер тән?» деген сұрақ жауаптарын келесідей саралап көрсетуге болады:    «қазақтармен ұқсас/ айырмашылығы жоқ» - 20 адам (47,6%); «Патия той» - 4 адам (9,5%); «қазақ, өзбектермен ұқсас» - 3 адам (7,1%); «мұсылмандарға тән» - 3 адам (7,1%); «білмеймін» - 3 адам (7,1%); «көптеген дәстүрлер бар, оның ішінде үйлену тойына байланысты дәстүрді білемін» - 2 адам (4,7%); «ұлттық тағам дайындау» - 1 адам (2,3%); «барлығы» -1 адам (2,3%) және 16 (38%) адамның жауабы анықталмаған.  Сауалнама нәтижесінен қарақалпақ диаспорасы дәстүрлерінің көбі, мысалы тұрмыстық дәстүрлерден бесік той/қырқынан шығару, шілдехана, тұсау кесер, сүндет той, үйлену тойы, беташар, жалпыхалықтық мерекелерден – найрыз байрам, жаңа жыл байрам деген сияқты той-мерекелерінің өте ұқсас екендігін білеміз. Дегенмен де қарақалпақ диаспорасының салт-дәстүрлерінде өздеріне тән ерекшеліктер де бар, мысалы ұзатылатын қыздың ата-анасы оның екі қалтасына алты асыл тас немесе қымбат әшекейлер салады, оны күйеу жігіттің әке-шешесі, яғни құдалары бағалап, сол бағаға сатып алады, осы ғұрыптан кейін күйеу жігіт қалыңдығын өзімен алып кете алады. Жаңа босанған келін, қарақалпақ тілінде кышей сәбиді өмірге әкелгеннен кейін қырық күн үйден шықпай, ерекше күтімде болады. Бұл дәстүр жас ана мен сәбиді жамандықтан, сырт көзден қорғау мақсатында туса керек.
Сауалнама жауаптары негізінде қазақстандық қарақалпақ халқының ұлттық дәстүрлерінен қол үзбегендігін көреміз. Бала өмірге келіп, қырқынан шығарылған соң оны бесікке салып, көптеген түркі халықтарына ортақ бешик-туй  деген той жасайды.Олар үшін патия туй деп аталатын үйлену тойының да маңызы зор. Респонденттер отбасылық және қоғамдық тамақтанудың ерекше ғұрыптық мінез-құлық ережелерін қатаң сақтайтындарын, оның күні бүгінге дейін жалғасып отырғанын айрықша көрсетеді. Олардың ұлттық мейрамдары құрбан айт, ораза айт, наурыз мерекесі секілді болып келсе, танымал  ойындары бәйге (ат жарысы), ылақ (көкпар), күрес (палуан жарысы), дәруаз деген атаумен белгілі.
«Көрші этностардың әсерімен дәстүрлеріңізге қандай өзгерістер енген?» деген сұраққа мынадай жауаптар алынды: «білмеймін» - 21 адам (50%); «көбіне қазақ халқының дәстүрлері енді» - 4 адам (9,5%); «ешқандай өзгеріс жоқ» - 3 адам (7,1%); «жергілікті тұрғын бір» - 1 адам (2,3%); «өзбек дәстүрінің әсері» - 1 адам (2,3%); 12 (28,5%) адамның жауап мәліметтері жоқ. Осы көрсеткіштер және де жоба аясында дайындалған аудио жазба сұқбаттарынан байқалғандай, қарақалпақ диаспорасының өкілдері өз этносын қазақтармен өте жақын деп (тіпті бір) халық деп ойлайды, сондықтан да дәстүрлерінен айтарлықтай айырмашылықтарды айшықтамайды.
«Сіздің этносыңыздың дәстүрлерін сақтауға қандай мүмкіншіліктер берілген?» деген сұрақ жауаптары: «көп мүмкіншіліктер берілген» - 9 адам (24,4%); «білмеймін» - 9 адам (24,4%); «барлық мүмкіншілік берілген» - 6 адам (14,2%); «демалыс күндерін беру» - 2 адам (4,7%); «жауап беру қиын» - 2 адам (4,7%); «сақтау өзіңе байланысты» - 1 адам (2,3%) және 13 (30,9%) адамның жауабы айқындалмаған.
