Посткеңестік Қазақстандағы түркі тілдер
  • Жоба жайлы
    • Жобаға қатысушылар
    • Байланыс
  • Түркі халықтары туралы
  • Басылым
  • Сауалнама толтыру
  • Нәтижелері
  • Галерея
  • Бұл қызықты
  • Орысша
  • Ағылшын

Балқарлар

Бұрынғы Кеңес Одағының аз халықтарының бірі болған балқарлар Солтүстік Кавказдың небәрі төрт әкiмшiлiк ауданын мекендейтiн және жалпы саны 40 мың 900 адам ғана болатын. Кавказ халқын үдере көшіруді бастаған кеңес билігі 1944 жылдың наурызында балқарларды жер аударды. КСРО-ның Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің «Балқар халқын депортациялау» шешімін орындау үшін 1944 жылы 8 наурызда Ішкі істер халық комиссариатының суық қаруланған жасағы «неміс басқыншыларымен ымыраға келді» деп айыпталған балқарларды қоршап алды. 9-11-наурыз аралығында 37 мың 103 балқар эшелондарға күшпен тиеліп, өздерiнiң жаңа мекендерi Қазақстанға және Қырғызстанға жөнетiлдi. Қазақстанның Ақмола, Павлодар, Семей және оңтүстік өңірлеріне 4,660 отбасы (21,150 адам) балқарлар қоныстандырылды.
1957 жылдардың аяғына қарай басқа да қуғынға ұшыраған Кавказ халықтарымен бірге балқарларға да атажұртқа қайтуға рұқсат етілді.
Қазіргі күнде Қазақстанның Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында екі мыңнан астам балқарлар өмір сүруде. 1996 жылдан бері балқар диаспорасы қарашайлықтармен бірге «Минги тау» этно-мәдени орталығын құрып, Қазақстанның мәдени өмірінде белсенділік танытып келеді.

Орфография (жазу ерекшелігі)
Қарашай-балқарлар 1924 жылға дейін араб әріптерін, 1924 жылы латын, 1937 жылдан бастап кириллицаны қолдана бастады. Кириллица негізіндегі әліпби де 1961 және 1964 жылдарында 2 рет өзгеріске ұшырады.

Қазіргі қарашай-балқар  кириллица әліпбиі
Фотография
Қысқаша тарихы мен мәдени ерекшеліктері 
Балқар халқының этникалық атауы
Балқарлар (қарашай-малқарша Аланла) — Солтүстік Кавказда тұратын, қарашайларға жақын түркі тілдес халықтардың бірі. Сонымен қатар балқарлар өздерін Alan / Alanla «аландар» деп те іштей саралап көрсетеді. Еуропалық ғалым У.Прохле 1915 жылы Солтүстік Кавказ елдеріне жүргізген зерттеулері кезінде Малқар (Балқар) атауын тек қана Черек тауының бөктерінде тұратын таулықтарға қатысты қолданды. Ал шын мәнінде, Басхан, Чегем және Қарашай аймақтарының халқы тау бөктерінің атымен аталынды. Яғни, Черек тау бөктеріндегілер өздерін малкарлы деп атаса, Басхан тау бөктеріндегілер басханчы, Чегем тау бөктеріндегілер чегемлі, ал Қарашай аймағындағы халық үшін қарашайлы атауы қолданылған болатын. Негізі осы халықтар өздерін таулы, ал бір-бірін алан деп атаған.
1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін Кавказ елдерін жаулап алған большевиктер жаңа әкімшілік басқару жүйесін өзгертіп, Қарашай аймағын Қабарда, Бесленей және Абазалар жерлерімен біріктіріп, Қарашай-Шеркеш автономиялық аймағын құрады. Кейін Кеңес үкіметі Басхан, Чегем, Бызынгы, Холам және Черек аңғарларын жайлаған тау халқы – балқар және қабардалармен бірге құрылған Қабарда-Балқар Автономиясына қосады. Осылайша 1922 жылы бір ұлттан бір-бірінен бөлек қарашай және балқар халқы пайда болады (Tavkul 2002: 565).
У.Прохленің 1915 жылы Черек жеріне жасаған экспедициясы нәтижелерінің «Келети семле» («Keleti Szemle») журналында «Balkarische Studien» деген мақаламен жариялануы, 1922 жылдан кейін Кеңес үкіметінің Басхан және Чегемлілермен қоса Черек аймағын мекендеген халықтың балқар деп танылуына, Балқар атауының ғылыми ортада да қарашайлардан ерекшеленетін бір халық ретінде қалыптасуына негіз болды.
 
Діні мен мәдениеті
Қазіргі таңда балқарлардың барлығы дерлік ханафи мәсхабыын ұстанатын суннит мұсылмандары. Олардың жаппай ислам дінін қабылдай бастауы кейінгі орта ғасырларға сәйкес келеді. Зерттеушілердің болжауынша, XVII ғасырда Солтүстік Кавказға ноғайлар мен қырым татарларының көшіп келуі балқарлардың ислам дінін қабылдауына себеп болады.
Көне дәуірдегі өзге түркі халықтары сияқты балқарлардың да арғы ата-бабалары шаманизм, тәңіршілдік, христиан және т.б. наным-сенімдерге иланған болатын. Әсіресе, балқарлардың ұзақ уақыт Тәңірге сенгендігін дәлелдейтін мәліметтер бар. Қарашай-балқарлардың да исламға дейінгі көне түрік наным-сенімдерін ұстанғандығын Teyri - Тәңрі, Umay-Ene – Ұмай-анаға қатысты аңыз-әңгімелерінен аңғаруға болады. Азиялық Ғұн (б.з.б. III ғ. – б.з. III ғ.) және Еуропалық  Ғұн (V - VI. ғғ.) императорлығы кезеңінен бері белгілі болған көне түріктердің бір Тәңірге сенуі – Тәңіршілдіктің іздері балқар халқының батырлық жырларында да көрініс тапқан (Карачаевцы, Балкарцы 2014). Ерте орта ғасырларға жататын армян және Византия дереккөздерінде Кавказ жеріндегі ғұндардың Тәңірі-хан деп аталған тылсым күшке ие құдайының болғандығы жайлы мәліметтердің кездесуі балқарлардың да өзге Кавказдағы түрік халықтары тәрізді осы наным-сенімді ұстанғандығын дәлелдей түседі.
Сонымен қатар, балқарлар арасында христиан діні іздерінің болуы да тарихи жағдайларға негізделеді. Солтүстік Кавказ жерінде орта ғасырларда, нақтырақ бұлғар, сабыр, көктүрік және хазар секілді көне түрік тайпалары кезінде Византияның әсерімен христиан діні жайыла бастады. Кейін құман, құм, половец тәрізді қыпшақ тайпаларының христиан дініне жақын болғандығы және олардың кейбіреуінің осы дінді қабылдағаны да белгілі. Ортағасырлық византиялық, араб, парсы, славян және т.б. дереккөздердегі мәліметтер балқарлардың христиан дінін де ұстанғанын растайды (Карачаевцы, Балкарцы 2014).
Балқарлардың салт-дәстүрлерінен, жыр-дастандарынан, ертегі және аңыз-әңгімелерінен Кавказ елінің жергілікті тайпаларына ортақ мифологиялық мотивтерді көре аламыз (Tavkul 2002: 265-267). Әсіресе көршілес шеркеш, қабарда, осетин және өзге де Кавказ халқының ауыз әдебиетінде кездесетін тау, өзен-су, жел, жаңбыр, топырақ, от және т.б. табиғат құбылыстарымен байланысты сарындар қарашай-балқарлардың ауыз әдебиетінің тұтастығын көрсетеді. Осетин ғалымы В.И.Абаев Кавказ халықтарының әртүрлі тілде сөйлегендеріне қарамастан, олардың ортақ бір мәдениетке ие болғандығын жазды (Абаев 1933). Демек, бүгінгі күнде жеке ұлыстар мен ұлттар ретінде қарастырылып келе жатқан қарашай-балқар халықтарын ортақ мәдениеті, дүниетанымы, діні біріктіреді деп айта аламыз.
Халықаралық жобаның сауалнамасына қатысқан балқарлардың 91,6%-ы ислам дінін ұстанып, діни әдет-ғұрыптарды орындайтындарын және тек мұсылмандармен некелесетінін білдірді (http://tyurki.weebly.com/).
 
