Посткеңестік Қазақстандағы түркі тілдер
  • Жоба жайлы
    • Жобаға қатысушылар
    • Байланыс
  • Түркі халықтары туралы
  • Басылым
  • Сауалнама толтыру
  • Нәтижелері
  • Галерея
  • Бұл қызықты
  • Орысша
  • Ағылшын

Қарайымдар

Қарайым түріктерінің әлеуметтік-лингвистикалық жағдайы туралы кейбір мәселелер және тарихи анықтама
Қысқаша тарихы мен мәдени ерекшеліктері  
Этникалық атау ретінде “қарайым” сөзі
Қарайымдар негізінен Қырым түбегінің жергілікті түркі тілдес халқы болып табылады. Саны жағынан аз, әрі иудаизм дінін ұстанатын халық ретінде негізінен Шығыс Еуропа елдері, Түркия мен Ресейде қоныстанған.
“Қарайым” атауы қарайым тілінде “қарай”, көпше түрі – “қарайлар”; араб тілінде “қара’им», орыс және поляк тілінде «қараим»; француз тілінде «Caraime» ретінде белгілі. Сондай-ақ көптеген энциклопедиялар мен ғылыми еңбектерде бұл атау «караите» деген түрде де кездеседі. Ғалымдардың пікірінше, «қарайым» сөзі ең алғаш ІХ ғасырда Иран мен Иракта пайда болған және иврит  (еврей) тіліне тән атау.
Қазіргі таңда «қарайым» атауының еврей тіліндегі «қара» (оқу) деген түбірден пайда болғаны жөніндегі пікір кең таралған. Иврит тіліндегі «карай» формасы мен оның көпше түрі «караимнің» «әдеби тұлға» ретінде қабылданғаны жөніндегі пікірді  тек қана Көне Інжілді (Ветхий завет, Танах) оқи алатындар алға тартуда. Сами тіліндегі «қара» сөзінің «шақыру» сөзінен туындаған сөз екенін көруге болады. Осы себепті «қарай/ қарайым» сөзінің мағынасы мұсылмандардың шақыру үшін қолданатын (араб тілінде да’и, көпше түрі ду’ат),  әрі оған ұқсас сөз болып табылатын «шиа», яғни «шақырушылар, миссионерлер» дегенді білдіреді. Сонымен қатар, сами тіліндегі “қара” сөзінің дыбысталуы араб тіліндегі “қарайым”  сөзінің мағынасын білдіреді. Ал үшінші анықтамаға келер болсақ, «Маман кітап оқушылардың» қарайымдардың алдыңғы қасиетті кітапқа қатысты пікір-жорамалдарын мегзеп, араб тіліндегі «карра», көпше түрі «карраун» атауымен байланысты деп қарайды.
С.Стариков «Қырымдық қарайымдар» атты мақаласында «қарайым» атауының түрікше «қарам» сөзінен туындағанын білдірсе (Starikov 1999:14), Н.А.Баскаков қарайымдардың белгісіз көне дәуірлерде Қырымға келіп орналасқан киммерлерден тарайтынын алға тартты (Doğan, Kıvrakdal 2002: 781). Алайда Н.А.Баскаковтың пікірі негізсіз саналды. Өйткені аталмыш этникалық атаулар арасында бір байланыс құру өте қиын екендігін, әрі жазбаша дереккөздерде бұған дәлел боларлық деректердің табылмағанын көруге болады.
Сонымен, бастапқыда иудаизмнің бір тармағы болған “қарайым” сөзі ғасырлар өте келе белгілі бір халықтың этникалық атауына айналған. Қазіргі таңда осы атаумен аталатын бір-бірінен бөлек екі халық бар. Олар – түркі текті қарайымдар мен еврей текті қарайымдар.
Қазіргі таңда осы халық өздерін түрік тегінен шыққан жекеше түрде “қарай”, көпше түрде “қарайлар” деп айтайды. Әлемде өздерін қарайым деп атайтын 30 мыңдай адам бар. Қырымда, Ресейде, Польша мен Литвада өмір сүріп жатқан қарайымдардың басым көпшілігі өздерін түрік текті, ал Израиль, Мысыр және АҚШ-та тұратын қарайымдар болса еврей текті деп санайды. Франция мен Түркияда тұратын қарайымдар осы екі топтың біреуіне тиесілі екенін білдіреді. Израильде қарайымдарға қатысты арнайы заңдастырылған жеңілдіктер қарастырылған. Сол себепті, соңғы кездері бұрынғы Кеңестер Одағында тұрған қарайымдардың басым көпшілігі Израилге қоныс аударды.
 
