Посткеңестік Қазақстандағы түркі тілдер
  • Жоба жайлы
    • Жобаға қатысушылар
    • Байланыс
  • Түркі халықтары туралы
  • Басылым
  • Сауалнама толтыру
  • Нәтижелері
  • Галерея
  • Бұл қызықты
  • Орысша
  • Ағылшын

Қырым татарлары

Қазақстанның Қырым татарлары
Қазақстанның халық санағының нәтижесі бойынша қырым татарлары диаспорасының халық саны динамикасының көрсеткіші:
1970 – 2023
1979 – 834
1989 – 3125
1999 – 1007
2009 –1532
1944 жылдың 18 мамыры күні қырым татарлары Қазақстанға  (4286 адам), Өзбекстанға (151136), Марий АССР-не, Тәжікстанға депортацияланған. Қырым татарлары de facto 1989  жылға дейін тарихи Отанын қайту құқынан айрылған.
Қазақстандық қырым татар диаспорасы Алматы қаласында, Жамбыл облысында шағын топпен өмір сүреді. Қазақстандық қырым татарлары шашыраңқы өмір сүреді, сондықтан сауалнама алты респонденттен ғана алынды. Алты респонденттің жауабы бойынша сауалнаманың барлық сұрақтарына тұщымды жауап алу қиын, дегенмен күнделікті өмірде тілді қолдану және өз ана тілін (дәстүрлі) білу мәселесі бойынша жалпы мәлімет алуға болады.
Сауалнамаға қатысқан 6 респондент орыс тілінде сөйлеуге басымдық береді. Жанұясында 1 респондент балаларымен қырым татар тілінде, 4-еуі орыс тілінде сөйлеседі, 1 респондент үлкендер жанұяда балаларымен тек қана орыс тілінде сөйлесетіндігін айтты. Жанұяда 1 респондент үлкендермен қырым татар тілінде, 4-еуі орыс тілінде сөйлеседі. 5 респондент жұмыста орыс тілінде сөйлессе, 1 респондент қырым татар және орыс тілінде сөйлеседі. Қызмет көрсету саласында орыс тілін 5 респондент, ал 1-еуі қырым татар және орыс тілін қатар қолданады. Қырым татар этносы өкілдері басқа этникалық топ өкілдерімен тілдесуде орыс тілін қолданады. Респонденттер  орыс, түрік тілдерінде еркін,  әзірбайжан, қазақ тілдерінде қиындықпен сөйлей алатындықтарын көрсетті.
Респонденттер сауалнаманың ашық сұрақтарына жауап берген жоқ, фольклор үлгілерін білмейді немесе естерінде жоқ. Біз бұл жайт тұтас халықтың қуғын-сүргінге ұшырауынан деп санаймыз, оның үстіне олар жаңа жағдайға бейімделіп, өздерін сақтауы да керек еді. Сондықтан, әрине, сол кезеңдерде мәдениет пен халық дәстүрлерін сақтау туралы сөз болуы мүмкін емес еді. 
Сұхбат алу барысында  1 респондент (1947ж. туған, Тараз қаласында тұрады), қырым татар тілі ата-аналары мен үлкен ұрпақ өкілдерінің арасындағы құпия тіл ретінде қолданылғанын айтты. Ата-аналары өздерінің балаларының амандығын ойлады және оларға ана тілінде сөйлеуге тиым салды. Балаларын орыс тілді мектептерге, балалар бақшаларына берді. Осындай іс-әрекеттердің нәтижесінде қырым татарларының ұрпақтары орыс мәдениетіне толық кірігіп кетті.
 
Қырым татарларының қоғамдық ұйымдары
2009 жылдың 22 сәуірі күні Алматы қаласында Алматылық қоғамдық ұйым «Ватандаш» құрылды, оның мақсаты Қазақстанда тұратын қырым татарларын біріктіру, қырым татарларының тілін оқыту, халық дәстүрлерін, биін, салттарын сақтау болып табылады.
«Ватандаш» қоғамдық ұйымын Алиарова Васпие Исмиловна басқарады.
«Ватандаш» қоғамдық ұйымы қырым-татар тілін оқыту және ревитализациялауға қолдау көрсетіп отырғанын ерекше атап кету керек.   Қырым татар тілін оқыту сабақтарына жастар да, аға буын өкілдері де қатысады. 

Фотография
Сурет 1 «Ватандаш» қырым татарларының қоғамдық ұйымының мүшелері ( Алматы, 2016).
Қысқаша тарихи анықтама
Қырым татарларының шығу тарихы туралы бірегей пікір әлі күнге дейін қалыптасқан жоқ. Даулар мен пікірталастар әлі де жүріп жатыр. Қырым татарларының шығуы туралы кең таралған пікірлердің бірі қырым татарлары XIII ғ. бірінші жартысында түбекте тұрақтап қалған алтын ордалықтардың ұрпағы болып табылады. XIV-XV  ғғ. Қырым хандығы құрылып, оның астанасы Бахчисарайда болды. Хандықтың халқы дала, тау етегі және оңтүстік деп 3 топқа бөлінген татарлар, сонымен қатар татар тілінде сөйлейтін  қарайымдар, қырымшақтар, армяндар, гректерден тұрды.
XVIII ғ. соңында қырым татарлары Қырым тұрғындарының (340-400 мың адам) бөлігін құраса, 1790 и 1850-60 жж. Түркияға көшуіне байланысты олардың саны азайды. ХХ ғ. басында қырым татарларының басым бөлігі өз тарихи отандарынан тысқары өмір сүрді [http://www.mtss.ru/?page=kryims].
 