Халық ауыз және жазба әдебиеті                                                     
Қабарда және қарашай-балқар халықтары тарихи тағдырлас болғандықтан, тілдеріндегі айырмашылықтарға қарамастан, олардың әдебиеті бір арнада қатар дамыды. Балқар әдебиетінің негізгі бастауы, әлемнің басқа да халықтарының әдебиеті тәрізді – халық ауыз әдебиеті. Балқарлардың ерте кезеңдегі тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін терең зерттеген ғалымдар олардың ауыз әдебиетінің өте бай екендігін жазды. Мысалы ХХ ғасырдың бас кезінде орыс география қоғамының мүшесі, этнограф-кавказтанушы Г.Ф.Чурсиннің еңбектерінде балқарлардың халық әндерінің туу сарындары мен орындалу ерекшеліктері Кавказдағы көрші басқа да түрік халықтары тарапынан жоғары бағаланғандығы баяндалады. Өте бай балқар ауыз әдебиеті тақырыптық және стильдік ерекшеліктері жағынан өзге Кавказ халықтарының сөз өнеріне жақын болып келеді (Чурсин 1913).
Қарашай-балқар ауыз әдебиетінің маңызды ерекшеліктерінің бірі - Нарт таурухла, яғни нарт дастандары. Нарт дастандары – қарашай-балқар түріктеріне және әртүрлі тілде сөйлейтін көршілес кавказдық халықтарға ортақ мұра болып табылады (Абаев 1933). Кавказ мифологиясына сүйенсек, нарттар –  кавказ халықтарының арғы тегі болып саналған, аты аңызға айналған кейіпкерлер. Нарт жырларында олардың атты қолға үйреткендігі, темір балқытып, алғашқы қару-жарақтарды жасағандығы айтылады. Нарттар батылдықтың, ержүректіліктің, игіліктің және Кавказ халқы мәдениетінің символына айналған. Ең ақылды, тапқыр және шебер жауынгерлер болған нарттар, адам күші жетпейтін жауларын күш-қуат пен ынта-жігермен ғана емес, терең ақылдылықпен жеңетін болған. Жоғарыда айтылғандай, нарт жырлары тілі мен ділі әртүрлі, басқа-басқа бабадан тараған Кавказ халықтарының арасындағы мәдениетті біріктіретін бірден-бір туынды саналады. Нарт дастандары адыг (шеркеш), абхаз, осетин және шешен-ингуш халықтарымен бірге қарашай-балқар түріктерінің ауыз әдебиетінде де ең көне туынды болып саналады.
Қарашай-балқар халық ауыз әдебиетінің құрамдас бөлігі саналатын нарт дастандарынан бөлек батырлар туралы жырлары мен тарихи жырлары да олардың маңызды рухани-мәдени мұрасы болып табылады. Жыршы деп аталатын халық ақындары орындайтын жырларда балқар халқының тарихы, қоғамдық құрылымы, Кавказдағы басқа халықтармен қарым-қатынастары, Ресейге қарсы азаттық күрестері секілді кесек тақырыптар жырланды (Казахская литература, 2005: 238).
«Авчы Бийнөгер» (Аңшы Бинөгер) дастанын қарашай-балқар ауыз әдебиеті туындыларының ең көнелеріне жатқызуға болады. «Батыр Карча» дастанында қарашайдың Карча есімді биінің қабардалық шахзадалармен күресі баяндалады. Қарашай-балқар халық әдебиетінде қабардалық шахзадалардың ерліктерін баяндайтын жырлар да кездеседі. Мұндай жырлар қабарда халқының әдебиетінде де, қарашай-малқар халқының әдебиетінде де құнды шығармалар болып табылатындығы таңғаларлық жәйт. Қарашай-малқарлар аталмыш жырлардың кейіпкерлерін иемденіп алғаны соншалық, Ачемез бен Жансох сияқты тарихта болған қабарда батырлары кейіннен қарашай-балқар халқының батырлары ретінде де таныла бастады.
Қарашай-балқар халқының ең танымал болған тұлғалы ақындарының бірі – XVII ғасырда өмір сүрген Қара Мұса. Ол Балқар бегі Айдаболұлы Артұтайдың жыршысы, әрі кеңесшісі еді. Оның Артұтай мен гүржі патшасы Таймұразды мадақтайтын жырлары осы күнге дейін сақталып келген.
Қарашай-балқар халық ақындары арасында XVIII ғасырда, дәлірек 1695-1798 жылдар арасында өмір сүрген Заңтудының алар орны айрықша. Оның қабарда ханзадасы Қайтұқұлы Асланбек жайлы айтқан жыры кең танымал болып, кейін халық дастанына айналған.
XIX ғасырдағы қарашай-малқар әдебиетінің негізін қалаушы ақын ретінде Казым Мечидің есімі кеңінен танымал болды. Казым 1859 жылы Кавказда Холам-Бызынгы аймағының тау бөктеріндегі ауылда,  балқарлардың Мечи руылы кедей отбасында дүниеге келді. Анасының тегі қарашай-балқарлардың Аппо руынан болған. Бала кезінде медреседе білім алған Казымның араб, парсы және түрік әдебиетін жетік меңгеруі, кейіннен қарашай-балқар тілінде жазған туындыларында байқалады. Казым жастайынан шығыстың Науаи, Фузили және Фирдауси секілді асыл сөз шеберлерінің, Әл-Бируни, Әл-Фараби мен Ибн Сина іспеттес ғұламаларының шығармаларына қанып өседі. Ол бойына сіңген шығыстық сарын әсерімен қарашай-балқар тілінде жырлаған «Тахир иле Зүхре» («Тахир мен Зұхра») дастанын 1891 жылы жарыққа шығарды.
К.Мечидің әзіреті Мұхаммед пайғамбардың миғраж түнінде көктің жеті қабатына көтерілгені және игі мұсылманның қандай болуы керектігі  туралы, жұмақ пен тозақ жайлы баяндайтын діни тақырыпта жазылған көптеген  өлеңдері бар. Мысалы Казымның «Алданмайын ахир заман дүнияйа» (Алданбаңыз ақыр заман дүниеге) атты өлеңі қысқа ғана уақытта бүкіл қарашай-малқар халқы арасына тарады. Сондай-ақ оның шығармаларында қарашай-балқар қоғамының «шахзада-ақсүйек-құл» арасындағы шиеленісті мәселелер, байлар мен кедейлер арасындағы теңсіздіктер секілді әлеуметтік тақырыптар да кеңінен орын алды. 1907 жылы соғыс майданында туған, сегіз бөлімнен тұратын «Жаралы жугутур» (Жаралы тауешкісі) атты өлеңінде жараланған тауешкісін жанамалы жырлай отырып, Кавказ жеріндегі шахзадалар мен рулардың тартысын, ауқаттылардың кедейлерге күн көрсетпеуін, қара халықтың азабын сынайды.
1944 жылы 85 жасқа толған Казымға билікке қарсы тұрды және отанын сатты деген жала жабылып, қуғындалған барлық қарашай-балқар халқымен бірге жүк вагондарымен Түркістанға жер аударылады. Тәбәрік жастағы ақын жаңа қоныстағы ауыр азапқа, отанына деген сағынышқа төзе алмай алғашқы жылы-ақ көз жұмады. Сүйегі Қазақстанның Талдықорған өңіріне жерленеді. 54 жылдан кейін, яғни 1999 жылы Казым Мечидің сүйегі Қазақстаннан Кавказ жеріне, туған жерінің топырағына қайта жерленеді. К. Мечидің зираты қазіргі таңда Қабарда-Балқария Республикасының астанасы – Нальчик қаласында есімімен аталынған бір паркте орналасқан.
Кеңес өкіметі тұсында қарашай әдебиеті Б.М.Пачев, П.Кешоков, Т.Борукаев, Али Шогенцуков, Ә.Кешоков, К.Кулиев, А.Налоев сынды жаңа ақын-жазушылардың есімімен толықты. Кеңес Одағына танымал болған ақындардың бірі – Кайсын Кулиев. К.Кулиев айдауда жүрген кезінде Қырғыз Жазушылар Одағында қызмет атқарды. Оның еңбектері әлемнің бірнеше тіліне аударылып, дәуірдің ең атақты ақындарының бірі ретінде танылды. Қарашай-балқар әдебиетінің кейбір өкілдері сүргін жылдарында социализмнің теңдігі, ұлттардың әдеби достығы тақырыптарында қалам тербеді. Бұл дәуірдегі қарашай-балқар әдебиетінде олардың Орта Азия халықтарымен тарихи және мәдени байланыстары туралы жазылған шығармалар ерекше назар аудартады. Кайсын Кулиевтің «Казак евинде» (Қазақ үйінде), Керим Отардың «Кыргыз язарларына» (Қырғыз жазушыларына), Жанакайыт Залиханның «Эльма ааджы» (Алма ағашы), Исса Боташтың «Фрунзе шехрине» (Фрунзе қаласына) сынды туындыларында Түркістанның түрік тілдес халқына деген құрметі пен бауырластық сезімі анық байқалады.
Бүгінгі қарашай-балқар әдебиеттанушылары Қырғызстанның астанасы Бішкекте «Карындашын сөзү» (Бауырдың айтқаны) және «Джашабузну байрагы» (Өміріміздің байрағы), Қазақстанның Алматы қаласында «Жилтинле» (Шырылдар) атты қарашай-балқар ақын-жазушыларының өлеңдер жинағын жекелеген кітаптар ретінде басып шығарды.
 Қарашай-балқарлар 1957 жылдан бастап отаны – Кавказ жеріне қайта орала бастады. 1959-1961 жылдары балқар әдебиетінің оқырмандарына көптеген жаңа кітаптар ұсынған өнімді кезеңі болды. Репрессияға ұшырап, халық жауы атанған, ІІ Дүниежүзілік соғысы кезінде қан майданда қаза болған балқар ақын-жазушыларының еңбектері құрастырылып, қайтадан баспасөз бетіне шыға бастады. 1970 жылдан бастап  қарашай-балқар әдебиетінің гүлденген дәуірі басталды деп айтуға болады. Абдуллах Беги, Аскер Доду, Светлана Моттай, Муталип Беппай, Мураддин Өлмез, Сакинат Мусука, Мұса Байда секілді жас ақын-жазушылар легі сол халықтың сөз өнеріндегі жаңа белесті бастады. Осы жас ақындардың барлығы дерлік 1950 жылдары туған жерлері – Кавказдан жыраққа жер аударылғандардың ұрпақтары екен (Tavkul 2002: 270-277).
 