Дін мен мәдениеті
Бұрынғы аталары шамандық пен тәңіршілдік дінін ұстанған қарайым түріктері (Мусаев 2003: 9) орта ғасырда иудаизм дінінің бір тармағы болып табылатын караизмді қабылдаған. Алайда осыған қарамастан, олар көне түріктік салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарын да белгілі бір дәрежеде сақтап қалған. Сондықтан олардың мәдениеті басқа түрік халықтарынан айтарлықтай ерекшеленбейді. Әсіресе, Қара теңіздің солтүстігі мен Солтүстік Кавказда тұратын қыпшақ текті түрік халықтары – қырым татарлары, ноғайлар, қарашай-балқарлар және құмықтармен мәдени ұқсастықтары бар. Бұл ұқсастықтар – олардың фольклорынан, ән мен би өнерінен, тұрмыс-тіршілігінен, киім-кешек және тамақ мәдениетінен көрінеді. Сонымен қатар, қарайымдардың тұрғылықты аймақтарындағы басқа түрік текті халықтарымен де мәдени байланыстары бар.   
Қарайым қауымы көне еврей (көне иврит) тілінде “Kehila” (кехила), түркі тілдерінде “Cemaat” (жамағат) деп аталған. Әр жамағаттың басында Газзан деген діни басшы болған. Олар иврит тілінде “ав бейт дин” деп аталатын қарайым қоғамының діни қазысына бағынған. Газзандардың көмекшілері “шаммаш” (қызметші) және “митпалел” (уағызшы) деп аталған. ХІХ ғасырда Ресей империясындағы қарайым қауымдарын “Гахам” (иврит тілінде “дана/ данышпан”) деп аталатын басшы басқарған. Гахамдар халық тарапынан сайлау тәртібімен таңдалып отырған.
Қарайымдардың “хевра кадиша” (қасиетті бауырластық) деп аталған жерлеу ғұрыптарының да өзіндік ерекшеліктері бар. Қаржы мәселелерімен “Габбай”, ал оқу-ағарту істерімен “Маскил” деп аталатын кісілер айналысқан. Құлшылық ету орны көне иврит тілінде “бейт а-Кнессет”, орыс тілінде “синагог”, ал түрік тілінде “кенеса/кенаса/ кенасса” деп аталынады.
Қырым қарайымдары түркі тілдес болуларына қарамастан, көбіне хат алмасу мен жазба жұмыстарын, қабір жазуларын, ғылыми, діни және әдеби шығармаларын иврит тілінде жазған. Сонымен қатар, қасиетті кітап «Тәуратты» өз тілдеріне, яғни көне қыпшақ тіліне аударған. Олар XIX - XX ғасырлардан бастап түрлі сипаттағы еңбектерін ана тілдерінде жазып, газет шығара бастаған.
Бастапқыда караизм Иракта Әбу Жаферал Мансұрдың халифалық кезеңінде 754-775 жылдар арасында «Талмутқа»   қарсы бір ағым ретінде пайда болды. Артур Костлер “Он үшінші тайпа” деп аталатын шығармасында караизмнің ең алдымен Иранда пайда болып, кейіннен әлемдегі еврейлер арасында таралып, әсіресе Кіші Хазарияда (Қырым) жақсы қабылданғанын және оның басты қағидатының – иудаимз болғандығын жазды (Doğan, Kıvrakdal 2002: 781-783).
Қарайымдардың алғашқы ағартушысы және жазушысы басралық Аннан Бен Дәуіт. Алғашқы кезеңде Ананның жақтастары “ананилер” деп танылса, кейіннен ІХ ғасырларда қарайым деп атала бастады. Бұл атау олардың ілімдерінің негізін құрады. Осы тұрғыда қарайым сенімін жаңа бір реформа деп қарауға болады. Қарайым мазхабының құрылуы мен дамуында ислам дінінің үлкен ықпалы болды. Әсіресе VIII ғасырда ислам әлемінде құрылған ханафи мазхабының ықпалымен қарайым діні өзінің рәсімдік-заңдық құрылымын қабылдап, ислам мен иудаизмнің араласуынан пайда болған жаңа діни ағым ретінде қалыптасты. Қарайым рәсімдерінде адамдардың қасиетті жерлерге аяқ киімін шешіп кіріп, құлшылық етуі және мінажат орындарын таза ұстауға тырсыушылығы секілді амалдар исламды еске түсіреді. Сондай-ақ ислам дінінің ықпалымен «хутба» айтылып, онда халифаның аты аталып, қасиетті жерлер Мекке, Мәдина және Құдыс үшін дұға ету амалдары орындалады. Қарайым мазхабының тағы бір ортақтығы – Әзірет Иса мен Әзіреті Мұхаметті пайғамбар ретінде қабылдауы болып табылады.
Караизмнің басты принципі – қасиетті кітапты еркін түрде түсінуге тырысу және басқаларының ой-пікірінсіз, өз ақылының күшімен Жаратушыны түсінуге тырысу. Қарайлар қабылдаған діни сенімнің ұстанымдары төмендегідей:
1. Жаратушы Тәңірі – Tenri Yaratuvçu соңсыз, яғни мәңгілік.
2. Тәңірдің тек жалғыз екендігіне және құдіретіне ешбір жанды нәрсе тең келе алмайды, Ол адамның ақылына симайды.
3. Бар нәрсенің барлығы – періштелерден бастап ең төменгі жаратылысқа дейін барлық жаратылғандардың барлығын Тәңір жаратқан.
4. Тәңір барлық жаратылғандарды қорғайды.
5. Тәңір Мұсаның пайғамбар рухымен қосылып, ол арқылы бұйрықтарын жолдады.
6. Қасиетті Тәурат пен ондағы Тур-Синада берілген Эвамир-и Ашере – кемел болмыс. Оны өзгертуге, толықтыруға болмайды, бұл  мүмкін емес.
7. Пайғамбарлар үнемі Тәңірдің рухынан шабыт алған.
8. Тәңір әрбір адамның жақысылықтары мен жамандықтарына қарай сый немесе жаза беріп, оны жазғыруды бұйырған.
9. Өлгендерден есеп алу Қиямет күні жүзеге асады.
10. Дәуіттің ұрпағынан келетін Тәңір жіберген Иса Мәсіх әлемді құтқарады (Doğan, Kıvrakdal 2002: 784).
VII – XII ғасырлар караизмнің ең дамыған кезеңі болды. Ирандықтар, арабтар, еврейлер, ирактықтар және түркілер арасында қабылданған караизм Қырымға VIІІ ғасырдан бұрын жетті. Ал кейіннен хазарлар арасында таралды. 1338 жылы Ресейде, тек қырымдық қарайым түркілері мен Астрахань, Солтүстік Кавказдың Гениш Казак (Коссак) ауылдарының жергілікті тұрғындары болып табылатын орыстар тарапынан қабылданды.
Қарайым ғибадатханалары кенесада (алтарьда) михраб оңтүстікке бағытталады. Оның солтүстік бөлігінде әйелдер үшін бөлек кіру есігі болады. Халық Тәңірді көне түркілік қасиетті атау «Тәңірі» деп атайды. Қасиетті күндері Көне Інжіл бойынша пасха, тринити (әке-ұл-қасиетті рух) мерекелері жексенбі күндері тойланады. Тәңірдің бұйрықтарын құрметпен орындау үшін сенбі күнін таңдап алған. Қарайым халқы жүйелі түрде ораза ұстап, оразаның соңғы күні құрбан шалады. Қарайымдар күніне екі рет құлшылық жасайды. Аталмыш таңертеңгі және кешкі құлшылықтарында Зәбүрден дұғалар оқиды. Қарайымдарда бала туғаннан кейін сегіз күн ішінде сүндеттелуі тиіс және сүндеттеу рәсімін иудей дініндегі иманды адам жүргізуі тиіс. Қарайым мазхабында зекет беру де бар. Талмутқа сүйенетін иудаизмде тек өсірген өнім мен малдан зекет алынатын болса, караилікте барлық түрдегі мүлік пен малдың онда бірі мөлшерінде зекет ерілуі керек. Бұған тек кен орындары кірмейді.
Караилікте Сион ерекше маңызға ие. Алғашқы кезеңде өмір сүрген қарайымдарда ең басты мақсат – Израильдің құтқарылуы, Сион тауындағы Сүлеймен ғибадатханасының жаңадан салынуы және Израиль мемлекетінің жаңадан құрылуы болатын. Сол себепті қарайымдар Құдысқа барып, Сүлеймен ғибадатханасына тәу еткісі келеді. Аннан бен Дәуіттің Құдысқа барып қоныстануы – қарайларға басты мақсат ретінде Құдысты көрсетуі болып табылады. Осы армандарын жүзеге асырғысы келген көптеген қарайым Еуропа, Америка, Қырым, Стамбул т.б. жерлерден Израилге барып, Құдыстағы қасиетті жерлерге тәу етеді.
Қарайымдар марқұмның бетін Құдысқа қаратып жерлейді. Ресейде төңкерістен бұрын 20 кенеса бар болған. Бұлардың 11-і Қырымда болатын. Олардың ішінде ең соңғысы 1959 жылы Евпаторияда жабылды. Чуфт-Кале мен Евпаториядағы басты кенесалардың қазіргі жағдайы өте нашар. Кенеса ғимараттары Киев, Харковь, Симферополь, Севастополь және Бахшасарайда сақталып қалған. Бірақ олар өз мақсаттарында қолданылмайды. Қазіргі таңда тек Литва мен Қырымдағы кейбір кенесалар ғана шынайы түрде қызмет көрсетуде.
Қарайымдардың әдебиеті, фольклоры және дастарқаны жайлы
Қарайымдардың халық әндері, өлең-жырлары, мақал-мәтелдері, ертегілері, аңыз-әңгімелері, салт-дәстүрлері секілді рухани-мәдени мұралары зерттелгенде, олардың түркі халықтарының мәдениетінен айтарлықтай айырмасы жоқ екенін айқын көруге болады. Қарайымдардың халық әндері, өлең-жырлары, мақал-мәтелдері түркілік мотивтерге тұнып тұр. Түс жору анықтамасы мағынасына келетін «Табирнаме» басқа халықтардағыдай Таяу Шығыс халықтарында да кеңінен таралған. Қарайым тілінде бұл  «Түш йоралары» (түс жорулар) деп аталады. Қарайым фольклорында көптеген ғұрыптарға байланысты формалар мен сөздер осы күнге дейін жеткен. Мысалы, өлімге, қазаға байланысты «баш үшін» деп айтылатын қарайым ғұрыптарын атап айтуға болады. Мұндай көзқарасты, яғни, мал-мүлік тұрғысынан зиян шегуді денсаулық пен адам өмірінің садағасы деп қарайтын дәстүрді басқа түркі халықтарында да кездестіруге болады. «Бәле жанға келгенше, малға келсін» деген түркілік көзқарас осыған байланысты туған.
Қарайым фольклорында түркі халықтарындағы жаңылтпаштың баламасы болып табылатын, әрі «йомак башы» деп аталатын әжуа-мысқылды ертегі кіріспелері (ертегінің беташар өлеңдері) де кездеседі.  Қарайымдарда сондай-ақ «тапмажа» деп аталын жұмбақтар да бар. Троки қарайымдары бұған «табуштурма» дейді.
Қарайымдар арасында кең таралған тағы бір әдет-ғұрып – бала тумай тұрып оған есім беруге болмайды, тиым салынады. Мұндай тиымдар қатаң түрде орындалады. Жақын туыстар өмірге келетін бала туралы тек өз араларында ғана айтады. Бұл дәстүр түркі халықтары арасында да кездеседі. Мұның ең тамаша мысалы – «Тумай тұрып балаға есім берілмейді» деген мақал болып табылады.
 