 
Тілі мен жазуы, әдебиеті
Қарақалпақ тілі – Қарақалпақ Республикасының мемлекеттік тілі, қарақалпақ халқының ана тілі, Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасының экзогенді тілі болып табылады. Қарақалпақ тілі шығу тегі бойынша Алтай тілдері жанұясының түркі тілдер тобына енеді, қыпшақ тобының қыпшақ-ноғай бұтағына жатады. Қарақалпақ тіліне ноғай тілі мен қазақ тілі жақын (Тенишев, 1997:265). Өзбекстанның Хорезм, Ферғана облысы, Түрікменстанның Ташауыз облысы, Қазақстанның кейбір аймақтарында, Ресейдің Астрахан облысы мен Ауғанстан аумағында мекендейтін қарақалпақтар осы тілде сөйлейді. Қарақалпақ тілі – Қарақалпақстан Республикасының қорғауында әрі тіл туралы арнаулы заң бекітілген. 1989 жылдың 1 желтоқсанында Қарақалпақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің сессиясында қарақалпақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Заңға сәйкес, қарақалпақ тілінің Қарақалпақстан Республикасының бүкіл аумағында мемлекеттік тіл ретінде қолданылуына құқықтық негіз белгіленген. Қазіргі кезде 1 желтоқсан Қарақалпақ тілінің мерекесі ретінде тойланады.
Атақты түркітанушы Н.А.Баскаков, қазақ және қарақалпақ тілдерін салыстыра отырып, екі халықтың этникалық ортақтығын дәлелдейді. Ғалым өзінің генеологиялық жіктемесінде қарақалпақ тілін қыпшақ тобына қосады және қазақ пен ноғай тілдеріне жақындығын ерекше айшықтайды. Ол бұл үш тілді қыпшақ-ноғай топшасында топтастырып, Үлкен Ноғай ордасы кезінде қалыптасқандығын алға тартады. Дегенмен де, қарақалпақ тілінде Орталық Азиядағы Иран тектес халықтардың тілдік элементтері кездеседі, нақты айтқанда  хорезмдік өзбек тілінен енген кірме сөздер ұшырасады (Баскаков 1952).
Қарақалпақ тілінде екі диалекті бар: қазақ тіліне жақын солтүстік-шығыс диалектісі мен өзбек және түрікмен тілдеріне жақын оңтүстік-батыс диалектісі. Ферғанадағы қарақалпақтардың тілі үшінші диалектісін құрайды деген болжамдар да бар. Солтүстік диалектісі Қарақалпақстанның Қараөзек, Тақтакөпір және Арал теңізінің жағалау маңындағы аудандарында, ал Оңтүстік диалектісі Кегейлі, Қоңырат, Төрткүл, Қожаелі, Шымбай, Шуманай, Еллікқала, Беруни секілді аудандарында қолданылады. Алайда бұл екі диалекті арасында кейбір дыбыстық өзгешеліктерден бөлек, айтарлықтай алшақтық байқалмайды. Қазіргі қарақалпақ әдеби тілі солтүстік-шығыс диалектісі негізінде қалыптасқан. Большевиктік билікке дейін араб жазуына негізделген ортаазиялық түркі әдеби тілі қолданылған. Өзбек тілімен тығыз қарым-қатынаста болу қарақалпақ тіліне, әсіресе, оның лексикасы мен морфологиялық құрамына әсер еткен.
Қарақалпақ тілінің негізгі сөздік қорын қыпшақ тіліндегі сөздер құрайды, мысалы: белбау (белбеу), алғайман (аламын), ийт (ит), илимпаз (ғалым, білімпаз), т.б. Қарақалпақ тілінде 9 дауысты, 26 дауыссыз дыбыс бар. Басқа да қыпшақ тілдері секілді күшті экспираторлық екпін соңғы буынға түседі.
Үндестік заңына сәйкес езулік, еріндік дауыстылардың үйлесімділігі басым, мысалы: не қылып – неғып, кесбе (кеспе).
Басқа түркі тілдері сияқты қарақалпақ тілі де жалғамалы тілдер қатарына жатады, мысалы: соқлық (соқтығу, қақтығысу), исле (істе), жүрөк (жүрек). Қарақалпақ тіліндегі сөз таптары үш топқа жіктеледі:
1. Атауыш сөз таптары;
2. Көмекші сөздер;
3. Одағай.
Қарақалпақ тілінде өзбек тілі секілді алты септік бар. Сөз құрамына қарай түбір сөз бен қосымша болып бөлінеді. Қосымшалар лексика-грамматикалық сөз тудырушы, функционалды-грамматикалық сөз тудырушы және сөз түрлендіруші болып үшке жіктеледі. Мысалы: темирши (ұста), еин (егін), жолша (соқпақ).