Орналасқан жері мен халқы (демографиясы)
Орналасқан жері – «Солтүстік Кавказ» деп аталынған аймақта Ресей Федерациясына бағынышты Қабарда-Балқария Республикасы. Солтүстік-шығыс Кавказдың шығысында Черек, Чегем, Баксан, Малки және Терек өңірінде қоныстанған. Бүгінде балқарлар мынадай топтарға бөлінеді: l. Безенгий немесе бізіңгі; 2. Хуламлы; 3. Чегемли; 4. Уросбейли; 5. Баксанлы.
Қабарда-Балқария Республикасының астанасы – Нальчик қаласы. Республиканың аумағы – 12,5 мың км2. Қазіргі таңда балқарлардың халық саны артуда. Мәліметтерге сүйенсек, халқының саны қазіргі таңда саны 864,455 мың адамды құрайды. Дегенмен, балқарлардың республика аумағындағы саны небәрі халық санының 10%-ына тең.
 2005 жылғы санақ бойынша, балқарлар саны – 112924. Сонымен қатар, он мыңдаған балқарлардың Түркия мен Сирияда, АҚШ-та, Ресей Федерациясының автономияларында, Қазақстан мен Қырғызстанда тұратыны мәлім.
 
Мәдени антропологиясы
Балқарлар мәдени және антропологиялық тұрпатына  қарай көршілес жатқан өзге де Кавказ халықтарынан айтарлықтай ерекшеленбейді. Олардың бет әлпеті көршілес балқар, қабарда, осетин, шеркеш және т.б. ұлттарына ұқсас, еуропалық нәсілдің кавкасоин тобына жатады. Реңі аққұба, басы сопақша, қасы қалың, көзі үлкен және қара (кейде көк), қыр мұрынды, денесі түкті, бой ұзын болып келеді. Сонымен қатар, қарашай-балқарлардың арасында Еділ-Орал, Түркістан және Орталық Анадолы түріктерінде байқалатын еуропалық нәсілдің брахицефалды бас тобына, яғни көне дәуірде «туранид» деп аталған адамдарға ұқсайтындары да аз емес. Тағы ескеретін жәйт – балқарлардың кейбірінде монғолоидтік белгілер де байқалады.
Балқар антропологиялық түр-сипатының Солтүстік Кавказ жеріндегі шамамен екі мыңдық тарихи этникалық қалыптасуымен тікелей байланысты. Прототүрік және түрік халықтарының кавкасоин тайпаларымен байланысы мен араласуы (қыз алу, қыз беру, тіл өзгерісі – түріктену немесе керісінше) нәтижесінде бүгінде балқарлар осындай антропологиялық ерекшелікке ие болды. Әсіресе, орта ғасырдағы қыпшақ түріктеріне тән брахицефалды еуропалық тип балқарларда да байқалады. Бұл, сірә, Солтүстік Кавказ жерінде ұзақ уақыт билігін жүргізген қыпшақтармен этномәдени қарым-қатынасқа түскендігін көрсетсе керек (Анчабидзе 1960: 113-120).
Балқарлардың қоғамдық және отбасылық құрылысы, мәдени өмір салты, ұлттық киімдері, музыка және би өнері, тағам мәдениеті өзге  Солтүстік Кавказ тайпаларынан ерекшеленеді. Алайда кавказдық  ұлттық бас киімдері, жіңішке және қара ұзын кафтандары (ұзын етекті шапан), көйлектеріндегі сәнді кестелер, әйелдер мен ерлердің бір ырғақ бойымен сызылта билеулері, музыкалық аспаптары және олардың үйлесімділігі, түркү (халық әндері) мен басқа да әндері Солтүстік Кавказ халықтарымен үйлесімді болып келеді (Карачаевцы, Балкарцы 2014).
 