            Қарайым фольклорынан мысалдар:
            Йомакбашынан:
            Заман заман екенде, пире бер екенде –
            Деве деллаль екенде, сув-сығыр катыр екенде
            Мен он беш йашында екенде, бабам ешикте бала екенде
            Мен бабамын бешигіні тынгыр-мынгыр тебреткенде
            Каплу каплу бакалар канатланды учмаға
            Денизде бир атеш түшті
            Балыкларын сырты пішті.
 
Сеғирнамеден:
1. Адам алынын (қолының) сағ йаны секирсе – истедигін була ве мурадына ере.
2. Дили секирсе – женк еде (соғысады), душмандар душманлык еде, жефа чеке.
3. Сол ели секирсе – улулык ве девлет була.
4. Еки дизи бирден секирсе – харекет еде я бир йерде отура.
5. Сағ омузы секирсе - беглик ве рахатлык була.
 
Табирнамеден (түс жорудан):
1. Ямғурну көрса түшүнда – яхшы хабар келир – түсінде жаңбыр көрсе жақсы хабар келеді.
Мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркесерден мысалдар:
1. Ах ахча кара күнга керак – Ақ ақша қара күнде керек.
2. Балых башындан сасыйт. – Балық басынан шіриді.
3. Кезініз ярых? – көзайым болып жатырсыз ба?
4. Тенри корусун бетардан – Жаман нәрседен Тәңір сақтасын.
5. Яхшы ана сый кыза – Жақсы ана қызына сый.
 
Жұмбақтардан мысалдар:
1. Бир ешик беш тешик – «Баш»;
2. Япусу судан, гендиси нурдан – «Гөз»
3. Кызармыш ал-ал олмуш жүмле она хошланыр: «Алма»
 
Халық әндерінен бір мысал: Той жыры
Ағлама келин ағлама,
Хоаға чыккан кызларнын
Тойун болур йар йар
Серт кайнады болур йар йар
Ак балчыктан сыланған
Ана бабаны анса
Үйін болур йар йар
Файдасы болур мы йар йар.
 
Қарайымдарда сақталып қалған материалдық мәдениет элементтері арасында ең назар аударарлығы – мереке күндерінде қамыр дайындауға жарайтын «талқы» деген өнім. Мишар татарларында Томбой маңайында «талқа филариз», Қазан татарларында «талқы» кендір заттар, Кавказдағы қарашайларда «талки» тери илеуге арналған зат деген сөз.
Қарайым тағамдары да еш даусыз түркілік тағамдар болып табылады. Тағам атауларының этимологиясында мұны анық көруге болады. Мысалы «катлама» бірнеше жұқа жұқпа нанның арасына ірімшік салып жасайтын қамыр, «қат» (қабат) сөзінен «катламак» (қабаттау) шыққан. «Йайма» (жайма, тандыр нан), «йай» түбірінен туындаған. «Кыйма» (ішіне картоп толтырылған шұжық) «кый» (кескілеу, турау, кесу) түбірінен. «Умач»  (суда сүтпен піскен, алақанмен ұсатылған қамыр бөліктері) «ув/ов» (уқала, майдала) түбірінен шыққан.
Қарайым тағамдары арасында «қатмағ» деп аталатын халуаның да алар орны ерекше. Бұл халуа маңызды күндерде, отбасылық жиындарда, қуанышты күндерде немесе қаралы күндерде дайындалады. Бірақ қаралы, өлгендері еске алу күндерінде мұны «қара халуа» деп атайды.
           
Мәдени антрополгиясы
Қарайымдар бұрын егіншілікпен, мал шаруашылығымен (көбіне сиыр өсірген), қол өнерімен шұғылданған және жауынгерлік, кеме жүргізу сияқты кәсіптермен айналысқан. Олар Қырым аймағының маусымдық шарттарына қарай өз тіршіліктерін жалғастырды. Көктем мен жазда жүзім бау-бақшаларында істеп, күзде тұрақтарына оралып, ал қыс мезгілінде түрлі кәсіппен шұғылданды. Қарайымдардың айналысатын кәсіптері олардың тектерінде (фамилияларында) көрініс табады.
Қарайымдар жақсы егінші ретінде танымал болды. Олардың бақшалары мен жүзім бақтары өзен жағаларындағы Альма, Каха, Салгир, Қарасу аңғарларында орналасқан. Жылқыға да ерекше қызығушылық танытатын қарайымдардың әскери салада да ерекше беделге ие екендігі мәлім. Қарайымдардың тіршілігі мен басқа да түркі халықтарының тұрмыс-тіршілігі арасында ұқсастықтар бар. Олар отбасында үлкендерге және туыстарына бағынып, құрмет көрсетеді.
ХІХ - ХХ ғасырларда қарайымдардың антропологиясы жөнінде көптеген зерттеулер жүргізілді. Мысалы, 1880 жылы К.Мережковский 20 қарайым ерлерін антропологиялық тұрғыда қарастырса, сол жылы К.Иков Чуфут-Каледегі қарайымдардың зиратында 30 мәйіттің бас сүйегін зерттеді. Иков Қырымдық қарайымдардың бас сүйек пішінінің брахицефальді (домалақ басты) екендігін анықтап, олардың бұл тұрғыда сами нәсіліне (яғни еврейлерден) жатпайтынын көрсетті. 1910 жылы Литвадағы қарайымдарды антропологиялық тұрғыдан зерттеген Шрайбер олардың бет-әлпеті тұрғысынан фин-угорларға жақын екендігін және сами нәсілінен өзгеше екендігін анықтады.
1928 жылы Қырым қарайымдары мен қырымшақтардың қан топтарын зерттеп, еврейлермен салыстырған С.С.Заболотный олардың қан тобы жағынан түркі халықтарына жақын екендіктерін анықтады. Осы тұрғыда 1932 жылы зерттеу жүргізген келесі ғалым М.Рейхер-Сосновский Польшадағы қарайымдардың қан жағынан еврейлермен емес, чуваш және тағы басқа түркі халықтарына жақын екендігін дәлелдеді.
1960-1970 жылдары әр түрлі елдердегі қарайымдар жөнінде зерттеулер жүргізген көптеген еуропалық және тағы басқа елдердің ғалымдары Мысыр және Таяу Шығыс қарайымдарының семит (еврей-араб) текті екендіктерін, ал шығыс еуропалық (Қырым, Польша, Литва, Ресей) қарайымдарының өзгеше екендіктері жөніндегі пікірді дәлелдеп берді. Әсіресе қырымдық Шығыс Еуропа қарайымдарының аталмыш аймақтағы көне тұрғындар құман-қыпшақтарға, әрі қазіргі түркі халықтарына (чуваш, Еділ татарлары, қырым татарлары) тек жағынан жақын екендіктерін білдірді.
 