Қарақалпақ тілінде өзбек лексикасы мен грамматикасының күшті ықпалы байқалады. Бұл жағдайды қарақалпақ тілінің өзбек тілі ареалы ішінде қолданылуымен түсіндіруге болады. Қарақалпақ жазба тілі XX ғасырдың басында, яғни Қарақалпақ автономды облыс болып құрылған 1925 жылдан кейін Орта Азия xалықтары үшін ортақ Шағатай тілі негізінде пайда болды
Қарақалпақ тілі Қазақстанның Жамбыл, Ақтөбе мен Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы этно-мәдени орталықтарда, қоғамдық бірлестіктерде  және мүшелері арасында қарақалпақ өкілі бар отбасыларда қолданылып келеді.
 
Орфография (жазу ерекшелігі)
1920 жылға дейін жеке қарақалпақ жазуы болмады. 1924-1928 жылдар аралығында исламдық жәдитшілдіктің ағартушылық нышаны байқалып, қарақалпақ жазу жүйесі араб әліпбиі негізінде пайда болды. 1928-1940 жж. аралығында латын жазуы (Жаңәліп), одан әрі кирилл әліпбиі қолданылды. Орта Азия халықтары арасында қолданылған бірыңғай кирилл әліпбиінің болмауы қарақалпақ әліпбиін тағы да өзгеріске ұшыратты. 1945 жылы қарақалпақ кирилл жазуына мынадай жаңа әріптер енгізілді: ә, ң, ө, ў, ү. Өзбекстан тәуелсіздігін жарияланғаннан кейін, 1994 жылы латын әліпбиіне негізделген жаңа өзбек жазуы, оның артынша қарақалпақ тілі жаңа латын әліпбиі бекітілді. Қарақалпақ әліпбиіне соңғы өзгертулер мен толықтырулар 2009 жылы енгізілді. Бірақ күні бүгінге дейін ескі үлгідегі кириллдік жазу қолданылып келеді. Төмендегі кестеде үш әліпбидің және ондағы әріптердің Xалықаралық фонетикалық әліпби IPA-дағы белгіленуі көрсетілген.
Фотография

Халық ауыз және жазба әдебиеті                                   
Қарақалпақ халық ауыз әдебиеті ғасырлар бойы дамып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Көне аңыз-әңгімелер, ертегілер, мақал-мәтелдер, «Коблан», «Кырк кыз», «Алпамыс», «Ер Зиуар», «Курбанбек» секілді батырлық жырлары мен «Шарьяр» лиро-эпостық жыры қарақалпақ әдебиетінің бастапқы әрі жарқын үлгілері болып табылады. XVIII – XIX ғасырларда Жиен Жырау, Күнқажы және Әжінияз секілді ақын-жыраулары белгілі болды. Қарақалпақ классикалық әдебиетін азатшыл ақын Бердақ қалыптастырды.
Қарақалпақ әдебиеті барлық даму кезеңінде түркілік және шығыстық екі мәдениетті ұштастырды. Қарақалпақ жазба әдебиеті ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап дами түсті. Кеңестік кезеңде жаңа әдеби түрлер мен тектер пайда болып, көркем шындықты игерудің жаңа принциптері қалыптасты. Прозаға қарағанда поэзия түріне деген қызығушылық жоғары болды. Тек 30-жылдардан бастап әңгіме жанры мен сахналық шығармалар, ал 50-жылдардан бастап роман жанры қолға алынды.
ХХ ғасырдан бүгінге дейінгі қарақалпақ әдебиеті А.Мусаев, А.Дабылов, К.Әуезов, С.Мажитов, Н.Давкараев, А.Бегимов, Ж. Аймурзаев, К.Султанов, И.Юсупов, М.Нурмухамедов, С.Салиев, Т.Кабулов есімдерімен танылды. Қазіргі қарақалпақ әдебиетінің ең танымал жазушысы – «Қарақалпақ туралы дастан» деген роман-эпопеяның авторы Т.Каипбергенов.
Сауалнамадағы «Сіз ана тіліңіздегі халық ауыз әдебиеті үлгілерін (ертегілер, аңыздар, мифтер, тарихи поэмалар) білесіз бе? Қандай?» деген сұраққа 42 қарақалпақ диаспорасы өкілінен төмендегіше жауап алынған: «жоқ» - 18 адам (42,8%); «ия» - 6 адам (14,2%); «Кішкентайымда әжем айтатын қазір есімде жоқ» - 2 адам (4,7%); «Алпамыс, Едіге» - 1 адам (2,3%); «Едіге, Қобыланды, Ләйлі-Мәжнүн» - 1 адам (2,3%); «білмеймін» - 1 адам (2,3%); «Қарақалпақ қыздары поэмасын» - 1 адам (2,3%) және 12 адамның (28,5%) жауап мәліметтері жоқ.