Тарихы
Балқарлар ерте ғасырлардан бері Кавказ тауларының ең биік шыңы - Эльбрус бөктерінде және терең аңғарларда өмір сүріп келеді. Эльбрус шыңын «Бенгү даа» - Мәңгі Тау деп атаған балқарлар (малқарлар) осы таудың арғы жағында қоныстанған қарашайлармен бір халық, бір ұлт болып табылады. Екі халық ретінде танытылған олардың географиялық орналасуын ескермегенде, мәдениет пен тіл жағынан ешқандай айырмашылықтар байқалмайды. Дегенмен, көп жағдайда қарашайлар мен балқарлардың тарихы мен тілі бөлек-бөлек ұлт екені алға тартылып келуде. Ғасырлар бойы Кавказ тауларының ең биік шыңы мен жыраларында өмір сүрген, көне жазба деректерде түрік тайпалары деп аталған қарашай-балқар халқының көбі 1920 жылдардағы социалистердің «ұжымдастыру» саясатымен жазық жерлерге көшіріле бастады.
Тарихи, антропологиялық, археологиялық және лингвистикалық ізденістер нәтижесінде, қарашай-балқарлардың сол аймақтарда ұзақ уақыт бойы билік құрған түрік рулық қауымының ұрпағы екендігі анықталды. Әсіресе, олардың этникалық құрылымының қалыптасуында біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында Солтүстік Кавказ жеріне көшіп келген прототүрік, ғұн, көктүрік, хазар, бұлғар, қыпшақ және т.б. Орта Азия тайпалары маңызды рөл атқарды. Сонымен қатар, қарашай-балқарлардың этногенезіне түрік не түрік емес бірнеше  көшпелі тайпалар да қосылды. Негізі, біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтың орта шенінен бастап Солтүстік Кавказ жеріне тиесілі Еуразияның  шөл даласында Сақ (Искит) тайпалар бірлестігі бой көтеріп, билік жүргізген. Сақтар Солтүстік Кавказ жерінде қоныстанған көптеген жергілікті тайпалардың, оның ішінде балқарлардың түп-тамыры саналады. Қарашай-балқар этносының пайда болуына ежелгі тайпалардан алан, астардың да қатысы бар. Балқарлар, б.з. І ғасырында Орта Азиядан Солтүстік Кавказ жерлеріне қоныс аударып, сол жердегі жергілікті тайпаларға, оның ішінде прототүрік тайпаларына қосылып кетеді (Меликсет-бек, 1960:114). Қазіргі осетин және қарашай-балқар халқының этникалық құрылымында аландар мен астардың ерекше бір орынға ие екендігін оларға тән ерекшеліктерден (мәдениет, фольклор, антропология, тіл және т.б. тұрғысынан)  аңғаруға болады. Сондай-ақ, көрші ұлттардың балқарларды ас, алан деп атауы да осындай этникалық тарихи кезеңнің болғанын дәлелдей түседі. Оларды осетиндер азиаг/ аэссон, грузиндер болса алани/ аз/ овс деп атағандығын да ескеріп өткеніміз жөн
Б.з. VI ғасырының екінші жартысында Еуразия даласында салтанат құрған Түрік Қағанаты (552-744) 570 жылдары Солтүстік Кавказ жерін жаулап алады. Кейіннен бұл жерлерде түрік тектес тайпалардың үлесі арта бастайды. 630 жылдары Түрік қағанатының билеуші Ашина әулетінің бір тармағы Солтүстік Кавказ жері, Еділ бойы мен Каспий теңізі аралығына Хазар қағанатын құрады. Орталығы – Төменгі Еділ және Каспий теңізінің солтүстік-батысында орналасқан бұл мемлекет б.з. 630-969 жылдарында үстемдік құрды (Артамонов 1962). Хазар мемлекетінің Батыс Еуразия даласындағы үш ғасырға жуық билігі кезінде де түрік халқының саны біршама артқан болатын. Әсіресе, әзірбайжан, құмық, қарашай-балқарлардың және қырым татарларының тайпа болып қалыптасуында Хазар қағанаты маңызды ықпалы болды. Қазіргі таңда Солтүстік Кавказдағы, Құбан және Дон өзені жағасындағы көне қала қалдықтарынан түрік мәдени мұралары табылып жатыр. Солардың ішінде көне түрік жазуымен жазылған керамикалық және темір бұйымдар, тас мүсіндер, алтын мен күмістен жасалған түрлі әшекей-бұйымдар Түрік қағанатына, Хазар қағанатына тиесілі ескерткіштер бар. Әсіресе, осындай мәдени мұралар қарашай-балқарларға ата-бабаларынан қалған мирас ретінде бағаланып, мұражайларда сақталынуда. Қарашай-балқар, құмық және Солтүстік Кавказ түріктерінің мәдениеті мен тарихында Түрік және Хазар қағанаттарының айқын іздері жатыр.   
Ежелгі түрік дәуірінен кейінгі балқарлардың этникалық даму үрдісіне қыпшақтардың тигізген әсері мол екені сөзсіз. Оның үстіне, ол халықтың қыпшақ тіл тобына жататындығы қыпшақтардың Еуразия жазықтықтарында саяси үстемдік орнатуымен байланысты. Еуразия даласының нақты бір аймағында, дәлірек айтсақ қазіргі Қазақстанның далалы аймақтарында ХІ - ХІІІ ғасырларда билігін жүргізген Қыпшақ мемлекеті моғолдардың жаулап алуына дейін үстемдік құрды. Бастапқыда Орта Азияның шығыс және солтүстік-шығыс жерлерінде өмір сүрген қыпшақ түріктері ХІ ғасырдың екінші жартысынан бастап Арал және Каспий теңізі арасында орналасқан оғыздардың жерін жаулап алады және де сол кезден бастап Еділ-Орал бойы, Солтүстік Кавказ өңірі, Қара Теңіздің солтүстік жағалауы мен Шығыс Еуропаға қоныс аудара бастайды. Осы қыпшақ тайпаларының бір бөлігі Еуразия даласының оңтүстік-батысына қарай жылжи келіп, Солтүстік Кавказ жерлеріне орнығады, екінші бөлігі оңтүстікке қарай бет алып, Грузия жеріне қоныстанады. Соңғы аялдама деп осы жерлерді таңдаған қыпшақтар, қарашай-балқар халқының этникалық тұрғысынан толық қалыптасуына себеп болады.
Византиялықтар тарапынан кунь, орыстар тарапынан половец деп аталған қыпшақтардың тоқсоба және бөржұлы рулары бастаған түріктердің көптеген тайпалары Шығыс Ресей және Қара Теңіз өңірінен Византия шекараларына, яғни Шығыс Еуропаға дейін созылған көшті өткерді. Қыпшақ мемлекетінің құрылуы, Еуразия даласында ондаған қыпшақ руларының елді-мекендерінің пайда болуы қыпшақ тілі тобының кең таралуына жол ашты.
Балқарлардың этникалық құрамына ықпал еткен тағы бір фактор монғол шапқыншылығымен байланысты. ХІІІ ғасырдың алғашқы ширегінде Орта Азияның шығысынан атқа қонған Шыңғыс хан басшылығындағы монғол және түрік тайпалары Солтүстік Кавказ бен оның маңайында (Еділ-Орал, Қара Теңіздің солтүстігі, Шығыс Ресей жазығы т.б.) билік құрған көптеген қыпшақ бейліктерін жаулап алды. Бұл аймақ кейіннен Алтын Ордаға (1224/1240-1383) тиесілі болды. Алтын Орда мемлекетінің ішінен Қазан (1438-1552), Қырым (1441-1783), Астрахан (1459-1556), Түмен (Сібір; 1468-1607), Өзбек (Әбілқайыр - 1428-1468; Шайбани - 1501-1601) және Қазақ хандықтары (1465-1822/1847), сондай-ақ Ноғай Ордасы (1440-1634) секілді жаңа мемлекеттер пайда болды. Аталған мемлекеттер ішінде Солтүстік Кавказда Қырым мен Астрахан хандықтары және Ноғай Ордасы саяси үстемдік құрып, ондағы жергілікті халыққа саяси-мәдени жағынан өз ықпалын жүргізген болатын. Осы кезеңде Солтүстік Кавказға Түркістан мен монғол жерінен келген түрік және түрік-монғол ру-тайпаларының саны артты. Олар ертеде келген туыс қыпшақ руларымен араласып, балқарлардың этникалық құрамына сіңіп кетті. Бұл жағдай бүгінгі балқар халқының мәдениеті мен тілінде байқалады. Мұны олардың тіліндегі шығыс қыпшақ тілінің (қазақ, қарақалпақ т.б.) және монғол тілінің элементтері айғақтайды.
Балқарлар кейінгі кезеңдерде, яғни Қырым хандығы құлаған соң (1783), Ресей империясының отарына айналады. Кавказдың Ресейге толық бағынышты болған 1880 жылдардан бастап қарашай-балқарлардың көбі Осман империясына көшуге мәжбүр болады. Осы кезеңде көшкен қарашай-балқарлардың бүгінгі ұрпақтарының 25 мыңға жуығы Түркияда, 10 мыңға жуығы Орта Шығыс – Сирияда, тағы бір бөлігі болса АҚШ-та өмір сүруде.
1818-1821 жылдар арасында Ресей патшалығы генерал А.П.Ермолов билігі арқылы Солтүстік Кавказдың жалғыз иесіне айналды. Осылайша балқарлар бір ғасырдан астам уақыт бойы Ресей патшалығына тәуелді болды.
1917 жылғы большевиктердің Қазан төңкерісінен кейін, 1918 жылы Кавказдағы халықтарда жеке ұлттық мемлекет құруға деген үміт пайда болды. Алайда «ақтар армиясының» қанды қырғынынан кейін бұл үміттің оты сөнді. Кейіннен олар «қызыл әскерлердің» де басқыншылығына ұшырайды. 1920 жылдан бастап Кеңес Одағының құрамында алынады. 1921 жылдың қаңтар айынан бастап КСРО-ның Таулы автономиялық КСР-і ішіндегі «Балқар» округіне айналды.
1942 жылдың тамыз айында Германияның әскері Кавказға басып кіріп, бес ай бойы билігін жүргізді. Осы уақытта балқарлар көп адам шығынына ұшырады. Аймақ 1943 жылдың басында неміс әскерінен тазаланып, жергілікті халық немістермен ымыраға келген «сатқындар» ретінде айыпталды. Осының салдарымен балқарлар мәжбүрлі түрде жер аударылды.
Сталиннің қазасынан кейін қарашай-балқарлардың табанды талаптарымен 1956 жылы Мәскеу билігі оларға атажұртына қайтуға рұқсат етті. 1957 жылы аймақ қайтадан «Қабарда-Балқар автономды облысы» болып қайта құрылды. Бұл облыс 1991 жылы Ресейге бағынышты автономиялық мемлекет ретінде танылды, артынша, Кеңес Одағы таратылған соң Ресей Федерациясының құрамында қалып қойды.
 