Қарайымдардың шығу тегі
«Қарайым» атауының этимологиясы қарайымдардың шығу тегін түсіндіруге жеткіліксіз болғандықтан, олардың этногенезін айқындау мақсатында басқа дәлелдерді де назарға алу керек. Ең басты дәлел – қыпшақ-түркі тобына қарайтын қарайымдардың әлі күнге дейін сөйлейтін тілдерінде сақталған.  Сондай-ақ, қарайымдардың түркілермен сабақтас болып келетін фольклоры, дүниетанымы және басқа да көне салт-дәстүрлерін де осы мәселеге қатысты қарастыру керек.
Тілдері түркі және Көне Інжілдің тілімен тамаша үйлесіп тұратын қырымдық қарайымдардың тұрмыс-тіршілігі бұрынғы хазарлармен де ұқсас болып келеді. 1846 жылы танымал шығыстанушы В.Григорьев қарайымдардың тегінің түркі хазарларымен байланыстылығын көрсетті. Ғалымның тұжырымын негізге алған Ресей Жоғары комиссиясы 1862 жылы Ресей империясы құрамында «қарайым» атауын ресми түрде қабылдады. Кеңес Одағында тұратын халықтарға қатысты кейбір еңбектерде және «Кеңес Одағындағы халықтар тізімінде» (1927) қарайымдардың түркі текті екендігі, «Кеңес Одағының Еуропалық бөлігіндегі халықтары» (1964) ретінде ресми түрде білдірілді.
Зерттеушілердің көбі қарайымдардың хазарлармен бір тектен тарайтыны жөнінде ортақ пікірді қолдайды. Мсыалы В.Алексеев қарапайым хроникалық зерттеулермен қазіргі қарайымдар мен хазарлар арасындағы байланысты анықтады. Қарайымдардың Сарыбас, Жігіт секілді көне ру атаулары (тектері) караиттік антопологиядан осы күнге дейін жетіп отыр. Қарайым этноқатпарына туыстас түркі тайпаларынан қосылған Бирхе, Борю, Дуван, Қара, Қарға, Қырық, Найман, Сары, Ұзын, Херкес, Хун және тағы басқа ру атауларын негізге ала отырып осындай тұжырым жасауға болады. Демек, олар қырғыз, қазақ, қырым татарлары және тағы басқа түркі халықтарымен жалпы тектері жағынан бірдей болып келеді. Егер қырым, қарайым және хазарлардың бас сүйектерін салыстырар болсақ, хазар мен қырым арасында қарайымдардың ортада тұрғанын көреміз. Зерттеушілердің бір бөлігі Қырым готтарының ықпалымен кейбір қарайымдарда кездесетін көк көз факторын түсіндіруге тырысады.
Қорытындылай келгенде, Қырым қарайымдары Хазар тайпалық бірлестіктері мен ғұндардың қатысуымен пайда болған көне қарайымдардың бір бұтағы болып табылады. Олар сармат-алан және аздаған готтар ішінде сіңісіп кеткен деп саналады. Алайда қарайымдар өздерінің этникалық болмыстарын және түркі халықтарымен туыс екендігін жақсы біледі.
 
Тарихы
Қырымға XIV ғасырдан бұрын қоныстанған қарайымдардың негізінен хазарлар немесе қыпшақтар екендігі туралы жорамал басым. Олар VIII – X ғасырларда Хазар империясы кезінде Қырым жерінде тайпалық одақ ретінде өмір сүріп, иудаизмнің караизм тармағын қалыптастырған. Хазар империясы құлаған Х ғасырлардан соң олар туралы ешқандай дерек кездеспейді. Негізінен олардың құлауына бүлікшіл құман-қыпшақ әскері себеп болғаны және территорияларының ХІІІ ғасырдың басында басталған моңғол шапқыншылығынан бұрын қыпшақтардың қолына өткендігі туралы жорамалдар бар.
Тарихи, антрополгиялық, археологиялық және лингвистикалық зерттеулер қарайымдардың Қырымды ғасырлар бойы билеген түркі халықтарының ұрпақтары екендігін көрсетеді. Әсіресе олардың және Қырым татарларының этникалық тұрғыдан пайда болу үдерісінде, негізінен біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларында Солтүстік Кавказ бен Қара теңіздің солтүстігіне көшкен прото-түрік, ғұн, түрік, қара бұлғар, хазар, қыпшақтар және т.б. Орта Азияның түркі халықтарының маңызы зор. Сонымен қатар, Қырым татарларындағыдай  қарайымдардың да көне замандардағы этногенезіне көптеген түркі емес халықтар да қатысқан. Б.з.б. мыңжылдықтың орталарынан бастап Солтүстік Кавказбен қоса Еуразия далаларында сақ (скиф) тайпалар бірлестігі (конфедерациясы) билік еткен. Әртүрлі көшпелі этникалық топтардан құралған сақтардың бір бөлігі түркілердің ата-бабасы болуы әбден мүмкін. Қырым түбегі мен сол аймаққа сауда-саттық мақсатында келген гректер, еврейлер, ирандық көпестер және т.б. халықтар б.з.б. мыңжылдықта және тіпті орта ғасырларда осы жердегі этникалық үдерістерге өз әсерін тигізген. Сол себепті Қырым мен Солтүстік Кавказдағы басқа түркі халықтарындағы секілді қарайымдардың да сыртқы келбеті еуропалықтарды да, Алдыңғы Азия мен Орта Азия халықтарын да еске салатын нәсілдік ерекшеліктерді көрсетеді.
Лингвистикалық дәлеледер қазіргі қарайымдар мен қыпшақтар арасында жақын байланыс бар екендігін, ал діни тұрғыдағы дәлелдер хазарлармен байланыстары бар екенін жақтайтын көзқарасты күшейте түседі.
Еврейлердің түркі халықтарымен байланысы 1350 жылдан да ерте кезеңдерден басталды. VII ғасырдың алғашқы жартысында Византия империясы Ыстамбул мен оның маңайында тұратын еврейлерге зорлық-зомбылық көрсетіп, олардың Византия жерін тастап, Хазар еліне көшулеріне мәжбүр етеді. Еврейлер 730-740 жылдары Византияда да, аббасидтер мемлекетінде де қатты қудалауға ұшырағандықтан, олардың басым бөлігі Кавказ аймағы мен Хазар елін паналайды. Еврейлер аз уақыт ішінде Хазар қағаны мен оның сарайындағыларға иудаизм дінін қабылдатады. Христиан дініндегі византиялықтар еврейлерді бір кемеге толтырып, Қара теңізге шығарғаны, олардың хазарлар елін паналағаны, Изак атты еврейдің түрік ханзадасы Бұланға иудаизм діні туралы баяндап, ал ол ханзада билік басына келгенде иудаизмді кең таратқаны жөнінде мәліметтер кездеседі. Міне, сол ғасырларда Хазар еліне келген еврейлер олардың билеушілеріне жағынып, өз дінін қабылдатады. Бірақ иудаизм дінін қабылдаған топ тек үстем тап өкілдері болғандықтан, Хазар қағандығы еврей мемлекетіне айнала қоймады. Хазар қағандығында ХІ ғасырдың бастарында әскери және экономикалық толқулар, ішкі саяси тартыстар белең алып, мемлекет ретінде жойылады. Хазарлардың бір бөлігі аздаған уақыт Қырымда тұрақтаса да, ХІ ғасырдан соң олар да тарих сахнасынан жойылады. Хазарлардан қалған халықтың кімдер екендігін анықтау мүмкін емес. 
Хазар қағандығының басты ерекшелігі – елде дінге деген толеранттылықтың үстемдігі болатын. Хазар халқының негізгі бөлігі шамандықты ұстанып, көне түркі дінін жалғастырса, үстем тап өкілдері, яғни қаған, бектер мен сарай халқы иудиазмді ұстанатын. Сонымен қатар ислам да кең таралған дін болатын.
Қарайымдар туралы тартыс туғызбайтын тарихи шындықтың бірі – олардың ХІV  ғасырда Қырымда өмір сүргендігі. Қырым хандығы (1441-1783) кезеңінде қарайымдардың басым бөлгі  Қырым аймағының маңызды сауда орталығы болған Кафеде (қазіргі Федосия) Чуфут-Каледе өмір сүрген. XV ғасырда Иоганн Шильтбергердің Кафе қаласы жайлы жазбаларында ол жердің тұрғындарының қарайымдар болғаны туралы мәлімет кезедеседі. Қарайымдардың Қырымдағы басты орталығы Чуфут-Кале болып, олар мұнда ХІХ ғасырға дейін жергілікті халықтың басым көпшілігін құрады.
Аңыз бойынша, XV ғасырда бес жүз отбасынан тұратын бір топ қарайым  Қырымнан Литва княздығына көшіп, сол княздықтағы Троки, Вильна (қазіргі Тракай мен Вильнюс) мен (қазіргі Украина территориясындағы) Луцк пен Галичқа қоныстанады. Ал тарихи дерек бойынша, Литва князы Витовт өзінің 1392 жылы Қырымға жасаған әскери жорықтарынан кейін 383 қарайым отбасын жеке жасағы ретінде Тракайға көшіреді, содан кейінгі ғасырларда тағы да бір топ қарайымдар Луцк пен Галич қоныстандырылады. Кейіннен қарайымдар ол жерлерден Литваның басқа қалалары Волынь мен Подолияға тарайды. Басқа дәлелдер бойынша, Литвалық татарлардың Алтын Ордадан Литваға көшуі XІV ғасырда басталады. Яғни Алтын Орда әміршісі Тоқтамыс ханның Литваға қашуының салдарынан көптеген Еділдік татар отбасылар Литва княздығына көшкен болатын.
 