Қарақалпақ диаспорасы өкілдерінің басым бөлігі (42,8%) ана тілдеріндегі халық ауыз әдебиетінің үлгілерін білмейді. Мұның түрлі себептері болуы мүмкін. Біздің ойымызша басты себебі, келесі бөлімде талданатын, қарақалпақ диаспорасы өкілдерінің кәсібі, жұмыс істеу ортасымен байланысты, яғни олар білім мен ғылым, әдебиет саласынан алыстау ортада өмір сүреді.
 
Сауалнама бойынша қарақалпақтардың әлеуметтік-лингвистикалық жағдайын статистикалық талдаудың қорытындылары
Қарақалпақ халқының әлеуметтік-лингвистикалық жағдайын зерттеу үшін дайындалған сауалнаманы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түркология кафедрасының және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенттері мен магистранттары жүргізді. «Пост-кеңестік Қазақстандағы түркі халықтарының тілі мен мәдениетінің ықпалдастығы» атты халықаралық жобаны орындаушы қазақ және неміс ғалымдары 2014 жылдың наурызынан 2016 жылдың мамырына дейін Қазақстанның барлық аймақтарына далалық экспедициялар ұйымдастырды, оған аталмыш білім ордаларының студенттері мен магистранттары да тартылды.
Далалық лингвистикалық зерттеулер Қазақстанның  түркі тілдері бойынша өте сирек тілдік материал жинауға мүмкіндік берді. Аудио және бейне жазбалардың материалдары құжатталды, содан кейін ауызша сөйлеудің әрбір үзіндісіне жеке транскрипция жасалды. Сұхбат аяқталғаннан кейін метамәліметтер сауалнамасы толтырылды. Қазіргі таңда Қазақстанда ресми түрде 2828 қарақалпақ диаспорасының өкілдері өмір сүріп жатса, олардың 42-сі сауалнама сұрақтарына жауап берді.
Халықаралық жоба аясында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша, қарақалпақ отбасыларының басым көпшілігі аталарының қазақ жеріне қашан және қандай жағдайда қоныс тепкенін дәл, нақты айта алмайды. Сауалнаманың «Қашан көшіп келдіңіз?» деген сұрағына оған қатысушы 42 қарақалпақтың 30-ы, яғни 71,4% нақты жауап бермеген, ал келу себебін олардың 6-ы (14,2%) «отанға оралу», 4-і (9,5%) «жұмыс үшін», 3-і (7,1%) «білмеймін», 1-і (2,3%) «денсаулығыммен байланысты» деп көрсетсе, 28-інің (66,6%) жауап мәліметтері жоқ. «Қазақстанға жер аударылдыңыз ба?/депортацияландыңыз ба?» сұрағына 37 адамның 24-і (64,9%) – жоқ, 1 адам (2,7%) – ия деп жауап берген, ал 12 адамның (32,4%) жауап мәліметі ұсынылмаған. Жауап мәліметтерінен қарақалпақтардың мәжбүрлі түрде көшіп келмегендерін және олардың арасында қазақ жерін өздерінің ескі отаны санайтын адамдардың да бар екенін көрсетеді. Бұл әрине ортақ тарихтан өрбіген туыс халық арасында кездесетін қалыпты жағдай.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін елдегі этнодемографиялық жағдай күрт өзгерді. Қазақстаннан Ресейге және Еуропа елдеріне көші-қон процесі ел халқының санын 9,1 % төмендетті. Тәуелсіздік жылдары Қазақстандағы түрлі этнос өкілдерінің басым көпшілігінің саны күрт төмендеді. Алайда қарақалпақ диаспорасы өкілдерінің керісінше 1989 жылдардан 2006 жылға дейінгі өсу динамикасы байқалды. Бұл өсім негізінен қарақалпақтардың көшіп келу факторымен сипатталды.
Жүргізілген жоба аясында қарақалпақ этно-мәдени орталықтарының көмегімен қарақалпақ халқы өкілдерімен кездесулер өткізіліп, сауалнама жүргізілді. Сауалнама алынған респонденттердің барлығы дін ұстану және ұлттық салт-дәстүрлер мен тағамдарды сақтай білудің, ұлттық танымның қажеттігін көрсетті. Зерттеу сұхбат алу (интервью), сауалнама толтыру және сауалнаманы талдау әдісі бойынша жүргізілді.