Қуғын-сүргіндегі жылдар
Кеңес Одағын  мекендеген халықтардың қай-қайсысы болсын Сталиндік  зорлық-зомбылықтан, геноцид  пен этноцидтен, саяси қуғын-сүргіннен аман  қалған жоқ. Тұтас бір халықтар – сенімсіз де  сатқын  ұлттар  қатарына жатқызылып, тарихи атамекенінен  күштеп жер аударылды. Кавказды мекен еткен балқарлар да осындай диктаторлық ассимиляцияға душар болды.
1942 жылдың жазында неміс әскерінің Кавказ жеріне кіруімен аймақта адам нанғысыз жағдайлар орын алды: 18-55 жас аралығындағы барлық ер адамдар  әскер қатарына алынды; әйелдер мен соғысуға қабілетсіз адамдарға қорғаныс міндеті жүктелді; халық түгел қарусыздандырылды. Немістер тамызда келіп, 1943 жылдың басында кері шегінді.  Қызыл әскер Қарашай мен Қабарда-Балқарияны кері алғаннан кейін,  неміс жансызы ретінде күдікке ілінген көптеген адам тұтқындалды. Бұл -  аймақтағы барлық ауыл адамдарын тұтқындау болып табылатын. Еңбекке жарамдылары мәжбүрлі түрде Нальчик пен Кисловодсктағы еңбек лагерлеріне жіберілді. Ол лагерлерден ешбірі кері  қайтпады. Жүруге жарамсыз балалар мен қарттар сол жерде-ақ атылды.
Балқарларға қарсы қуғындау әрекеті 1943 жылдың қараша айының соңында  Қабардай-Балқарияның Черек аймағындағы 4 ауылда 200-300 адамның  өлтірілуімен басталды.  Балқарлар немістермен ауызбіршілікте болды деген айыптауға негізделген Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің 1944 жылдың 8-9 наурызындағы «Балкар халқын депортациялау» шешімімен қазақ және қырғыз жеріне жаппай жер аударылды. Жер аудару әрекеті аяусыз озбырлықпен амалға асырылды. ІІХК-нің қарулы жасағы тұрғындарға тіпті ас-су, керек-жарақ заттарын алуына да мүмкіндік бермей, мал тасуға арналған жүк вагондарына тиеді. Егер жауапты адамдарға болмашы ғана наразылық білдірген жағдайда, сол жерде, тіпті пойызда жүріп келе жатып немесе аялдаған жерлерде жазаландырылды. Бір вагонға қамалған төрт-бес отбасыға бір-бір сәкіден ғана берілді. Суық күнде көшірілген балқарларға жолда азық-түлік, тіпті су да берілмеді. Станцияларға тоқтаған кезде тек бір адамға шәйнекпен су алуға немесе дәретхана ретінде қолданылған шелекті төгуге рұқсат етілді. Жолшыбай аштық пен суықтан сәбилер мен қарттар көп өлді. Оларды жерлеуге мүмкіндік болған жоқ, мәйітті тастап кетуге тура келді. Осындай айуандық шарттармен көшірілген балқар халқы Орта Азия мен Қазақстанның кең ауқымды кеңістігіне шашыраңқы түрде қоныстандырылды. (Балкарский народ был разбросан на огромных просторах Средней Азии и Казахстана). Қазақстанның Ақмола, Павлодар, Семей және оңтүстік өңірлеріне 4,660 отбасы (21,150 адам) балқарлардың қоныстандырылғаны туралы мәліметтер бар.
Қазақстанда қоныстанушылар клубтарға, бос қалған мешіттерге, ат қораларға, шошқа қораларға, қоймаларға орналастырылды. Мұндай орындар да жетпей қалғандары өздеріне жертөлелер қазып алды. Қоныстанушылар арасында эпидемиялық жұқпалы аурулар - іш аурулары, қызылша, дизентерия кең тарап, оба және тырысқақ аурулары, бит басу күшейіп кетті. Балқар халқының шаруашылығы тұрақталғанға дейінгі қоныстандыру үдерісі сегіз жылға созылды. Олар бұл уақыт аралығында жаңа климаттық жағдайларға бейімделуге, шаруашылықтың жаңа түрлерін меңгеруге, түрлі мәдениет пен тілді білуге мәжбүр болып, өте ауыр да азапты кезеңді өткерді. Өте ауыр тұрмыс жағдайы, нашар тамақтану, антисанитарлық жағдайда өмір сүру қоныс аударушылар арасындағы өлім-жетімді көбейтіп жіберді
ІІХК сүргіндегі балқарларды мынадай нұсқаулармен ерекше бақылауда ұстады: «құпия тапсырмалар бойынша шет мемлекеттің агенттерімен байланыс жасамау үшін «сенімсіз халықтарды» шекаралық аймақтарға орналастырмау»; «қашып кетпес үшін теміржолдардан алыс жерлерге орналастыру»; «бақылауға ыңғайлы болу үшін топтарымен орналастыру». Сонымен бірге олар әрдайым комендатураға барып, белгіленіп тұруы, тіпті көрші ауданға бару үшін де арнайы рұқсат алуы  тиіс болды. Олардың тұрмыс-тіршілігі, жүріс-тұрысы арнайы тағайындалған коменданттың мінез-құлқы мен көңіл-күйіне тікелей бағынышты болды.
Депортациялық саясаттың қатал жағдайында қазақ жеріне ешбір дүние-мүліксіз көшірілген халықтардың жан сақтауы тек қазақтардың туысқандық көмегінің арқасында ғана мүмкін болды. Қазақ халқы аштық зобалаңы мен саяси қуғын-сүргін қасіретін аз тартпаса да, қауіп-қатерге бас тіге отырып, қолындағы соңғы нанымен бөлісіп, тағдыр тәлкегіне түскен халықтарға ең қиын сәттерде қол ұшын беріп, баға жетпес көмек көрсетті. Зорлықпен көшірілген халықтар қилы заманда Қазақ өлкесінен пана тауып қана қойған жоқ, өздері және ұрпақтары үшін екінші Отанын тапты. Олар ездерінің ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, көпұлтты Қазақстаннан өздеріне лайықты орын тапты.
Кеңес үкіметі жер аударылғандардың ата-мекендеріндегі барлық құндылықтарын жоюға тырысты. Қаңырап қалған ол жерлерге қарқынды түрде орыс шаруалары қоныстандырылды және облыс, қала, тіпті мемлекет аттары өзгертіліп, іштей бөлшектенді. Қабарда-Балқарияның аты Кабардия болып ауыстырылды.
Сталиннің өлімінен кейін елді демократияландыру нышандары басталып, жер аударылған халықтың тұрмыс жағдайын  жақсартуға бағытталған шаралар қарастырылды. Партияның ХХ съезіндегі Н.С.Хрущевтің «Сталиннің жеке басына табынушылығын» сынаға мәлімдемесінен кейін балқарларға  қойылған «ерекше шектеулер» алынып тасталды, тіпті 1956 жылдың қарашасынан бастап атажұртқа кері қайту құқығы берілді.
Балқар мен қарашай халқының қайта оралуына рұқсат берілген бұйрықта оларға тағылған айыптардың негізсіздігі айтылмады, тіпті қуғындалуларының өзі заңды түрде орындалған деп көрсетілді. Үкімет қуғын-сүргін кезінде жоғалған мүлік жайлы қандай да бір өтемақы ұсынбады. Балқарлар кері оралғанда ешбір мұрағатсыз, мұражайсыз, атажұртын куәландыратын ұлттық ескерткіштерсіз қалғандарын, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан мәдени мирастың баға жетпес өрнектерінің жоғалғанын аңғарды. Қуғын-сүргін кезінде көнекөз қарттардың өмірден ерте өтуі аңыз-әңгімелер мен халық ертегілері сияқты ауыз әдебиеті үлгілерінің халық жадынан өшуіне себеп болды.
Ұлы Отан соғысы жылдары республикамызға эвакуацияланғандар саны 1941-1943 жж. аралығында 484149 адам болды. Кеңестік жүйенің депортациясына ұшырап, қуғындалған халықтарды одақ бойынша 100% деп алсақ, 1949 ж. 1 қаңтарындағы мəлімет бойынша солардың 36%-ы Қазақстанға тиесілі болған екен (Қазақстанның көпэтностылығының қалыптасу жолдары 2015: 25)

Балқарлардың халық саны және тұрғылықты жері
Солтүстік Кавказдың Қабарда-Балқария жерінен жалпы 37 103 балқар жер аударылса, олардың 4660 отбасын құрайтын 21,150 (57%) адамы (кей деректерде 16 684 адам) Қазақстанға қоныстандырылды. Бүгінгі таңда 8 наурыз балқар халқының депортацияланған қаралы күні болып саналады.
Халықаралық жобаның ашық сауалнамасындағы «Қазақстанға қашан келдіңіз?» сұрағына қатысқан 32 балқарлардың 68,7%-ы 1943 жылы, 6,2%-ы 1944 жылы деп жауап берсе, ал қалған 31,2%-ы жауап бермеген. Олардың қазақ жеріне келу себебін 71,8%-ы – жер аудару, 3,1%-ы – репрессия деп көрсетсе, 25%-ының ақпараты жоқ. Демек балқар диаспорасы өкілдерінің басым бөлігі көп этносты Қазақстанда өздерінің қалыптасу тарихын біледі.
1950-жылдардың соңына қарай балқарлардың айыпталуы алынып тасталды, сәйкесінше оларға деген қудалау әрекеті де тоқтатылды. Балқарлар елдеріне орала бастады.
Халық санағының қорытындысы бойынша Қазақстандағы балқар диаспорасы халқының динамикасы төмендегідей көрінеді:
1970 жылы – 2714 адам;
1979 жылы – 2258 адам;
1989 жылы – 2926 адам;
1999 жылы – 2079 адам;
2009 жылы – 1798 адам.
Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігінің деректеріне сәйкес балқарлардың халық саны дамуының көрсеткіші – кемімелі. Балқарлардың 1970 жылғы халық санағын 2009 жылғы халық санағы мәліметтерімен салыстырғанда 920 адамға (48,7%) азайғанын көреміз.
Балқарлардың халық санының азаюы олардың жаппай тарихи отанына оралуымен анықталады. Жобаның сұрақ-жауабына қатысқан балқарлардың атажұртқа қайту себептері «отанға деген сағыныш» сипатында көрінеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 14 сәуір 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңға қол қойды. Заңға сәйкес ақталған азаматтарға түрлі жеңілдіктер тағайындалды, соның ішінде балқарлардың да жағдайы жақсарып, 60 жасқа толғандарға зейнетақы берілді.
Қазіргі таңда екі мыңға жуық балқар этносы Қазақстанның Алматы, Павлодар, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында өмір сүруде. Халықаралық жобаның сауалнамасына қатысқан 36 балқардың Қазақстандағы тұрғылықты жері төмендегідей сипатта көрініс табады:
23  адам (63,9%) – Жамбыл облысында,
3 адам (8,3%) – Алматы облысында,
2 адам (5,6%) – Астанада,
2 адам (5,6%) –  Ақмола облысында тұратынын белгілесе,
6 адамның (16,7%) – мәліметі жоқ.
 