Құман-қыпшақ теориясы
 Д.Шапиро, П.Голден секілді ғалымдардың пікірінше, қарайымдардың Шығыс Еуропадағы ата-бабаларының Қырымға қатысы жоқ. Олардың пікірінше, Қырым қарайымдары мен қырымшақтардың ата-бабасы моңғол шапқыншылығы (ХІІІ ғасырдың алғашқы жартысы) кезеңінде басып алынған территориялар (Солтүстік Иран мен төменгі Еділ бойы) Византиядан және 1543 жылы Константинопольдің (Стамбулдың) османдықтар тарапынан басып алынуы нәтижесінде аталмыш аймақтан Қырымға келген (Golden 2002: 323).  Бұл пікірді жақтаушылар Қырымдағы қарайымдар мен татарлардың тілінің айырмашылықтарының көп екенін алға тартады. Олардың пікірінше, қарайым тілінің Тракай және Галич диалектілері Қырым қарайым диалектісінен өзгеше. Шынында да Литва мен Галич қарайымдарының тілі Алтын Ордада таралған түрік тіліне жақын болып келеді.
Қарайымдардың Қырымда пайда болғанын  алғаш рет тіркеген (жазған) құжат 1278 жылғы жазба болып табылады. Литва княздігі мен Қырымдағы қарайымдар сыртпен онша байланыса бермейтін, бір-бірімен тығыз байланыстағы жабық қоғам қалыптастырған. Тек өз арасында үйленіп, осы күнге дейін дінін, тілін, салт-санасын сақтап қалған.
1783 жылға дейін Осман империясының қол астында болған Қырым хандығы Ресей империясының билігіне өткеннен кейін қарайымдар да Қырымдағы басқа түркі халықтары секілді орыс билігінде өмір сүре бастады. ІІ Екатерина Ресейдің тағы бір боданы болған еврей халқымен салыстырғанда қарайымдарға қарсы қандай да бір тиым-кедергі жасайтын іс-әрекеттер қолданбаған. Оларға  жер теліміне иелік ету құқы беріліп, салық өндіріліп отырған. Соның нәтижесінде қарайымдар арасында көптеген ірі жер, мүлік иелері мен өнеркәсіпшілер шыққан.
Осы кезеңде Галичта тұратын қарайымдар Польшаның бөлініп, Галичтың Австрияға берілуі салдарынан 1772 жылдан бастап, Австрия империясының құрамына еніп, сол жердегі христиандармен тең дәрежелі құқықтарға ие болған.
ХХ ғасырда қарайымдар арасында ыдырап, бөліну үдерісі басталды. Олардың бір бөлігі Мәскеуге, бір бөлігі Санкт-Петербург пен Варшаваға көшіп кетті. Олардың сан жағынан азаю факторы тілдерінің де әлсіреуіне әсер етті. Өйткені қарайымдар күн өткен сайын орыс тілі, поляк тілі және тіпті қырымдағы түркі тілін ана тілдері ретінде қабылдай бастады. Алайда иудаизм дініндегі тағы бір түркі халқы болып саналатын қырымшақтармен салыстырғанда қарайымдар (1941-1944 ж.ж.) неміс басқыншылығынан аз шығынмен құтылды. Өйткені Литвадағы Қарайым діни қоғамының төрағасы хахам Хажы Сарай Шапшал неміс фашистерінің құзіретті тұлғаларына қарайымдардың еврейлермен тек дін тұрғысында байланысатынын, ал этникалық тұрғыдан толықтай басқа нәсіл екеніне сендіре білді. Сонымен қатар, қарайым қауымы  А.Гитлер мен оның үкіметіне, атап айтқанда ІІІ Рейхтің Ішкі істер министрлігіне өтініш жазып, өздерінің еврей ұлтына қатыссыз екендіктерін білдірді. М.Балабан (1877-1942), З.Калманович (1881-1944), И.Шипер (1884-1943) секілді иудаизм дініндегі ғалымдар неміс фашистеріне қарайымдардың еврей ұлтынан еместігін түсіндіріп, оларды геноцидтен сақтап қалды. Соған қарамастан, Рига, Краснодар, Одесса мен Херсондағы көптеген қарайымдар соғыстың алғашқы жылдарында «еврей» деп айыпталып, өлім жазасына кесілді. Неміс фашистерінің геноцидінен Қырым қарайымдарын сақтап қалу үшін евпаториялық қарайым адвокат С.М.Хожаш (1881-1942) Симферополь Орталық архивінен қарайымдардың еврейлерден бөлек, түркі текті халық екенін білдіретін құжат та ұсынды.
Соғыстан кейін де қарайымдардың жолы болды. Қырым татарлары түгелдей дерлік жер аударылып жатқанда қарайымдар Қырым, Мәскеу және Ленинград секілді өздері тұрып жатқан жерлерде қалды. Олардың арасында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандар да болды. Мысалы,  Евгений Эфет әскерде үлкен табысқа қол жеткізіп, ІІІ дәрежелі капитан шенін алған. Көптеген қарайымдар өздеріне көрші тұрған еврейлерге көмектесіп, оларды өлімнен құтқарып қалды. Кейбір қарайым отбасылары оларды өз үйлеріне паналатты немесе қайтыс болып кеткен туыстарының орнына жазып, құжаттарға тіркеп қойды.
Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін 1991 жылдан 2014 жылдың наурыз айына дейін Украинаның Қырым автономиялық округінде өмір сүріп жатқан қарайымдар осы аймақтың басқа халықтары секілді тең құқық алып, қырым татарлары, қырымшақтар, және т.б. секілді Қырымның жергілікті халқы болып саналды. 2014 жылдың наурыз айынан бастап Қырымның Ресейге аннексиясынан кейін қарайымдар Ресей Федерациясына қарасты Қырым автономиялық республикасында өмір сүріп жатыр.
Қазіргі кезде қарайымдарда төмендегідей күрделі мәселелер көрінеді:
- 20-ғасырда пайда болған демографиялық өзгерістерге, аралас некелерге байланысты қарайымдардың саны күн өткен сайын азаюда;
-  Дәстүрлі діннің жойыла бастауы: Кеңестер кезеңіндегі «кеңестік ұлтқа айналдыру» саясаты, діни мекемелер болып табылатын кенасаның жойылуы, шет елдердегілердің христиандануы, караизмнің еврейлендірілуі және т.б.
- Ана тілдің жойылуы және орыстану саясаты т.б.