Этникалық жіктелім: сауалнама алынған 36 қарақалпақ-респонденттің 9-і (25%) – ер адам, 27-сі (75%) - әйел.
Этникалық таным: төлқұжаты бойынша 33 қарақалпақтың басым көпшілігі – 30 адам (90,9%) өздерін қарақалпақ, 2-еуі (5,5%) қазақ деп көрсетсе, ал 1-еуінің (2,7%) - мәліметі жоқ. Ал ұлттық таным бойынша 37 қарақалпақтың 30-ы (81,1%) өздерін қарақалпақ, 5-еуі (13,5%) қазақ,  ал 1-еуі (2,7%) – өзбек деп таниды, 1-еуінің (2,7%) - мәліметі жоқ.
Әкесінің ұлты: 30 адам (81,1%) – қарақалпақ; 5-еуі (13,5%) – қарашай; 2-нің (5,4%) – мәліметі жоқ. Сауалнама талдамасы көрсетіп отырғандай. Әке тарапынан қарақалпақтардың ұлттық құрамы тек екі ұлттан тұрады, көрінген қарашай ұлтының үлес салмағы өте аз.
Ал қарақалпақтардың аналық тармағы бойынша құрамында тек үш ұлттың қатыстылығын көреміз: 24 адам (64,9%) – қарақалпақ; 6 адам (16,2%) – қазақ6 адам (16,2%) – өзбек.
Осылайша, қарақалпақ этносындағы аралас некелі жанұяларда әке тармағы басымдылықты құрайды, сондықтан барлық мәлімет әке тарапы бойынша беріледі. Этникалық танымда ұлтына қарамастан әке жағына басымдық беріліп, жанұядағы баланың ұлты әкесінің ұлтымен анықталады. Қарақалпақ жанұяларында, басқа да ислам сеніміндегі түркі халықтары жанұяларындағы секілді әке беделі өте жоғары саналады. Дегенмен, осыған қарамастан, аралас некелі жанұяларда ұлты қарақалпақ ер адамдар да, ұлты қарақалпақ қыздар да басқа ұлт өкілдеріне үйленіп, тұрмысқа шыға алады. Бірақ көп жағдайларда қарақалпақтар қазақтармен үйленгендігін көреміз. Қазақстандағы қарақалпақ отбасыларында аралас неке басым және аралас некеге ешқандай шектеу қойылмаған, тек кейір отбасылар  славяндармен (8,3%), корейлермен (5,5%), түрікмендермен (2,7%) некелесуді құптамайды.  Сондай-ақ, қарақалпақтар да қазақтар секілді өз руластарымен үйленбейді.
Қарақалпақтардың аралас некелеріндегі ұлттық үлес салмақ келесідей қөрінеді:
25 адам (67,6%) қазақтармен;
2 адам (5,4%) - өзбектермен,
1 адам (2,7%) қарақалпақтармен,
9 адамның мәліметтері жоқ.
 
Ал аралас отбасыларда бала ұлтының белгіленуі төмендегідей көрініс табады:
16 (43,2%) баланың ұлты қазақ деп жазылған,
8 (21,6%) баланың ұлты қарақалпақ деп жазылған,
2 (5,4%) - баланың ұлты өзбек деп жазылған,
11 (29,7%) - баланың ұлты көрсетілмеген.
Талдау нәтижелерінен көрінгендей, сауалнамаға қатысқан қарақалпақ өкілдерінің басым бөлігін әйелдер құрайды және олар қазақ ерлерімен тұрмыс құрып, балаларын қазақ ұлты ретінде танытады. Демек, қазақстандық қарақалпақ диаспорасында жергілікті этнодемографияға сіңу, ассимиляциялану факторы анықталып отыр.
Сауалнама қатысқан үлкен және орта буынды респонденттер ана тілін жақсы біледі және қарақалпақ тілін шұбарламай жақсы меңгерген. Қарақалпақтардың барлық буын өкілдері қазақ тілін түсіне алады.
Сауалнаманың отбасында мектеп жасына дейінгі балалармен қай тілде сөйлесесіз сұрағының жауабы бойынша қорытындысы: 
12 (32,4%) – тек қана қазақ тілінде;
7 (19,4%) – тек қана қарақалпақ тілінде;
3 (8,5%) – қарақалпақ және орыс тілінде;
3 (8,5%) – қарақалпақ және қазақ тілінде;
2 (5,4%) – қарақалпақ, қазақ және орыс тілінде;
2 (5,4%) – қазақ және орыс тілінде;
1 (2,7%) – қазақ және өзбек тілінде;
1 (2,7%) – тек қана орыс тілінде;
1 (2,7%) – басқа тілде;
5 (13,5%) – мәліметі көрсетілмеген.