Балқарлардың ұлттық-мәдени бірлестіктері және олардың тілі мен мәдениетін қолдау жағдайы
Қазақстанның Алматы қаласында балқар диаспорасының қарашайлармен бірге 1996 жылы құрған ұлттық-мәдени орталығы жұмыс істеуде. Бұл орталықтың барлық мүшелері республиканың қоғамдық өміріне белсенді қатысады, оның алтауы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері болып табылады. Орталық құрамында «Минги тау» деп аталатын фольклорлық-этнографиялық би ансамблі де жұмыс істейді. Бірлестіктің 2000 жылы жастар секторы ашылды.
«Минги тау» қарашай-балқар этно-мәдени бірлестігінің Талдықорған, Астана, Тараз, Шымкент қалалары мен Павлодар облысының Шербақты және Успен аудандарында бөлімшелері де бар. Аталмыш бірлестік 2009 жылдан бастап «Минги Тау» деген атаумен әдеби-қоғамдық журнал да шығара бастады.
Қазақстандағы балқар халқының осында өмір сүретін басқа да этникалық топтар секілді барлық құқықтары қорғалған. Олар ұлттық салт-дәстүрлері мен мәдениетін, ана тілін сақтап қалған. Мысалы олар «жаңа түскен келінге бірден үш орамал салу», «келіннің бетін пышақпен ашу», баланы «бесікке салу», «қырқынан шығару» және «тұсауын кесу» секілді тұрмыстық дәстүрлердің барлығын өз ұлттық ерекшеліктерімен орындауда.
 
Тілдік жағдай
Балқар тілі – Қабарда-Балқария Республикасының (РФ) мемлекеттік тілі, Қазақстандағы балқар диаспорасының экзогенді тілі болып табылады.
Балқар тілі Батыс түрік тілдері тобының қыпшақ бұтағына тиесілі. Бұл тіл Солтүстік Кавказ жеріндегі құмық және ноғай тілдеріне ұқсауымен қатар, өзіндік ерекшеліктерге де ие. Сөздік қорына қарай  (лексикалық ерекшеліктері) жоғарыда аталған түркі тілдеріне жақын, ал фонетикалық ерекшелігі бойынша, жалпы түрік тіліндегі сөз басында й дауыссыз дыбысының орнына  ж-/дж- дауыссыз дыбысының келуі жағынан қыпшақ тобына кіретін түрік тілдеріне (қазақ, қыпшақ, өзбек-қыпшық тілдеріне) ұқсас болып келеді. Балқар тілі көбіне қарашай-балқар, не қарашай-малқар тілі болып танылады және зерттеушілер де түбірлес қос тілді қатар қарастырып келеді.
Негізінде балқар тілі Алтын Орда мемлекетінің орталық аймақтары болған Еділ-Орал алабы мен осы мемлекеттің батыс шегі – Қара теңіздің солтүстігі мен Қырым, сондай-ақ мемлекеттің оңтүстік-шығыс шегі – Хорезм аймағында қолданылған әдеби қыпшақ тілінің жалғасы болып табылатын қыпшақ тобы диалектілеріне өте жақын болып келеді. Дәлірек жазсақ, қырым және қазан татарларының тіліне, Хорезм аймағының кейбір қыпшақ говорларына, құмық пен ноғай тілдеріне өте ұқсас. Сондықтан қарашай-балқар тілдерінің қалыптасуын Алтын Орда мемлекетіне тән қыпшақ тілімен байланыстыра аламыз. Әсіресе, бұл тіл, кейбір дауысты дыбыстардың ерекшеліктерін есептемегенде,  қазан татарлары тіліне етене жақын.
Бүгінге дейін батыстық және отандық зерттеулерде қарашай-балқар тілі қарашай және балқар тілдері болып бөлек екі тіл ретінде қарастырылды. Мұндай қателіктің негізгі себебін көптеген зерттеушілердің аймақтағы халықпен тілдеспей, тек өзіне дейінгі жарияланған тілдік еңбектер мен сөздіктерге сүйенгендігімен түсіндіруге болады.
Қарашай-балқар тілі Қыпшақ тобы тілдерінің Кавказдағы шығыс тармағын қалыптастырды. Қарашай-балқарлар тілдерін Тау тілі немесе Тауша деп атайды. Қарашай-балқар тілі тарихи даму барысында екі үлкен диалектіге бөлінді. Бірақ ол қарашай, балқар болып бөлінбейді, өйткені Қарашай аймағы мен Балқардың Басхан, Чегем аңғарларында қолданылған, кейін олардың жазба тілі болған бұл тіл қандай да бір ерекшеліктерімен бөлектенбейді. Екінші диалект – Черек, Холам, Бызынды аңғарларында қолданылатын черек диалектісі.
Қазақстанның Тараз, Алматы қалалары мен Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы этно-мәдени орталықтар жанында қарашай-балқар тілін үйрететін жексенбілік мектептер жұмыс істеуде. Балқар тілі мүшелері арасында балқар диаспорасының өкілі бар отбасыларда қолданылып келеді.
 
Орфография (жазу ерекшелігі)
Қарашай-балқарлар 1924 жылға дейін араб әріптерін, 1924 жылы латын, 1937 жылдан бастап кириллицаны қолдана бастады. Кириллица негізіндегі әліпби де 1961 және 1964 жылдарында 2 рет өзгеріске ұшырады.
 