Қарайымдардың халық саны және тұрғылықты жері  
Орналасқан жері мен халқы (демографиясы)
Қарайымдарды үш негізгі топқа бөіп қарастыруға болады: Қырымдағы қарайымдар; Галициядағы қарайымдар (Украинадағы);  Литваның Тракай ауданындағы қарйымдар (ең үлкен топ). Олар қазіргі кезде Литва, Қырым, Мысыр, Израиль, АҚШ, Швейцария, Франция, Англия, Бельгия, Солтүстік Африка, Испания, Иран, Армения, Кавказ, Ресейдің оңтүстігі мен Стамбулда саны аз халық ретінде өмір сүріп жатыр. Алайда олардың аз ғана бір бөлігі Қырымнан шыққан қарайым түркілері, ал қалғандары болса, Мысыр мен Таяу Шығыстан шыққан еврей текті қарайымдар болып табылады. Қырым текті қарайымдардың саны дәл анық болмаса да, төменде көрсетілгендей жаңа ғасырымызда жасалған кейбір статистикалық зерттеулер олардың сан жағынан аз екенін көрсетеді. Бұл мәселеде төменде кейбір мысалдар келтірейік:
2001 жылғы санақ бойынша, Украинада саны шамамен 2000 адам болатын. Қарайымдардың бұл жердегі аймақтарға қарай таралуы төмендегідей: Қырым автономиялық аймағында 671 адам, Ивано-Франковск облысында 106 адам, Одессада 65 адам, Днепропетровскіде 64 адам. Ресей Федерациясында 2010 жылы 205 адам деп көрсетілсе, 2014  жылы 750 адам шамасында деп көрсетілген. Санның осылайша артуы Қырымның Ресейге қосылуына байланысты болса керек. 2010 жылғы мәліметтер бойынша Мәскеуде 89 адам, 2014 жылғы мәліметтер бойынша Қырымда 500 адам, Севастопольде 35 қарайым болған. 2011 жылдың есептері бойынша Польшада 346 адам,  Литвада 241 адам қарайым деп тіркелген. 2009 жылғы мәліметтерде, Қазақстандағы қарайымдардың саны 231 адам деп берілген.
Қырым Ұлттық мәдени қоғамының төрағасы Б.С.Бебештің пікірінше, 2003 жылы Украина мен оның маңайында қарайымдардан Харковьте 30 отбасы, Одессада 100 отбасы, Николаевте 40 отбасы, Днепропетровскіде 20 отбасы, Галичте 10 отбасы болған.
Халық санағының қорытындысы бойынша Қазақстандағы қарайым халқының динамикасы төмендегідей көрінеді:
1970 жылы – 50 адам;
1979 жылы –33 адам;
1989 жылы –33 адам;
1999 жылы –28 адам;
2009 жылы – 231 адам.
 
Жоба аясындағы зерттеу жұмыстары кезінде Қазастанда өмір сүретін ешбір қарайым ұлтының өкілін табу мүмкін болмады. Сондықтан да қарайым диаспорасының өкілдеріне сауалнама жүргізілмеді. Алайда 2009 жылғы санақ нәтижесінде қарайымдардың халық санының күрт артуы ерекше назар аудартады.
Қазақстандық ғылымда қарайымдар мен олардың тілі зерттелген тақырыптардың бірі болып табылады. Мысалы түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі Кеңесбай Мұсаев 1963  жылы «Қарайым тілінің құрылымы» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Ғалымның қарайым тілінің фонетикасы мен морфологиясын жүйелі түрде қамтыған еңбегі 1964  жылы «Қарайым тілінің грамматикасы» деген атпен жарық көрді. Онда Литва мен Украинада тұратын қарайымдардың тілдері туралы деректер жинақтап, Тракай, Галиция диалектілері жайында жазды. Сондай-ақ Қыпшақ тобындағы тілдерді салыстырмалы-тарихи тұрғыда зерттеп, әліпби, лексика және орфография мәселелерімен жүйелі түрде айналысты. К.Мусаев «Қарайымша-полякша-орысша» сөздігін шығарып, қарайым тілінің дамуына зор үлес қосты.
           
Қарайымдардың ұлттық-мәдени бірлестіктері және олардың тілі мен мәдениетін қолдау жағдайы
Өкінішке орай, іздестіру барысында бірде-бір өкілінің табылмауына байланысты, қарайым диаспорасының Қазақстанның қай аймақтарында өмір сүріп жатқаны және олардың мәдениеті мен тілін, дәстүрін қаншалықты сақтап қалғаны жайлы нақты дерек ұсына алмаймыз.
 
Тілдік жағдай
Қарайым тілі – негізінен Украина, Литва және Польшада өте аз тұтынушы тарапынан қолданылатын, әлемдегі жойылып бара жатқан тілдердің бірі және Қазақстанның эндогендік тілдерінің бірі болып табылады. 1989 жылғы халық санағы мәліметтері бұрынғы КСРО-да 2 600 қарайым халқының болғанын, оның 21%-ы ғана ана тілін меңгергенін көрсетеді. Саны жағынан өте аз және бытыраңқы орналасқандықтан, қарайымдар өз ана тілін ұмыта бастаған. Әдеби тілі жоқ. ХІХ ғасырдың ортасынан бастау алған баспа тілінде көне еврей, латын және кириллдік әліпбилерді қолданған.
Қарайым тілі екі диалектіден тұрады: трақай және галиция. Қазір ТМД елдеріндегі карайымдардың жалпы саны – 3 341, алыс шетелдерде – 2 803. Қарайым осы екі диалектінің негізінде қалыптасқан. Қарайымдардың және оның тілінің біздің елде зерттеле бастауы үстіміздегі ғасырдың 30 жылдарынан басталады. 1964 жылы орыс тілінде жарық көрген «Қарайым тілі грамматикасы» атты еңбегінде К. Мұсаев бұл тілдің құрылысына жан-жақты тоқталған.
Қарайым тілі    түркі тілдері Батыс хун бұтағының қыпшақ тобы, қыпшақ-половец тобына жататын жалғамалы тіл. Өзіміз білетіндей, қазіргі таңда қолданыстағы және ХХ ғасырдан бастап жазба тіл ретінде қолданылып келе жатқан түркі тілдерін жүйелеп, топтастыру үшін негізінен қабылданған және үш топқа бөлінетін (оғыз, қарлұқ, қыпшақ) генеологиялық классификацияда қыпшақ тілдері үлкен бір топты құрайды. Географиялық топтастыру бойынша, «батыс түркі тілдері» кейде көбіне «солтүстік-батыс түркі тілдері» деп аталатын бұл топтың тарихи және қауымдық атауы үнемі «Қыпшақ тобы» деп қабылданған. Міне, осы қыпшақ тобына кіретін түркі тілдері төмендегідей:
І. Қаратеңіз-Каспий аймағы
1.  Қарайым (қарай)
2. Қырым татары
3. Қарашай-балқар
4. Құмық
ІІ. Еділ-Жайық аймағы
  1. Татар
  2. Башқұрт
ІІІ. Арал-Каспий аймағы
  1. Қазақ
  2. Қарақалпақ
  3. Ноғай
  4. Қырғыз
 