Сауалнаманың отбасында мектеп жасындағы балалармен қай тілде сөйлесесіз сұрағының жауабы бойынша қорытындысы: 
15 (40,5%) – тек қана қазақ тілінде;
7 (18,9%) – тек қана қарақалпақ тілінде;
2 (5,4%) – тек қана орыс тілінде;
2 (5,4%) – қарақалпақ және қазақ тілінде;
2 (5,4%) – қарақалпақ, қазақ және орыс тілінде;
2 (5,4%) – қазақ және орыс тілінде;
1 (2,7%) – қарақалпақ, қазақ және өзбек тілінде;
1 (2,7%) – қазақ және өзбек тілінде;
1 (2,7%) – басқа тілде;
4 (10,8%) – мәліметі көрсетілмеген.
Отбасында ересектермен қай тілде сөйлесесіз сұрағының талдауы: 
18 (48,6%) – тек қана қазақ тілінде;
5 (8,1%)  – қазақ және орыс тілінде;
3 (5,4%) – қарақалпақ, қазақ және орыс тілінде;
2 (5,4%) – қарақалпақ және қазақ тілінде;
2 (5,4%) – қарақалпақ, қазақ және орыс тілінде;
1 (2,7%) – тек қана қарақалпақ тілінде;
1 (2,7%) –  қазақ, орыс және өзбек тілінде;
1 (2,7%) – тек қана орыс тілінде;
6 (16,2%) – мәліметі көрсетілмеген.
Басқа ұлт өкілдерімен қай тілде сөйлесесіз сұрағының талдауы: 
21 (56,8%) – тек қана қазақ тілінде;
4 (10,8%) –  қазақ және орыс тілінде;;
2 (5,4%) – тек қана орыс тілінде;
1 (2,7%) – қарақалпақ және қазақ тілінде;
1 (2,7%) –  қарақалпақ, қазақ және орыс тілінде;
1 (2,7%) –  қазақ, орыс және өзбек тілінде;
7 (18,9%) – мәліметі көрсетілмеген.
Тілдік жағдайды талдау нәтижелері Қазақстандағы қарақалпақтар үшін «тілдік фактордан» туындайтын мәселелердің жоқтығын көрсетті. Қарақалпақтардың көбі (70%) қазақ тілін еркін меңгерген немесе олардың басым бөлігі (83,3%) қазақ тілінде түсінісе алады. Респонденттердің ешбірі тілдік негіздер бойынша олардың құқықтарын бұзу фактілерін белгілеген жоқ. Тіл саясатының неғұрлым қолайлы модельдері ретінде қазақстандық қарақалпақтар мемлекеттік тіл – қазақ тілін және ресми тіл – орыс тілін қатар қолданатын «қостілді» болып келеді (95%).
Сонымен, талдау қорытындысы бойынша:
11 адам (29,7%) – қазақ, қарақалпақ және орыс тілдерінде еркін сөйлейді;
11 адам (29,7%) – қазақ, қарақалпақ және орыс тілдерінде еркін оқиды;
9 адам (24,3%) – қазақ, қарақалпақ және орыс тілдерінде еркін жазады;
13 адам (35,1%) – қазақ, қарақалпақ және орыс тілдерінде еркін түсінісе алады;
11 адам (29,7%) – қазақ тілінде кітап, газет, журнал және хабарландыруларды еркін оқи алады;
12 адам (32,4%) – қазақ тілінде дәріс, сұхбат, баяндама, телебағдарламалар мен радиохабарларды тыңдап, түсіне алады;
13 адамға (89,4%)  – қазақ тіліндегі концерттік және сахналық бағдарламалар тыңдау түсінікті;
19 адам (51,4%) – қазақ тіліндегі фильмдерді олардың ана тілінде түсіндірудің қажеті жоқ деп жауап берген.
Барлық респонденттер өздерін өз ұлтының толыққанды мүшесі деп санайды. Қарақалпақтар жеке тұлғасын белгілейтін факторларда, ең алдымен, өздерін өз ұлтының құндылықтарымен тұтас қарастырады (сауалнамаға жауап берген 37 адамның 30-ы  (81,1%) ислам дінін ұстанады), екінші кезекте – жалпы қазақстандық азамат ретінде куәландырады (96,4%).