Сауалнама бойынша балқарлардың әлеуметтік-лингвистикалық жағдайын статистикалық талдаудың қорытындылары
Халықаралық жобаның 2014 жылдан бастап жүргізген далалық лингвистикалық зерттеулері Қазақстанның  түркі тілдері бойынша өте сирек тілдік материал жинауға мүмкіндік берді. Аудио және бейне жазбалардың материалдары құжатталды, содан кейін ауызша сөйлеудің әрбір үзіндісіне жеке транскрипция жасалды. Сұхбат аяқталғаннан кейін метамәліметтер сауалнамасы толтырылды. Қазіргі таңда Қазақстанда ресми түрде 1798 (бейресми мәлімет бойынша 3 000) балқарлар өмір сүріп жатса, олардың жалпы 36-сы сауалнама сұрақтарына жауап берді.
Сауалнама қорытындысы бойынша, балқар отбасыларының барлығы аталарының қазақ жеріне қашан және қандай жағдайда қоныс тепкенін дәл, әрі дәлелді ақпаратпен айтып бере алады. Сауалнаманың «Қашан көшіп келдіңіз?» деген сұрағына оған қатысушы 32 балқардың 22-сі (68,7%-ы) 1943 жылы, 2-і (6,2%-ы) 1944 жылы деп жауап берсе, келу себебін олардың 71,8%-ы – жер аударумен, 3,1%-ы – репрессиямен байланыстырады (25%-ының ақпараты жоқ). «Қазақстанға жер аударылдыңыз ба?/депортациядандыңыз ба?» сұрағына 22 адам (61,1%) – ия, 7 адам (19,4%) – жоқ деп жауап берген, ал тағы 7 адамның (19,4%) жауап мәліметі жоқ.
Қалай дегенмен де, олардың Қазақстанға қоныстандырылуының себебі, біз жоғарыда жазғанымыздай, Екінші Дүниежүзілік соғыста немістермен ымыраға келді деген айыптаумен жаппай мәжбүрлі түрде жер аударылуы болып табылады. Балқарлардың барлығы отбасыларының жер аударылып келгендерін білсе де, оны әлі де ашық түрде көрсетуден қорқатын секілді. Мыңдаған балқарлардың өмірін жалмаған депортация кезіндегі қорқыныш «ұлттық үрейге» айналып, бүгінгі оның ұрпақтарының этнопсихологиясында осындай жағдаймен көрініс тауып отыр.
Құжат бойынша ұлты: сауалнама жауап берген 35 респонденттің барлығы (100%) – балқар ұлтына тиесілі.
Этникалық өзін-өзі анықтау: 36 респонденттен 35 адам (97,2%) өздерін балқар деп таныса, 1 адам (2,8%) мәліметін ұсынбаған.
Балқар диаспорасы өкілдерінің дерлік барлығы төлқұжаты бойынша да, этникалық өзін-өзі танулары бойынша да балқар ұлтына тиесілі болып табылады. Балқарлар көбіне өз ұлтының өкілдерімен, қарашайлармен және қазақтармен некелеседі. Сауалнаманың қорытындыларын келесідей үлеспен көруге болады: 
Жауап берген 36 балқардың әкесінің ұлты: 33 адам (91,7%) – балқар; 1 адам (2,8%) – хемшилі түрігі; 2 адамның (5,6%) мәліметі анықталмаған. Талдау нәтижесі балқарлардың әке бағытында балқар ұлттың басымдылығын және тек хемшилі түрігі өкілінің қатыстылығын көрсетеді.
Ал анасының ұлты бойынша 5 ұлттың қатыстылығын көреміз: 10 адам (27,8%) – балқар; 9 адам (25%) – өзбек; 5 (13,9%) – татар; 4 (11,1%) – орыс; 1 (2,1%) – қазақ және 7 адамның (19,4) анасының ұлты анықталмаған. 
Осылайша, этникалық топтың қандай ұлт өкіліне жататындығына қарамастан, ұлттың жеке басын куәландыратын этникалық маркер әкелік желісі (балқар) болып табылады, яғни отбасында баланың ұлты әкесінің этникалық тобымен анықталады. Мұны балқар отбасыларында әке беделінің үстемдігімен және отбасының ислам менталитеті негізінде құрылатындығымен түсіндіруге болады. «Аралас некеден туған балалар қай ұлтқа жатады?» сұрағына жауап берген 38 адамның 25-і (65,7%) «әкесінің ұлтына байланысты» деп жауап берсе де, іс жүзінде олардың 25%-ы ғана балаларының ұлтын балқар деп көрсетеді. Алайда сауалнамаға жауап берген балқар отбасы мүшелерінің басым бөлігі (52,8%) балаларының ұлтын ресми құжатта қай этникалық топқа тиесілі екендігін ашық түрде білдіре бермейді.
Қазақстандағы балқар отбасыларында аралас неке басымдылықты құрайды және аралас некеге ешқандай шектеу қойылмаған, тек өте сирек тұрғыда кейбір отбасы (2,1%) орыстармен некелесуді құптамайды.
Балқардың аралас некелі отбасыларында ұлттық үлес салмақ келесідей көрінеді:
13 адам (36,1%) қазақтармен;
7 адам (19,4%) орыстармен,
1 адам (2,8%) - түріктермен,
1 адам (2,8%) – өзбектермен,
14 (38,9) адамның мәліметтері көрсетілмеген.
Ал аралас отбасыларда бала ұлтының белгіленуі төмендегідей сипатта көрініс табады:
9 (25%) баланың ұлты балқар деп жазылған,
7 адам (19,4%) баланың ұлты қазақ деп жазылған,
1 (2,8%) - баланың ұлты қарашай деп көрсетілген,
19 (52,8%) - баланың ұлты көрсетілмеген
 