Қазіргі таңда Литваның Тракай, Вильно, Паневежис қалаларында; Украинаның Луцк, Галич қалаларында, Қырымның Гөзлеве (Евпатория), Бақшасарай маңайында, Польшаның Гданьск, Варшава, Вроцлав, Ополе аймақтарында бытыраңқы түрде өмір сүріп жатқан иудаист қарайым халқы сөйлейтін, әрі әдеби тіл ретінде қабылдайтын диалектісін көп жағдайда тек ауыз әдебиетінің нұсқаларынан көруге болады. Қарайым тілі әдеби тіл ретінде қалыптаспаған аз тілдер қатарында.
Қарайым тілінің сөйлем құрылысында дәл гагауз диалектісіндегідей славян тілдерінің ықпалы байқалады. Бірақ Н.А.Баскаков «Некоторые наблюдения над синтаксисом караимского языка» атты еңбегінде қарайым тілінің грамматикасының әлсіз екендігін атап өткен. Сонымен қатар, қарайымдардың ертеден келе жатқан іргелі әдебиеті бар екенін, іс жүзінде қарайым тілінде сөйлем мүшелері ретінің еркін болып келетінін білдірген. Сөйлем мүшелері ретінің осылай еркін болып келуі сөйлеу тілін еркін қолдану мақсатында пайда болғанын айтып өткен Баскаков осы ерекшелігіне қарап, қарайым тілінің славян тілдерінің ықпалында қалмағанын білдіреді (Баскаков 1965: 273). 
Қазіргі таңда құман тілінің ең жақын мұрагері әрі жалғастырушысы болып табылатын, бұрынғы Польша-Ресей шекарасында тұратын қарайымдардың тілі – қарайымша. Әсіресе көне Польша корольдігінің Тракай, Вильно, Паневежис қалаларында тұратын қарайымдардың тілі  Польшаның оңтүстігінде тұратындарға қарағанда көне құман тіліне жақынырақ. Қырым қарайымдарының тілі де, бұрынғы кезде,  ХIV ғасырлар шамасында Польшаға көшкендердің тілімен ортақ, бір диалект болса керек. Алайда қаіргі таңда Қырым қарайымдарының тілі бір жағынан қырым татарларының тіліне, екінші жағынан Қырымның османдық элементтеріне ұқсағандықтан өзіндік ерекшеліктерін, яғни көне құман тілінің іздерін де түгелдей дерлік жоғалтқан.
Кавказ аймағында тұратын балқарлар мен қарашайлардың тілі қарайымдардың тіліне өте ұқсас. Бірақ қазір еш өзгермеген, көне тілді тек ғана Польша мен Литвада тұратын қарайымдар сақтап қалған. Қарайым тілі моңғол шапқыншылығынан бұрынғы кезеңде қалыптасқан және «Кодекс Куманикспен» (Codex Cumanicus) айтарлықтай ұқсастықтары бар. Қарайымдар ғибадаттарында иврит тілін қолданады. Бірақ «Тәураттың» қарайым тіліндегі аудармасы (шамамен Х ғасырда) жасалған. Діни терминдердің көпшілігі араб және парсы тілінде. Бұл жайт аталмыш қалыптасу кезеңінде исламның белсенді болғанын көрсетеді (жамағат, құдырет және дін секілді). Сондай-ақ қарайым тілінде иврит тіліндегі элементтер де айтарлықтай дәржеде кездеседі (Григорьев 1876: 435). 
Тарихы жағынан хазарлармен байланысты екені туралы пікірлер алға тартылса да, хазар тілі жөнінде қолымызда кейбір кісі аттары, жер атаулары, атақ-лауазымдардан басқа еш нәрсе болмағандықтан мұндай пікірдің шынайылығы тілдік тұрғыдан әзірше дәлелсіз болып көрінеді. Қарайымдардың тегіне қатысты ең маңызды дәлел тілідерінде көрініс табады. Қарай тілінде қарайымдардың көне дәуірлерден бастап байланыста болған бұлғар, хазар, үшпеченег және қыпшақ-құмандардың іздері байқалады. Көне түрік тілін сақтап қалған тіл ретінде танылған қарай не қарайым тілі туралы түрліше етелған көрінеді. Мәселен, ХІІ ғасырда хахам Петахия Қара теңіздің солтүстігінде қалған қарайым жерлерін Кедар елі деп, ал қарайымдардың көне диалектілерін «Кедар тілі» деп атаған екен.
1917 жылы Ресейде өткізілген жалпы халық санағында елде 12 894 қарайым тұратыны анықталған (Польша территориясындағы қарайымдар да осы көрсеткішке кіреді). Осы қарайымдардың 9666-сы (74%) ана тілдерін туралы сауал қойылғанда ана тілдерін «түрік тілі» деп көрсетсе, 2632-сі (20%) орыс тілінде сөйлейтінін, тек 383 (2,9%) қарайым ғана идиш (жаңа еврей) тілінде сөйлейтінін білдірген.
 Литвада әлі де қарайым тілін түсінетін, күнделікті өмірде қолдана алатын шамамен 50 кісі бар. Украинада сегіз кісі.  Ал Польшада қарайым тілі күнделікті өмірде қолданылмайды. Алайда әлі де болса бұл тілді ұмытпаған бірнеше кісі бар. Қырымда бір кездері маңызды болып саналған қарайым тілі қазіргі кезде аз қолданылса да, бірнеше жас кісі бұл тілді кітаптан үйреніп қолдануға тырысып жүр. Поляктардың танымал лингвист ғалымы Ян Тадеуш Ковальский қарайым тілінің түркі тілдері тұрғысынан маңызын «кәріптастың ішінде шыбынның тасқа айналуына» ұқсатып бейнелі түрде суреттеген.
Қарай тілінің жойылып бара жатқан тілдер санатына кіруіне тағы бір себеп -  көршілес тілдердің ұдайы ықпал етуі болып табылады. Славян және литва тілдерінен енген сөздер әсіресе қарайым тілінің ауызекі тілінде жиі кездесе бастаған. Мына сөздер сөздер славян тілінің элементеріне мысал бола алады: бурак – қызылша (поляк тілінде – бурак), жегла – кірпіш (поляк тілінде жегла), кимиен – тминь, липа – жөке ағашы, салам – сабан (орысша – солома; поляк тілінде слома); выспа – арал (поляк тілінде виспа); т.б.   Аталмыш кірме сөздермен қатар, қарайым тілінің кейбір төл сөздерінде де соңғы буындағы екпін түсіп қалады. Қарайым тілінде поляк, беларусь немесе орыс тілдерінен енген сөздерді анықтау қиын. Оның басқа тілдер ішіндегі түр-тұлғасы бірдей немесе ұқсас болып келеді. Сөйлеу тілінің синтаксисінде де славян тілдерінің ықпалы қатты байқалады.
Еврей тілінен енген сөздер мен мағынаға қатысты сөз тұлғалары ең алғаш жазба тілде, кейіннен ауызекі тілде орын алған. Қарайым тілінде өзімен байланысы жоқ көптеген арбаша және парсыша сөздер де кездеседі. Олардың арасында діни терминдер бар. Мысалы, «киениеса» - қарайымдардың ғибадатханасы (шіркеу) сөзі араб тілінен енген.
Түркі тілінің бір бұтағы саналатын қарайым тілі типологиялық тұрғыдан жалғамалы тіл болып табылады.  Оның грамматикалық құрылысы географиялық тұрғыдан оның айналасын қоршап тұрған (көрші жатқан) қопармалы (флективті) үнді-еуропа тілдерінен тегі жағынан мүлдем өзгеше. Жалғамалы тілдердегі сөздер, олардың тұлғалары, түбір-негіз немесе бірікпейтін грамматикалық қосымшалармен және тек мағыналы түбірлермен жасалған қосымшалар арқылы дамиды. Осы себепті жалғамалы тілдердегі сөз құрылымы қарапайым, ашық және оңай түсінілетіндей түрде болады.
Қарайым тілінің сөздік құрылымының ең басты ерекшелігі – сөз түбіріне соңына дейін сөз тудырушы жұрнақтардың  жалғануы болып табылады. Бұған мысал ретінде төмендегі –жы, -жі, -чы, -чі қосымшасынан туған туынды сөздерді беруге болады:
Балых “балық” > балыхчы “балықшы”;
Иш “іс, жұмыс” > ишчи “жұмысшы‘;
сабан “соқа” > сабанчы “соқашы”;
сиоз “сөз” > сиозчию “баяндамашы, сөйлеуші”;
 