Қазақстандық қарақалпақ диаспорасының өкілдері қазақтар және елде тұратын басқа этникалық топтар арасында ешқандай қақтығыстар мен шиеленістер жоқ деп көрсетеді. Сауалнаманың бұл сұрағына респонденттердің 21-і (50%) ешбір қақтығыстың кездеспейтінін белгілесе, 18-і (42,8%) жауап бермеген, 2 адам (4,7%) «білмеймін» деп жауап берген, тек бір ғана адам (2,3%) ұйғырлармен қақтығыс бар деп көрсеткен.
Тұтастай алғанда, Қазақстанда белгілі бір «қарақалпақтық мінез-құлық үлгісін» бөліп қарастыру мүмкін емес, алайда зерттеу нәтижесі бұл этникалық топтың мынадай екі ерекшелігін көрсетеді: оның бірі – қақтығыссыз әлеует болса, екіншісі – этносаралық өзара ықпалдастық үшін ашықтық деңгейінің жоғарылығы. Сұралғандардың 89,4% басқа этнос өкілдерімен некелесуге болатынын білдірді, бірақ іс жүзінде аралас неке олардың 44,8%-ында көрініс тапқан.
 
Қарақалпақ халқының кәсібі
Қарақалпақ халқының құрамы күрделі болып, көптеген тайпалардың бірігуінен құралды. Eрте кезден жартылай көшпелі халық болған. Олар көне заманнан бері мал шаруашылығымен, суармалы егіншілікпен және балық аулаумен шұғылданып келеді. Дәнді дақылдардан бидай, арпа, күріш, тары екті, бақша жемістерін, әсіресе жүзім өсірді, әр отбасының өз бау-бақшасы болды. КСРО тұсында Өзбекстанда ауланатын балықтың 90%-ын қарақалпақтар беріп келді. Алайда Арал апатына байланысты балық аулау кәсібі үлкен күйзеліске ұшырады.
Балық – қарақалпақтардың сүйікті асы болып келеді. Қарақалпақ дастарқанында балықтан жасалатын тамақ түрлері де көп. Мысалы қуырма балық, бұқтырма балық, қарма, уылдырық нан, қақпаш (кептірілген балық) т.б. Қарақалпақтардың күнделікті қорегінде сүт тағамдары, қауын мен асқабақ көбірек пайдаланылады.
Қолөнер қарақалпақ халқының дәстүрлі кәсібі болып табылады. Ерлері көбіне ағаш ұсталығы, ершілік, зергерлікпен, ал әйелдері тоқымашылық, кілем тоқу, киіз басумен айналысты. (Массон 1953:23). Ұста шеберханасы  дукан деп аталып, басқа да түркі тектес халықтардың түсініктегідей ол жер киелі орын саналды. Киіз үйдің ағаш бөліктерін жасайтын шеберді үйші деп атады. Халық түсінігінде олардың Ибрахим Халил (ең алғашқы киіз үйді жасаушы) деп аталатын қоғаушы пірі болды. Үйді жасауды бастар алдында шебер піріне дұға жасайтын. Үйшілер көбінесе бес, алты, жеті қанатты киіз үйлерді жасады (Этнография каракалпаков 1980:156).
Қарақалпақтардың зергерлік өнері көркемдік ерекшелігімен және орындалу техникасымен ерекшеленеді. Олар көбіне күмістен жасалып, көлемі ірілеу, өрнектелген, түрлі салпыншақтармен безендірілген болып келеді. Кейбір зергерлік өнімдері қазақтың әшекейлерімен ұқсас болып келеді (Этнографические очерки 1969:70). Ұлттық киім үлгілері тек үлкен буын өкілдерінде көрінді. Көне қарақалпақ киімдері өте сәнді, әсіресе әйелдердің бас киімдері мен жамылғылары алуан түрлі болды. Көне қарақалпақ киімдерінің жұрнағын тек қазіргі әйел көйлектерінен ғана байқауға болады.
Қарақалпақ этносы, әдеттегідей, ауылшаруашылығы және мал шаруашылығымен айналысады, бірақ басқа да мамандықпен жұмыс істейтіндері де бар. Мұны мәліметін ұсынған 37 респонденттің төмендегі жауаптарынан көре аламыз:
12 адам (32,4%) – жұмыссыз;
7 адам (16,2%) – қызмет көрсету саласында;
6 адам (18,9%) – басқа салада;
3 адам (8,1%) – жұмысшы;
3 адам (8,1%) – студент;
2 адам (5,4%) – мемлекеттік қызметкер;
2 адам (5,4%) – мұғалім, оқытушы;
1 адам (2,7%) – сатушы;
1 адам (2,7%) – мәліметі көрсетілмеген; 
Көріп отырғаныңыздай, қазақстандық қарақалпақтардың басым көпшілігі жұмыссыз. Мұның себебін жауап берушілердің басым бөлігінің әйелдер болуымен түсіндіруге болады.