Қырым татар тілі
Қырым татар тілі Н.А.Баскаковтың жіктеуі бойынша қыпшақ тілдерінің қыпшақ- половец тобына кіреді.
Қырым татар тілі 3 диалектіге бөлінеді: далалық диалект, орта диалект, оңтүстік жағалау диалекті. Оңтүстік жағалау диалекті (ялыбой) түрік тіліне жақын. Зерттеушілер грек және итальян тілдерінен енген сөздер бар екенін атап көрсетеді. Далалық (солтүстік, ноғай) диалект қыпшақ тіліне жатады. Далалық диалектіге ноғай-қыпшақ тілдері жақын. Орта диалект (орта-ёлак, тат) Қырымның таулы және тау бөктеріндегі аудандарында таралған. Орта диалект қазіргі кездегі қырым татар әдеби тілінің базасы болып табылады [Изгидинова С., 1982].
Ескі әдеби тіл көне түркі және ескі осман әдеби тілінің  дәстүрлерінде дамыды. XIV-XVIII және  XIX ғасырлардағы қырым татар авторларының туындыларын зерттеушілер жалпы түркілік немесе османдық деп қарастырады, тіпті  осман классикасына жатқызды. Қырым татарлары және осман әдебиеті классиктерінің бірі Ашик Умер (1621-1707) болып табылады, сонымен қатар Каирдағы «Аль-Бейбарсия» медресесінің ректорлары болған Дия ибн Мухаммеда аль-Крыми, Рунк эд-Дина аль-Крымидың шығармалары белгілі http://www.qypchaq.unesco.kz/Turkic_Languages_Rus.htm#_Крымскотатарский_язык_(Крым;_Добруд]. 
Қырым татарларының өлең сөзіне халықтық қыпшақ әдеби сөйлеу тілінің дәстүрі   Ислам-Гирейдің Богдан Хмельницкиймен бірігіп Польшаға қарсы соғысына арналған Эдип эфендидің «Сефер наме» («Жорық туралы ой») поэмасы арқылы енеді
[http://www.qypchaq.unesco.kz/Turkic_Languages_Rus.htm#_Крымскотатарский_язык_(Крым;_Добруд].
 
Жазуы
Араб алфавитін қырым татарлары 1927 ж. дейін пайдаланды. Араб алфавиті негізіндегі қырым татарларының дәстүрлі жазуын Исмаил Гаспринский  19 ғасырда жасады.
1928 ж. жаңа түрік алфавиті – Яналифке ауыстырылды, ол 1938 ж. дейін қолданылды, 1939 жылы кириллицаға ауыстырылды.
1990 ж. латынданған алфавитке біртіндеп көшу туралы шешім қабылданды, ол Қырым Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен 1997 ж. бекітілді. Қазіргі кезде кириллица және латын алфавитіне негізделген жазудың екі түрі қолданылады.
Қырым татарларының тілі үшін кириллица 1938 ж. жасалды
Аа Бб Вв Гг Гъ гъ Дд Ее Ёё Жж Зз Ии Йй Кк Къкъ Лл Мм Нн Нънъ
Оо Пп Рр Сс Тт Уу Фф Хх Цц Чч Дж дж Шш Щщ Ъъ Ыы Ьь Ээ Юю Яя
 
Қырым татарларының тіліне латын алфавитінің жазуы  1992 ж. бастап енді:
Aa Bb Cc Ç ç Dd Tt Ff Gg Ğ ğ Hh I ı İi Jj Kk Ll Mm Nn  Ñ ñ Oo Ö ö Pp Qq Rr Ss Ş ş Tt Uu Ü ü Vv Yy Zz.
 
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
 
  1. Изидинова С.Р. Фонетические и морфологические особенности крымскотарарского языка в ареальном освещении. – Автореф. дисс. ...канд.наук. – М., 1982.
  2. Меметов А.М.. Источники формирования лексики крымскотатарского языка.– Ташкент, 1988.
  3. Музафаров Р. Крымскотатарская энциклопедия. Т.1-2.– Симферополь: Ватан, 1993;
  4. Лезина И.Н,.Суперанская А.В. Крым. Географические названия: Краткий словарь.– Симферополь: Таврия-плюс, 1998.
  5. http://www.qypchaq.unesco.kz/Turkic_Languages_Rus.htm#_Крымскотатарский_язык_Крым;_Добруд
Тажибаева С.Ж.
Аудармашы: Муртазаева Б.

Бейне

Powered by Create your own unique website with customizable templates.