Қосымшалардағы дауыстылар түбір-негіздегі дауыстылар мен сингармонизмге бағынуына байланысты өзгереді. Еуропа тілдеріндегі әрбір тәуелдік жалғауы (менің, сенің, оның, біздің, сендердің, олардың) қарайым тіліндегі жеке бір тәуелдік жалғауына балама болып келеді. «Сенің» сөзі бұл жерде тек қана 2-жақтағы жекеше түрді білдіру үшін қолданылады және көне қарайым сөзі емес.
Атла-м “адым, қадам” > атламым «менің қадамым»
Атлам-ый  “сенің қадамың”
Атлам –ы “олардың қадамы”
Атлам-ым-ыз “біздің қадамымыз”
Атлам-ый-ыз “сіздің қадамыңыз”
иш «жұмыс» > ишим «менің жұмысым»
иш-им-из «біздің жұмысымыз»  т.б.;
дост  “дос” > дост-ум “менің досым”
дост-ум-уз “біздің досымыз”, т.б.
 
Тәуелдік жалғауларының өзгергіштігі түбірдің фонетикалық құрылымына байланысты. Егер түбірдің соңында дауыссыз келер болса, жалғау үнемі түбірдегі сингармонизм арқылы белгіленеді (атлам, иш, дост, киоз); егер түбір-негіз дауысты дыбыспен аяқталар болса (коншу) сингармонизм сақталып қалады, бірақ жалғаулар қысқарады. Мысалдардан да көрінгендей, қарайым тіліндегі фонетикалық және морфологиялық ерекшеліктер басқа түркі тілдерімен бірдей болып келеді.
Қазіргі қарайым тілінің қызметі тек егде тартқан қарайымдардың тұрмыстық тіл қолданысымен шектеледі. Қазіргі қарайымдар негізінен екі-үш тілде еркін сөйлейді.
 
Орфография (жазу ерекшелігі)
Қарайымдардың еврей әліпбиі негізіндегі дәстүрлі жазуы ХХ ғасырға дейін қолданылған. Көптеген қарайымдық отбасыларда әлі күнге дейін меджум деп аталатын, әр түрлі мазмұндағы еврей жазуымен жазылған мәтіндер, қолжазбалар мен жинақтар сақталуда. ХХ ғасырдан бастап қарайымдар түрлі өзгерістердегі латын әліпбиін (яналифтік, литвалық және поляктық) және кирилл әліпбиін пайдаланып келеді.
Бастапқыда қарайым тілі иврит әліпбиін қолданған. Бірақ ХХ ғасырдан бастап латын және кирилл әліпбилерін қолдана бастаған. Латын әріптерінің екі нұсқасы болған. Олар литвалықтардың тілінде қолданылған Панвиж/Панавейш; поляк тілінде қолданылған Луцк, Галич және Вильно нұсқалары. Эдуард Аллворт 1927 жылдан бұрын және кейін екі латын әліпбиін дайындаған (Nationalities of the Soviet East). 1930 жылдары Луцкіде латын әріптерімен бірнеше басылым шыққан, бірақ бұл жалғасты болмады. Аталмыш кеңестік басылымдарда кирилл әріптерін негізге алған транскрипция жүйесі қолданылған. Польшадағы қарайымдарда әлі де латын транскрипциясы қолданылады.
Қырым қарайымдарының латыншаға бейімделген әліпбиі (1920-1930 жылдар)
Фотография
  •  Я, Ю әріптері өте сирек қолданылады, олар ЙУ, ЙА деген әріптік (таңбалық) тіркестермен алмасады..
  •  Ь әріпі Л дыбысын жіңішкерту үшін қолданылады.
  • Щ  әріпі орыс тілінен енген сөздерде қолданылады. 
  • Ӱ Ӧ әріптері  [y], [ø] секілді дыбысталады.
 
Сонымен, көп ұлтты, көп тілді,  көп конфессиялы, яғни 120-дан астам түрлі этнос өкілдері өмір сүретін Қазақстан мемлекетінде қарайымдар нақты қашан пайда болды және қандай мақсатта келді деген сұрақтарға, қазірше, нақты жауап табу мүмкін емес. Алайда, түрлі деректерді негізге ала отырып, қарайымдардың қазақ жерінде пайда болу себептерінің төмендегідей болжамдарын ұсынамыз:
- орта ғасырларда иудаизм дінін тарату мақстанда;
-  XIX соңында - XX ғасыр басында еврей - қол өнершілерімен бірге пайда болуы ықтимал;
- ХХ ғасырдың 40-50 жылдарындағы Қырым халықтарының жаппай жераударылуы кезінде;
- Ұлы отан соғысы жылдарында т.б.
Дәл қазіргі уақытта Қазақстанда қанша қарайым өкілі бар және оладың ана тілін біліп білмеуі жайлы ешқандай ақпарат жоқ. Сондықтан Қазақстанда, статистикалық деректерде көрсетілген сандық деректен тыс,  қарайымдық институт нышаны байқалмайды деп айта аламыз.
 
Пайдаланылған әдебиеттер:
  1. Баскаков Н.А. Введение в изучение тюркских языков. М., 1962
  2. Баскаков Н.А. Некоторые наблюдения над синтаксисом караимского языка // Ural-Altaische Jahrbücher. Vo1. 36, f. 3-4, 1965.
  3. Григорьев В.В. Караиты или караимы. Россия и Азия. СПб., 1876
  4. Мусаев К.М. Грамматика караимского языка. Фонетика и морфология, М., 1964
  5. Мусаев К.М. Краткий грамматический очерк караимского языка, М., 1977
  6. Мусаев К.М. Синтаксис караимского языка. М., «Academia», 2003
  7. Starikov, Simeon, “Kırımlı Karaimler Hakkında”, Kalgay Dergisi, Bursa, 1999.
  8. Doğan İ., Kıvrıkdal İ. Karaim Türkleri / Türkler, 20. Cilt. Ankara, 2002. S.781-789
  9. Golden P.B. Türk Halkları tarihine Giriş. Çev. O. Karatay, KaraM, Ankara, 2002. ​
Жалмырза Айдын Асылбекқызы
Powered by Create your own unique website with customizable templates.