Сауалнама соңындағы «Сіз өз жауаптарыңызға тағы нені қосқыңыз келеді? Сіздің мектепте оқыту, мәдени-ағарту жұмыстары, ана тілінде кітап пен үнқағаз шығару туралы қосып-алатын ұсыныстарыңыз бар шығар?» деген сұраққа олар ұлттық мерекелерін тойлап, үлкен буын мен жас буынның өзара байланысын нығайту үшін және жастарға халық ауыз әдебиетін үйрету үшін қарақалпақ этномәдени орталықтарының көптеп ашылуын, әсіресе Қарағандыда ашылса деген тілектерін білдірді.
Зерттеу нәтижелерін мынадай тұжырымдармен қорытындылауға болады:
  • қарақалпақтар мен қазақтардың саяси-әлеуметтік, экономикалық және тілдік тұрғыдан ықпалдастығы өте ерте кезден бастау алады;
  • ғалымдардың көбі қарақалпақтарды қазақ және ноғай этностарымен тарихы, тілі, діні, мәдениеті, антропологиясы бір немесе өте жақын деп қарастырады;
  • Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасының өкілдері Маңғыстау, ОҚО және Жамбыл облыстарында шоғырланған. Олардың елу пайызға жуығы Қарақалпақстанда дүниеге келген;
  • Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасының халық саны 1970 жылдан 2009 жылға дейін алты есе артқан. 1989-2006 жылдар аралығында қарақалпақтардың түрлі себептермен қазақ жеріне көптеп көшіп келуі байқалады;
  • Қазақстанда 2001 жылдан бері қарақалпақ қоғамдық бірлестіктері жұмыс істеуде;
  • Қарақалпақтардың салт-дәстүрлері жергілікті қазақтармен өте жақын, сондықтанда қазақстандық қарақалпақтар ұлттық дәстүрлерін толық сақтауда және кейбір ерекшеліктерін де жалғастырып келуде;
  • Қарақалпақ тілі – Қарақалпақ Республикасының мемлекеттік тілі, қазақстандық қарақалпақтардың экзогенді тілі болып табылады. Қарақалпақ тілінің екі диалектісі бар. Диаспора өкілдері мемлекеттік тіл болып табылатын қазақ тілін еркін меңгерген;
  • Қазақстандағы қарақалпақтарда аралас некеге шектеу жоқ және олардың қазақтармен некелесуі жиі кездеседі. Олар ешқандай этносаралық қақтығыссыз өмір сүруде.
 
Бұл мақалада www.lada.kz  сайтының суреттері пайдаланылды.
 
Литературы:
Аристов Н.А. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. – “Живая старина», 1896. – Т. III-IV, с.311.
Ахмедов Б., Историко-географическая литература Средней Азии XVII-XVIII вв, II. Писменниые Памятники, Ташкент, 1985.
Баскаков Н.А. (ред.). Каракалпакский язык. Т.II. Фонетика и морфология. — М., 1952.
История Каракалпакской АССР. – М., ФАН, 1986, с. 50-91
Мамедов Н. Каракалпакская литература. – Баку, 2007.
Массон М.Е. К истории горного дела на территории Узбекистана. – Ташкент: Узбекгосиздат, 1953. – 231 с.
Нурмухамедов М.К., Жданко Т.А., Камалов С.К. Каракалпаки, Ташкент: ФАН, 1971. -120 с.
Ошанин Л.В., Зезенкова В.Я. Вопросы этногенеза народов Средней Азии в свете данных антропологии. 1953.
Тенишев Э. Р. Тюркские языки. (Серия “Языки мира”). — Бишкек, 1997.
Этнографические очерки Узбекского сельского населения. – М.: Наука, 1969. – 284 с.
Этнография каракалпаков. ХIX-начало XX века (материалы исследования). – Ташкент: Фан, 1980. – 234.
Ярхо А.И. Антропологический тип каракалпаков // Труды Хорезмской экспедиции. М., 1952. Т. 1. С. 585-609.
Vambеri H. Das Тцркенволк in seinem etlinologischen und ethnographischek Bezihungen – Leipzig, 1885. – s. 373, 374.
http://tyurki.weebly.com
Рязанцева Л. https://www.lada.kz/in_details/33991-v-gostyah-u-karakalpakov.html
А.А. Жалмырза

Бейне

Powered by Create your own unique website with customizable templates.