Сауалнамаға жауап берушілердің барлығы ана тілінде білім алудың маңыздылығын түсінеді, алайда көнекөз қариялар қатарының сиреп бара жатқандығымен балқар тілінде сөйлейтін диаспора өкілдерінің азаюын, сәйкесінше олардың ана тілінің қолдану аясының тараюын өкінішпен белгіліп отыр. Олардың үлкен жастағы өкілдері ана тілінде еркін сөйлейді, орта буын өкілдері түсіне алса, ал жас буын мүлдем ана тілін білмейді. Балқар жастарының тілі орыс-қазақ билингвизмімен ерекшеленеді. Мұның себебін олардың көбіне қазақ (21 адам – 58,3%) және орыс (13 адам – 36,1%)  мектептерінде білім алуымен және жергілікті қазақ ұлтымен некелесуінің жиілеуімен байланыстырамыз.
Балқарлардың ана тіліне қатысты талдау қорытындысы келесідей:
Сауалнаманың отбасында мектеп жасына дейінгі балалармен қай тілде сөйлесесіз сұрағының жауабы бойынша қорытындысы: 
23 (63,9%) – тек қана қазақ тілінде;
8 (22,2%) – тек қана орыс тілінде;
2 (5,6%) – тек қана балқар тілінде
1 (2,1%) – тек қана қарашай тілінде;
2 (5,6) – мәліметі көрсетілмеген.
Сауалнаманың отбасында мектеп жасындағы балалармен қай тілде сөйлесесіз сұрағының жауабы бойынша қорытындысы: 
23 (63,9%) – тек қана қазақ тілінде;
8 (22,2%) – тек қана орыс тілінде;
2 (5,6) – тек қана балқар тілінде;
1 (2,1%) – тек қана қарашай тілінде;
2 (5,6) – мәліметі көрсетілмеген.
Сауалнаманың отбасында ересектермен қай тілде сөйлесесіз сұрағының жауабы бойынша қорытындысы: 
23 (63,9%) – тек қана қазақ тілінде;
8 (22,2%) – тек қана орыс тілінде;
2 (5,6) – тек қана балқар тілінде;
2 (5,6) –балқар және орыс тілінде;
1 (2,1%) – тек қана қарашай тілінде.
Сауалнаманың отбасында басқа ұлт өкілдерімен қай тілде сөйлесесіз сұрағының жауабы бойынша қорытындысы:
22 (61,1%) – тек қана қазақ тілінде;
9 (25%) – тек қана орыс тілінде;
2 (5,6) – қазақ және орыс тілінде;
3 (8,3%) – мәліметі көрсетілмеген.
Тілдік жағдайды талдаудың қорытындылары Қазақстандағы балқарлар үшін «тілдік фактордан» туындайтын мәселелердің жоқтығын көрсетеді. Балқарлардың көбі (63,9%) қазақ тілін еркін меңгерген және қазақ тілінде түсінісе алады. Респонденттердің көпшілігі тілдік негіздер бойынша олардың құқықтарын бұзу фактілерін белгілеген жоқ. Елдегі тілдік ахуалдың дамуы барысында балқар этникалық тобы өкілдерінің басым көпшілігі орыс тіліне нұқсан келтірместен қазақ тілін игеру қабілеттілігін арттырып келеді. Тіл саясатының неғұрлым қолайлы модельдері ретінде қазақстандық балқарлар мемлекеттік тіл – қазақ тілін және ресми тіл – орыс тілін қатар қолданатын «қостілді» болып келеді (96,8%). Бірақ ана тілінде еркін сөйлейтін балқарлар респонденттердің небәрі 13,8%-ын құрайды.
Сонымен, талдау қорытындысы бойынша:
34 адам (94,4%) – балқар, башқұрт, қазақ, қарашай және орыс тілдерінде еркін сөйлейді;
30 адам (93,7%) – балқар, қазақ, қарашай және орыс тілдерінде еркін оқиды;
20 адам (42,6%) – қазақ, қарашай және орыс тілдерінде еркін жазады;
25 адам (69,4%) – балқар, қазақ, қарашай және орыс тілдерінде еркін түсінісе алады;
32 адам (88,8%) – қазақ және орыс тілдерінде кітап, газет, журнал және хабарландыруларды еркін оқи алады;
23 адам (63,8%) – балқар, қазақ, және орыс тілдерінде дәріс, сұқбат, баяндама, телебағдарламалар мен радиохабарларды тыңдап, түсіне алады;
23 адамға (63,8%) – балқар, қазақ, және орыс тілдерінде концерттік және сахналық бағдарламалар тыңдау түсінікті;
23 адамға (63,8%) – қазақ және орыс тілдеріндегі фильмдерді олардың ана тілінде түсіндірудің қажеті жоқ деп жауап берген.
Барлық респонденттер өздерін өз ұлтының толыққанды мүшесі деп санайды. Балқарлар жеке тұлғасын белгілейтін факторларда, ең алдымен, өздерін өз ұлтының құндылықтарымен тұтас қарастырады (сауалнамаға жауап берген 36 адамның 33-і  (91,6%) ислам дінін ұстанады, тек 2-і (5,6%) христиан дініне сенеді), екінші кезекте — өздерін қазақстанның азаматы ретінде таниды (96,4%).
Қазақстандық балқар диаспорасының өкілдері қазақтар және елде тұратын басқа этникалық топтар арасында ешқандай қақтығыстар мен шиеленістер жоқ деп көрсетеді. Сауалнаманың бұл бөлімінде респонденттердің 36-сы (94,4%) ешбір қақтығыстың кездеспейтінін белгілесе, 2-і (5,6%) бұл сұрақтың жауабын білмейтінін білдірген.
Тұтастай алғанда, Қазақстанда белгілі бір «балқар мінез-құлық үлгісін» бөліп қарастыру мүмкін емес, алайда зерттеу нәтижесі бұл этникалық топтың мынадай екі ерекшелігін көрсетеді: оның бірі – қақтығыссыз әлеует болса, екіншісі – этносаралық өзара ықпалдастық үшін ашықтық деңгейінің жоғарылығы. Мысалы «Сіздің қоғамдастықтарыңызда қандай этностар арасындағы неке қабылданбайды?» сұрағына жауап берген 29 адамның 21-і (72,4%) ешбір этноспен некелесуге шектеу қойылмағандығын алға тартса, тек бір респондент (3,4%) орыстармен некелесуге болмайтынын білдірді. Бірақ іс жүзінде аралас неке олардың 66,1%-ында көрініс тапқан және оның ішінде 19,4% орыстармен некелескен.
Сауалнама жауаптары негізінде қазақстандық балқар халқының ұлттық дәстүрлерінен қол үзбегендігін көреміз. Мысалы «Гущэхэпхэ» (бешик той, баланы бесікке салу) балаға қырық күн толғанда жасалады. Баланы бесікке салғанда өмірінде нан көп болсын, аш қалмасын деп басына хычыне  нанын қояды (қарашайлар хычин наны деп атайды), аяғына ғұмыры балдай тәтті болсын деп бал қояды. Үйлену тойдағы келін бетін ашу рәсімінде келінді 3 ормалмен жауып қояды және оны пышақпен көтеріп ашады. Жаңадан түскен келін үлкендерге қатты сөйлемейді. Үлкендерді сыйлау мызғымас қағидат саналады. Мейрамдарда ұлттық тағам саналатын хычыне дайындалады. Хычыне тағамы дегеніміз – майға қуырылып пісірілген қаттама нан. Балқарлар тіл мерекесін, наурыз мерекесін тойлайды, қарашай-балқар халықтарының атақты ақындарының әдеби кештерін ұйымдастырып отырады.
«Сіздің этносыңыздың дәстүрлерін сақтауға қандай мүмкіншіліктер берілген?» деген сұраққа 24 (66,6%) респондент барлық мүмкіншіліктердің берілгенін белгіледі. Олар 2010 жылдың желтоқсан айында Жамбыл облысында «Қарашай және балқар – Бірлік» Республикалық қоғамдық бірлестігі филиалы құрылғандығын   мақтанышпен тілге тиек етіп, барлық мүмкіншіліктер беріліп, ешқандай қысымның жоқтығын, барлық мерекелерін мәдени орталықтарында еркін тойлайтындарын білдірді. Дегенмен де балқарлардың тұрмыс-салтында, тілдерінде қазақ халқының күшті әсері байқалады. Мысалы «Көрші этностардың әсерімен дәстүрлеріңізге қандай өзгерістер енген?» деген сұраққа жауап берген 20 респонденттің 13-і (65%) қазақ ұлтына тән салт-дәстүрлердің әсерін белгілесе, екеуі (10%) орыстардың аздаған ықпалының байқалатынын көрсетеді.
Балқар этносы, әдеттегідей, ауылшаруашылығы және мал шаруашылығымен айналысады, бірақ басқа да мамандықпен жұмыс істейтіндері де бар. Мысалы:
5 адам (13,9%) – мұғалім;
5 адам (13,9%) – жұмысшылар;
3 адам (8,3%) – басқа салада;
2 адам (5,6%) – мемлекеттік қызметкер;
2 адам (5,6%) – қызмет көрсету саласында;
2 адам (5,6%) – студент;
1 адам (2,8%) – сантехник;
1 адам (2,8%) – мемлекеттік мекемеде жұмысшы;
1 адам (2,8%) – мемлекеттік мекемеде жүргізуші;
1 адам (2,8%) – заңгер;
1 адам (2,8%) – зейнеткер;
1 адам (2,8%) – механик;
1 адам (2,8%) – оқушы;
1 адам (2,8%) – күзетші.
10 адам (27,8%) – мәліметі көрсетілмеген.
Балқар диаспорасы өкілдерінің басым бөлігі, яғни 29 адам (76,3%) ана тілдеріндегі халық ауыз әдебиетінің үлгілерін білмейді. Үлкен және орта жастағы балқарлардан бірі (2,6%)  «Нан мен Роза» хикаясын, Казым Мечидің «Жаралы жугъутур» поэмасын және бірі (2,6%)  Кайсын шығармашылығындағы «Нарттық эпостарды» білетінін жазды.
Қазақстандағы балқар диаспорасы өкілдерінің басқа да қазақстандық азаматтармен құқықтары бірдей қорғалуда. Қазақстанға мәжбүрлі жер аударумен қоныстанып, мұнда бiржолата қалған, оны өзiнiң екiншi отанына айналдырған балқарлар, ең алдымен, ауыр жағдайда қолұшын берген қазақ халқының бауырмал, меймандос көңiлiне, ақ пейiлiне ризашылықтарын білдіруде. Қазақстан Респудликасы тәуелсiздiк алған жылдарда оның Президентi Н.Ә.Назарбаев халықтар арасындағы бiрлiк пен достыққа, тең құқылық жағдайға ерекше мән берiп, тұрақты назарда ұстап келедi. ТМД елдерiнiң арасында алғаш Қазақстанда Халықтар ассамблеясы құрылып, тұрақты жұмыс iстеуi соның айғағы. Қазіргі таңда екі мыңға жуық, бейресми деректер бойынша үш мыңға таяу балқар көпұлтты Қазақстанның бір этностық тобын құрап, тату-тәтті өмір сүруде. Халықаралық жобаның зерттеу нәтижелері балқар халқының әлеуметтік-лингвистикалық жағдайының, мәдениетінің Қазақстандағы ұлтаралық келісім негізінде дамуын көрсетті.

Пайдаланылған әдебиеттер:
  1. Абаев М.К. Балкария. Нальчик, 1992.
  2. Абаев В. И. Общие элементы в языке осетин, балкарцев и карачаевцев. – Язык и мышление. 1933, № 1.   
  3. Анчабадзе, З.В. Кипчаки северного Кавказа по данным грузинских источников летописей ХI-ХIV вв. [Текст] / З.В.Анчабадзе // Материалы науч. сес. по проблеме происхождения балкар. и карачаев. народов. - Нальчик, I960.- С.113-126.
  4. Артамонов М.И. История Хазар. Л., 1962.
5.Н. Бугай. Иосиф Сталин — Лаврентию Берии: «Их надо депортировать»: Документы, факты, комментарии. — Москва: Дружба народов, 1992.  - 288 с.
  1. Карачаевцы. Балкарцы. Отв. ред. М.Д. Каракетов, Х. –М.А. Сабанчиев. Москва: Наука, 2014.
7.Казахская литература. Энциклопедический справочник. – Алматы: «Аруна Ltd», 2005.
8.
  1. Меликсет-бек Л.М. Хазары по древнеармянским источникам в связы с проблемой Моисея Хоренского // Исследования по истории культуры народов Востока. Сборник в честь академика И.А. Орбели. М.-Л., 1960. С. 112-118.
  2. Мизиев И.М. «Очерки истории и культуры Балкарии и Карачая XIII-XVIIIв.в.». Нальчик, 1991.
  3. Федоров Я.А. Историческая этнография Северного Кавказа. – Москва: Издательство Московского университета. -126 с.
  4. Чурсин Г.Ф. Очерки по этнологии Кавказа. - Тифлис: типография К.П. Козловского, 1913. -189 с.
  5. Этюды о Балкарии: Урусбиевы, Мисост Абаев, Басият Шаханов / ред. кол.: Р. М. Бегеулов [и др.]. — Нальчик: Эльбрус, 2007.
  6. Comins - Richmond W. Sovyetlerin Türk Halklarını Sürgün Etmesi // Türkler, 18. cilt. Ankara, 2002. s.872-876.
  7. Tavkul U. Karaçay-Malkar Dili ve Edebiyatı / Türkler, 20. Cilt. Ankara: Yeni Türkiye Yayınları, 2002. S. 565-577.
  8. Tavkul U. Kafkasya ve Çevresindeki Türk Toplulukları / Türkler, 20. Cilt. Ankara: Yeni Türkiye Yayınları, 2002. S. 489-519.
  9. http://tyurki.weebly.com

Бейне

А.А. Жалмырза
Powered by Create your own unique website with customizable templates.